Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүктіліктің алдын алуда жедел контрацепция зиян ба? Мамандар түсіндірді

Жүктіліктің алдын алуда жедел контрацепция зиян ба? Мамандар түсіндірді

Мамандар еліміздегі жыныстық сауаттың аздығы ерте жастан жүктілік пен әртүрлі инфекциялық ауруларға шалдығуға әкеліп жатқанын айтып, дабыл қағуда. Соған сәйкес, сарапшылар тиімді қорғаныс ретінде қолданылатын контрацепция әдісі жайлы көбі дұрыс ақпараттанбағанын айтады. Контрацепциялық препараттардың пайдасы қандай, зияны бар ма, оларды қалай қолданған жөн? Stan.kz тілшісі біліп көрді.
Gedeon Richter компаниясының жыл сайынғы “Ayelder dausy 2023” зерттеуінің нәтижесінде 72% әйел гинекологқа бармай, өз-өзін емдеуді жөн санайды екен. Маманға көрінбеудің салдары көбіне асқынулар мен ауыр зардаптарға әкеліп соғып жатады. Сол үшін де дәрігер қабылдауына ертерек жазылу өте маңызды. Деректерге сай, елімізде гинекологқа тұрақты барып тұратындар саны бір жыл ішінде 1%-ға өскен.
Контрацепция түсік тастаудың алдын алуға көмектеседі
Контрацепция – жоспарланбаған жүктіліктен қорғану әдісі. "Жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі қазақстандық ассоциация" (КМПА) директоры, Контрацепция жөніндегі еуропалық қоғамның Басқарма мүшесі, акушер-гинеколог Галина Гребенникова контрацепцияның дәстүрлі және заманауи болып екі түрге бөлінетінін жеткізді. Айтуынша, бүгінде бұл әдісті қолданып, осы туралы сауалдар жолдайтын әйелдер саны артып келеді.
“Әйелдердің өз денсаулығына қаншалықты мән беретіні өте маңызды. Олар жыл сайын міндетті түрде тексерістен өтуі шарт. Бұл тұста ерлер де жауапкершілікке жоспарлы түрде келуі керек.
Көпшілік гармондық контрацепциядан қорқып жатады. Гармондық препаратты контрацепция жоғары тиімділіктегі нәтиже береді. Ал тосқауыл түріндегі контрацепция түрлі инфекциядан қорғануға көмектеседі. Оған спираль, мүшеқаптар жатады”, – деді Галина Гребенникова.
Маман қарапайым түрдегі контрацепциялық препараттардан бөлек, трансдермалды контрацепцияның да кең таралып жатқанын тілге тиек етті. Айтуынша, мұнда денеге контрацепциялық жапсырма (пластырь) қойылады. Ол үш аптаға дейін әсер етеді.
Емізу кезінде гормоналды контрацепция қабылдау зиян емес
Gedeon Richter компаниясының зерттеу нәтижесіне сай, сауалнамаға қатысқан барлық әйелдердің 53%-ы емізу кезінде гормоналды контрацепция қабылдау туралы ешқашан естімегенін айтқан. Тек 11% әйел ғана осы кезеңде контрацепцияны қолданады екен.
“Әйелдерге босанғаннан соң да контрацепцияны қолдану өте маңызды. Көпшілігі бала емізу кезінде қайта жүктіліктен қоғаныс автоматты түрде болады деген түсінікке сенеді. Бұл табиғи әсер өте қысқа мерзімде ғана жұмыс істейді. Яғни 6 ай уақыт қана әйелдің организмі қайта жүктіліктен қорғауы мүмкін”, деді Галина Гребенникова.
Дәрігердің айтуынша контрацепциялық препараттар емізетін аналардың денсаулығына зиян болмайды.
“Мұндай кезде үш жағдайда қайта жүктіліктен табиғи қорғаныс жүреді. Олар: егер етеккір циклі әлі де қалыпқа келмеген болса, әйел күндіз де, түнде де бала емізсе, яғни емізу уақыты күндіз 4 сағат, түнде 6 сағаттан болса, нәресте 6 айдан аспаса ғана әйел организмінің табиғи түрдегі контрацепциясы лактация аменореясы жүреді. Ал сәбиі 6 айдан асқан соң бұл құбылыс тоқтайды. Сондықтан контрацепция әдісін қолданған жөн. Бұл аналардың денсаулығына зиян келтірмейді”, – деді Галина Александровна.
“Жасөспірімдер 44%-ы бірнеше адаммен жыныстық қатынасқа түседі”
Галина Гребенникованың айтуынша, жүргізілген зерттеулерге сай елімізде 44% жасөспірімдер бірнеше адаммен жыныстық қатынасқа түсетіні белгілі болған. Бұл инфекцияның таралу тәуекелдігін білдіреді.
“Осы тұста біздің контрацепция туралы ақпаратты кеңінен жеткізуіміз керек. Бұл инфекция мен түрлі аурулардың тарауына және жоспарсыз жүктіліктің алдын алуға көмектеседі. Контрацепция ерте жүктіліктен бұрын, түрлі инфекция мен жатыр обасы ауруларынан қорғайды”, – деп қосты маман.
Дәрігердің айтуынша, мүшеқапсыз жыныстық қатынас кезінде, түрлі жағдайда, тіпті жыныстық зорлық-зомбылық барысында, қалаусыз жүктіліктен қорғау үшін медицинада жедел контрацепция қолданылады.
“Көпшілік мұны зиян деп топшылап жатады. Бірақ бұл қате пікір. Шұғыл контрацепция біздің өмірімізде болуы шарт. Себебі бұл жоспарсыз жүктіліктің алдын алады. Ол тек бір реттік жағдайларда ғана қолданылады”, – деді маман.
Репродуктолог, жоғары санатты акушер-гинеколог Шолпан Кәрібаева елімізде ерте жастан жүкті болып, ата-анасына айтуға қорқып жүрген қыздардың көптігі алаңдататынын жеткізді. Гинекологтың айтуынша, мұның бәрі жүктіліктің алдын алуға болатын осындай тәсілдер туралы білімнің аздығынан орын алуда.
“Контрацепция бұл әйелдер денсаулығын қорғайды. Осы тұста ата-аналардың әлі де балаларына жыныстық сауаттылықты ашығынан айтпайтыны сезіледі.
Көпшіліктің көкейінде контрацепция, түсік тастау деген ұғымда. Олар одан кейін жүкті болу мүмкіндігі нашарлайды деп қорқады. Бірақ маман ретінде бұл қате пікір дер едім. Сондықтан алдымен өз қалауыңмен жүкті болу мен жоспарсыз жүктіліктің ара жігін ажырату маңызды”, – деді Шолпан Кеңесқызы.
14 қыркүйек 2023 ж. 107 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30