Гиппократқа ант берген

Бүгінде Индира Ахметоллақызы бас гинеколог ретінде жоғарғы топтағы жүкті әйелдерді бақылап, күнделікті 30 әйелге дейін қабылдайды. Оларға тиісті шараларын қолданады. Қажет болған жағдайда жолдамамен облысқа жібереді. Барлық анализдерді теміржол емханасында тапсыртады. Мұнда мамандар да, дәрілер де жеткілікті деген уәжін жеткізді. Тіпті келіншектер екі ортада жол жүріп, уақытын жоғалтпау мақсатында басшылыққа ойлар қосып, жаңа жабдықтарға қол жеткізіп отыр. Дегенмен де бала сүйіп, перзентті болуға зар болып жүргендер де ақхалаттылардың көмегіне зәру екендігін алға тартты.
– Бедеуліктің себептері көп. Бедеулік көрсеткіші өндіріс орындары шоғырланған өңірлерде жоғары болып жатады. Кейбірі аяқтан суық өткізіп, алғашқы балаға түсік жасату әрекеттері арқылы денсаулыққа немқұрайлы қарап немесе басқа да оқыс жағдайлар әсерінен адам табиғи жолмен бала сүю мүмкіндігінен айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан әйел адам жылына бір рет гинекологтың тексеруінен өткені абзал.
Жұмыс барысында ешкімді алаламай, әрбір келген пациентке Гиппократқа ант берген маман ретінде қолдан келген көмекті аямаймын. Бар білімім мен тәжірибемді жинақтап, дәрігерлік кеңес беремін. Бізде тоғыз ай бойы жүктілікті бақылауға барлық мүмкіндік бар. Ана мен бала денсаулығына айрықша көңіл бөлінеді, – деді Индира Ахметтолақызы.
Аңыз адам Дінмұхаммед Қонаев бір жиында “Білсем деген талап қай жастағы, қандай дәрежедегі адамға да таптырмас қасиет. Елдің ықыласынан асқан сый жоқ” деген деседі. Осылайша Индира Опабекова әйелдер қауымының алғаусыз алғысына бөленуде. Ұжымдастары да ол жайында жақсы пікірде.
– Өзге қызметкерлерге қарағанда, Индираның адаммен сөйлесуі мен қарым-қатынасы бөлек. Жүргізген емі нәтижелі, өте білікті дәрігер, – дейді теміржол ауруханасының бас дәрігері Айгүл Құлмағамбетова.
Ал ұзақ жылдар бойғы қызметте жүрген кәнігі маман Серік Адаев: “Біз кез келген дәрігерді мақтай бермейміз. Соған лайықтысын ғана айрықша атап өтеміз. Индира қазір біліктілігін көтеріп, жан-жақты тәжірибемен толысқан маман ретінде қалыптасты. Ота жасауға да қатысады, “УЗИ” аппаратымен диагнозын шығарып, ем жасай береді. Қоғамдық жұмысқа да еш сылтаусыз белсене кіріседі. Осындай ерекшелігінің арқасында бірқатар марапатқа ие болды. Ауданда “Жылдың үздік дәрігері” номинациясы ұсынылды. Аурухана қызметкерлерінің жетістіктерімен біз де марқаямыз, – дейді медицина саласының тарланы.
Мемлекеттің басты байлығы адам деп танылады. Ендеше әрбір тұлғаның денсаулығын бақылайтын ақхалатты абзал жандардың қоғам алдындағы еңбегі елеулі.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА