Бау-бақшасы жайқалған

Дәметкен Қонысованың айтуынша, Құдай қосқан жары Жаңалық Есқұлов жиырма шақты жыл бұрын Алматыдан арнайылап, алма бұталарын кесіп әкелген. Бұнысы үй алдындағы шағын аулаға бау-бақша егу еді. Сол кездері әкелінген «Апорт» сортын будандастырып, тағы ерте пісетін және күздік алма түрлерін шығарды.
– Қазір аулада иісі мұрын жарар үш түрлі алма мен екі түрлі жүзім және дәмі тіл үйірер шабдалының жемісін отбасы мүшелері қолданып жүр. Мұның бәрі қажырлы еңбектің арқасында шығады. Соның нәтижесінде жаздыгүні бау-бақша дақылдарын сатып алмайтындардың қатарынанбыз. Жаз бойы немерелім жеміс-жидектерді жегеннен денсаулықтары жақсы. Себебі аталған өнімдер құрамында адам ағзасына қажетті дәрумендер мол.
Бұдан бөлек көкөністерді де шамалап егеміз. Қияр, қызанақ, жуа және аскөк сынды ас мәзіріне пайдалы көкөністерді жаз бойы өсіреміз. Бұл біріншіден, отбасымды табиғи өніммен қамтамасыз етсе, екіншіден, немерелерім еңбектің наны тәтті екенін көзбен көріп өседі. Қол жұмысына шынығады, – дейді Дәметкен Сражадинқызы.
Дәметкен апа биология пәнінен сабақ беріп, зейнетке шыққан. Оның ауласында осы күні онға жуық алма ағашы, 1 түп өрік, 1 түп шабдалы және 2 түп жүзім жаз бойы жайқалып тұрады.
– Әр саналы азаматтың өмірде алдына қояр мақсаты – үй салып, ағаш отырғызып, ұрпақ өсіріп, оларды дұрыс тәрбиелеу болса, Жәкең де осы үш міндетін толық орындаған дей аламын. Ол Қахарман, Айгүл және Бауыржан есімді ұл-қызды тәрбиелеп, немерелерінің қызығын көрді.
Көктем басталысымен әрбір жеміс ағашының артық өскінін кесіп, ағаш түбін әктеп, оның топырағын құнарландыруға аса мән беруге күш саламын. Біле білсеңіз жасыл желектің денсаулыққа тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Үлкендіктен кей кезде бас ауырып, балтыр сыздағанда бау-бақшаның арам шөбін жұлып, суарып, оған ерекше көңіл бөлемін. Содан кейін айрықша аңқыған жұпар иістің әсерінен ауырғанымды ұмытып кетемін, – дейді Дәметкен апа.
«Егінші – мәрт, жер – жомарт». Қасиетті Жер Ананы қариядай күтіп, баладай баптай білсең еткен еңбек, төккен терің еселеп қайтары сөзсіз деп осындайда айтуға болады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА