Қан құсып, қызу көтеріледі: Ресейде жаңа вирус тарағаны рас па?

Ресейде белгісіз вирустың таралуы тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл вирустың белгілері – ұзақ уақытқа созылатын дене қызуы, қатты жөтел және қан құсу. SHOT Telegram арнасының хабарлауынша, науқастар бірнеше апта бойы осы симптомдардан зардап шегіп, коронавирус пен тұмауға тапсырған тест нәтижелері теріс болып шыққан.
Жергілікті ақпарат көздерінің мәліметінше, дерттің алғашқы белгілері жеңіл жайсыздықтан басталады. Алайда бірнеше күннен кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, дене қызуы 39 градусқа дейін көтеріліп, ауыр жөтел пайда болады. Жұқтырған кейбір тұрғындар дәрі-дәрмек қабылдағанымен, жөтелдің басылмағанын айтып отыр. Дәрігерлер бұл жағдайды коронавирус немесе ЖРВИ деп болжағанымен, зертханалық анализдер мұны жоққа шығарған.
Ресейдің Тұтынушылар құқықтарын қорғау және адам әл-ауқатын қадағалау федералдық қызметі (Роспотребнадзор) ел аумағында қан аралас жөтелге себеп болатын беймәлім вирус туралы тараған ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді.
Ведомствоның мәлімдеуінше, Ресейде тұрақты эпидемиологиялық мониторинг пен геномдық қадағалау жүргізіліп отырады және қазіргі уақытқа дейін жаңа вирустар немесе маңызды мутациялары бар штаммдар анықталмаған.
Республика аумағында жүргізіліп отырған тұрақты эпидемиологиялық бақылау аясында жаңа вирустар да, айтарлықтай мутацияға ұшыраған вирустар да тіркелмеді, – деп хабарлады Роспотребнадзор өкілдері.
Сондай-ақ ведомство қазіргі таңда респираторлық инфекциялар тобына жататын аурулар – соның ішінде ЖРВИ, тұмау, COVID-19 және ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін пневмониялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты және бақылауда екенін атап өтті. Аурушаңдық деңгейі біртіндеп төмендеп келеді.