Бұрымы ұзын бойжеткен
Қазақ қашаннан «қыз өссе елдің көркі» деген ұғымды ұлттық пайымға айналдыра білген ел. Білекті ұл, бұрымды қыз өсіруді өсиет қылып, өнеге еткен. Содан да болар "Қазақ қызы" десе, ә дегеннен-ақ көзімізге өрілген бұрым, шашбау, шолпы елестейді. Келбетіне қос бұрымы жарасқан бойжеткенді көре қалсақ, қызыға да қызғана да қарайтынымыз жасырын емес. Өйткені бұрымы тобығына төгілген арулардың әлемі тым бөлек. "Бұрымның киесі бар, соған лайық иесі бар" дейтініміз де содан болса керек.
Бұл мақаланы жазам деген ой інімінің үй ішінде Ғафу Қайырбековтың "Бұрымы ұзын қарындас" деген әнін әуелетіп жүргенінен туындады. Әлгі әннен соң, тақырыпқа сай кейіпкер іздедім. Статусыма жазылған жазбаға жақын араласатын сіңілім жауап берді. Өзінің Мереке Жұбанияз есімді құрбысы бар екендігін айтты. Дереу байланыс нөмірін алып хабарластым. Бүгінде қолаң шашын қиып тастап, сән қуған қыздардың арасынан бірден көзге түсетін бойжеткеннің бұрымын кеспей, өсіруінің себебін сұрағанымда:
– Қателеспесем, шашымды сегізінші сыныптан бастап өсіріп келемін. Оған дейін ұзындығын қысқартып, жиі қиып тұратынмын. Бір уақыт көпке дейін қимай жүрдім. Содан шашымның біраз өскенін байқадым. Сол ұзындық ұнаған соң, ары қарай өсіремін деп шештім. Содан бастап бүгінге дейін біраз өсті. Шыны керек, ұзын шашты күту де оңай емес. Жуғаннан кейін кептіру, тарау, әр күн сайын өру, жатарда тарқату секілді амалдарды көп қыздар машақат көреді. Ал бұл мен үшін үйреншікті дүние. Қыздың болмысы бұрымынан байқалады. Өткен дәуірдің өзінде-ақ арудың мінезін шолпысынан таныған. Бүгінде сол үрдіс үзілген жоқ. Сондықтан қыздар шашқа келгенде аса ұқыпты болуы тиіс деп есептеймін. Замандастарымның арасында сән қуып, батыстан келген үлгілерге еліктеп, шашын қиып тастайтындары бар. Дұрыс шығар. Бірақ бәрінен ұзын шаш сәнді көрінетін сияқты маған. Шаш үлгісін өзгертікісі келсе, оны қию шарт емес, меніңше. Заманға сай лайықтап, шаш үлгілерін жасаса да жарасар еді, – дейді Мереке.
Мерекемен әңгіме арасында "қысқа шашқа қызығатын сәттер болмай ма?" деп сұрғанбыз.
– Иә, кейде сондай ойлар болады. Бірақ қысқартып тастасам, кейін өкініп қалатын сияқты боламын. Осы ұзындықты сақтап қалғым келеді. Тек әр үш ай сайын ұшын ғана қысқартамын. Шашым қазір табиғи түсінде. Бұрын бірнеше рет бояғанмын. Оны органикалық қышқылдармен емдеп, түрлі шараларды қолданғанды құп көремін. Екі рет нанопластика жасаттым, – дейді ол.
Бойжеткеннің шаш күтіміне қатысты өзіндік ережесі де бар. Аптасына шашын екі немесе үш рет жуамын деген ол құрамында органикалық табиғи қоспалары бар арнайы жақпай майларды да жиі қолданатынын айтты. Ол шаштың сынғыштығының алдын алуына, жылтыр болуына, жұмсаруына, ылғалдылығын сақтап тұруына көмектесетін көрінеді.
Мерекенің әңгімесінен бұрынғылардан қалған тыйымдарға қатты мән беретінін аңғардым. Былайғы уақытта шашымды жайып, тарқатып жүрмеймін дегені соның дәлелі болса керек.
– Ертеректе қазақ қыздары еш уақытта шаш жаймаған. Бұрымын қос етіп өріп, жинап, шашпау тағып жүрген. Қазір бәрі солай етіп жүр деп айта алмаймын. Әйтсе де шашын жинап, бір қылын түсірмей түйіп қоятындар да жоқ емес. Әрине, жас болған соң, кейде арқама бос тастап жүретін кездер болады. Бірақ көбінде жинап қойғанды дұрыс көремін. Анам да үнемі "қыз баланың шашы жинақы тұрғаны дұрыс, солай етсе көзге биязы көрінеді" дегенді жиі айтады, – дейді Мереке.
Бұрым қазақ ұлтына біткен бір ұғым десек те, қазір шаш өсірудің орнына оны қысқа етіп қиып, түрлі түсті бояуларға бояп, жайып жүретін арулар көп. Аналарымыздың аузынан «Шашты жайып жүру – жаман ырым» деген сөзді күнде естіп жүрсек те, шаш жіберуді сәнге айналдырдық. "Заманына қарай адамы" деп жатамыз. Бірақ алмағайып заманда ата жолынан адасып, қолаң шаштың қадірін кетіру қазақ қызына сын болса керек-ті. Бірақ Мерекедей бұрымды бойжеткендер бар да қолаң шаштың қадір-қасиеті жоғалмасы анық.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ