Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұрым – сұлулық жайында бір ұғым

Бұрым – сұлулық жайында бір ұғым

«Аттың көркі – жалы, қыздың көркі – шашы». Иә, қазақта қыздың шашын күтіп өсіруді өнер санаған. Ол үшін оның шашын айранмен, қынамен жудырған. «Қос бұрым» немесе «бестемше» етіп өру бойжеткен қыздың көркі болған. Қазақ жырларында «Шашының ұзындығы ізін басқан», «Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты» деп әсем суреттеген. Сондай сұлулар бүгінде арамызда әлі бар.

«Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген xалық өлеңіндегі ғажап суреттеуден-ақ қазақ қызының шашының әр талын қалай қадірлегенін көруімізге болады. Қазір бұрымдылардан гөрі оны қысқа етіп қиып, түрлі түсті бояуларға бояп, жайып жүретін уақыт туды. Аналарымыз бен әжелеріміздің аузынан «Шашты жайып жүру – жаман ырым» деген сөзді естіп өсіп келе жатқанымызбен, шаш жіберуді сәнге айналдырып алғанымыз рас. «Заманына қарай адамы» дегенімізбен, осындай алмағайып заманда ежелден қалған ана дәстүрін жалғап, қолаң шаштың қадір-қасиетін жоғалтпай жүрген қазалылық қазақ қыздары бар. Соның бірі – Ақзия Хасенқызы. Ол Ғ.Мұратбаев атындағы №91 орта мектептің мектепалды тобының жетекшісі. 2021 жылы ауданда өткен байқауда «Бұрымды ару» атанып, бас жүлдеге ие болған. 27 жастағы бұрымды бір шаңырақтын түтінін түтетіп, 3 бала тәрбиелеп отырған аяулы жар, адал келін, ардақты ана. 8 сыныптан бастап бұрымына қайшының ұшы тимеген шашының ұзындығы 1 метр, 25 см. Ешқашан боялмаған, күйдірілмеген, кептірілмеген екен.
– Шаш күтімінің өзіндік сыры бар. Егер шашты айранмен жуса, шаш магниттік күшке ие болып, денеге, киімге тартылысы артады. Сол үшін пайдаланбаймын. Шаш жуған соң оны бірден фенмен кептіруге болмайды. Өйткені ол шаштың бойындағы құнарын кетіреді. Алдымен ылғал шашты тарап, 30-60 минуттай орап, түйіп қою керек. Содан кейін қайтадан ашып, тарау қажет. Сол кезде шаш өз нәрлігін жоғалтпайды. Шашымды мен 8 сынып оқып жүргеннен бастап өсірдім. Қазір 16 жыл болыпты. Содан бері қайшының ұшы тиген жоқ. Ең бірінші, шаштың күтімділігі – жайылмаған шаш. Қыз баласы шашын жаймау керек. Көп жағдайда қыздардың бойындағы күш-қуат, энергиясы осы шашпен және тіспен тікелей байланысты. Сол үшін әрдайым шашты жинап, күйдіретін құрылғылардан алыс ұстағанымыз жөн, – дейді Ақзия.
Ал Әлия Серікқызы 1984 жылы дүниеге келген. «Аида» жеке балабақшасында Ән әуез жетекшісі. 2005 жылдан бері шашын өсіріп келе жатқан ол ешқандай бояу тигізбегенін, табиғи түсін сақтап келгенін айтты. Бүгінде бұрымының ұзындығы – 1 метр, 20 см.
– Қолдан келсе зиянды қоспалары көп бояуларды қолданбау керек. Аптасына бір рет табиғи қоспалардан жасалған, шашқа арналған емдік маскаларды қолданып тұрса артық етпейді. Бұрым – қыз-келіншектердің бақыты мен абыройы деп санаған халқымыз көп бұрымның қасиеті де көп болады деген. Ертеректе қазақ қыздары еш уақытта шаш жаймаған. Бұрымын қос етіп өріп, жинап, шашпау тағып жүрген. Қазір бәрі солай етіп жүр деп айта алмаймын. Әйтсе де шашын жинап, бір қылын түсірмей түйіп қоятындар да жоқ емес. Бұрым қазақ ұлтына біткен бір ұғым десек те, қазір шаш өсірудің орнына оны қысқа етіп қиып, түрлі түсті бояуларға бояп, жайып жүретін арулар көп. Үлкендердің «Шашты жайып жүру – жаман ырым» деген сөзін бала күнімізден естіп өстік. Сол үшін шашты өріп, қасиетті құндылығымыздай бағалайық, – дейді Әлия Ермекбаева.
– Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін? – деп ұлы Абай жырлап өтті. Иә, нәзік жандылардың иығынан төгілген қолаң шашы талай жыраудың жырына, ақынның өлеңіне арқау болды емес пе? Айтып, айтпай не керек, бұрымды қазақ қыздары арамызда көбейе берсін демекпіз.

Айнұр ӘЛИ
08 наурыз 2025 ж. 386 0

Биіктей бер, бас қала!

05 шілде 2025 ж. 170

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031