Берекені арттырған бау-бақша
Қазалы қаласында жасыл желегі тербелген,бау-бақшасы жайқалған көрікті аулалар көп. Мұнда алғаш келгендер мен қонақ болғандардың айтуынша, Қазалы қаласы құдды бір орманды көз алдыңа елестетеді. Тіпті таза ауамен тыныстап, жанға жайлы тыныштықты іздесеңіз осында келугекеңес беретіндер де табылып жатады. Расында да әр үйдің іргесінде шағын бақша бар. Кейбірі өнімдерін күнделікті жеуге тұтынса, енді бірі көкөніс сатып, азды-көпті ырзық-несібесін айырады.
Ерте тұру Ерланның ескі әдеті. Бала кезден еңбекке жақын өскен ол бүгінде бақша баптаудың нағыз маманына айналған. Үйінің ауласын жасыл-желекпен көмкеріп қана қоймай, қала іргесіндегі бақшалық жерін де жайқалтып отыр.
Қазалы қаласындағы Қожаназаров көшесінің бойында бір-біріне қарама-қарсы қоныстанған қос үй ағайынды Ерлан мен Темірланға тиесілі. Бұл екі үйдің де есік алды жеміс ағашына толы. Сары өрік, қара өрік, шие, алмұрт, алма, жүзім бәрі-бәрі бар. Бұдан бөлек ерте көктемнен көкөніс егуді де қолға алады.
Жомарт жердің бабын тауып, ырзық-несібесін айырып отырған Ерлан Амандосұлынан: «Бақша егу ата кәсіп пе әлде бертін келе бастадыңыздар ма?» деп сұрағанымызда: «Ата кәсіп десем де болады. Жеміс ағаштарының басым бөлігін әкем өз қолымен еккен. Көзі тірі кезде ата-анамыз еңбекке баулыды. Бақшадан бөлек, мал шаруашылығымен де айналысамыз. Үйді де саламыз. Бұның барлығы әке-шешеміздің тәрбиесі деп санаймын», – деді.
Шынында да ерінбеген жанға еселеп несібе табуына болатындығын еңбекқор Ерлан Амандосұлының ауласындағы жылыжайға қарап тағы бір мәрте ұқтық. Қаз-қатар қойылған жылыжайдың ішінде бірыңғай қияр өсіреді. Ал қала іргесіндегі бақшалық жерінде үш мың түп қызанақ егіп тастаған.
– Жылыжай жұмысын қолға алғаныма көп болған жоқ. Десе де жемісін жедік. Оның қыр-сырын да үйреніп келеміз. Кәдімгі бақша баптаудан сәл болсада айырмашылығы бар. Қолға алған істің аяқсыз қалғанын әу бастан ұнатпайтын адаммын. Сондықтан жылыжайда қыс бойы қияр өсіруді қолға алдым. Нәтиже жаман емес. Жемісін жеп отырмыз, – деді жылыжайда өскен қиярын бізге ұсынып.
Ерлан орман шаруашылығы мекемесінде өрт сөндіруші. Жолдасы Салтанат Қазалы қалалық әкімшілікте әдіскер. Отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ата-ана. Ұлдары Диас пен Ілияс студент. Мирас пен қыздары Қасиет мектеп оқушысы.
– Қос үйде менікі, сенікі деген сөз жоқ. Балаларда екі үйдің ортасында жүреді. Келінім екеуміз жемістер мен көкөністерден тосап, шырын, салат дайындап аламыз. Айран пісіп, құрт қайнатамыз. Балаларға табиғи, таза өнім беріп үйреткенбіз. Жұмыстан кейін де барлығына үлгеріп жатырмыз. Істеймін деген адамға уақыт табылады, – дейді Салтанат Ражатова.
Бау-бақша береке бастауы. Оны күтіп-баптау, әркез суарып, арам шөптерін жұлу қажырлы еңбекті қажет етеді. Осындай берекелі істің бейнетін жеңіп, зейнетін көріп отырған Ерлан Лаевтың еңбекқорлығы қандай мақтау сөзге де лайықты.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА