Жібектей шашым болсын десеңіз...
«Аттың көркі – жалы, қыздың көркі – шашы». Қазақ қызы – шашбауының сылдыры алыстан естіліп, қою қара шашы белден төгілген. Ұяңдық пен қарапайымдылықты бойына жинап, инаббаттылықтың символы бола білген. Бұл біздің ерекшелік.
Бүгінде сол қазақ қызының сырт бейнесі мен ішкі сұлулығын қатар алып жүретін шәй құярлар саны азайды. Алайда, көптің арасынан қазақ қызын тез тануға болады. Себебі, ата-баба тәрбиесі өмірлік қанға сіңген. Қай қазақтың қызын алып қарасаң да жүзінен жылулық, бойынан ұяңдық көрініп тұрады. Осындай көрсең көзің тоятын, жаны мен тәні сұлу, қос бұрымын бағым деп, санайтын нәзік жандылар қатарында жерлесіміз Әнел Темірхан да бар. Тұла бойы өнерге толған Әнел «Бұрымды ару – 2023» облыстық телевизиялық байқауына облыс аумағынан қатысып, жеңімпаз атанған. Сүмбіл шашы сұлулығын арттырған Әнелден шаш өсірудің өзіндік құпиялары мен қыр-сырын сұрап, көрген едік.
– Жалпы, мен шашымды бала күнімнен күтіп, өсіруге ниеттендім. Осы орайда, қыздарға шаш күтіміне арналған 5 кеңес айтқым келеді. Себебі, шаш күтімі оңай іс емес. Шашыңыз ұзын болса, сусабынның алдында шашқа арналған кондиционерді қолданыңыз. Жуып болған соң, салқын сумен шайыңыз.
Сонымен қатар, өз шашыңызға сай сусабын таңдап, шамаңыз келгенше, кептіргіш немесе үтік қолданбаңыз. Ұзыншаш өсіргіңіз келсе, ай сайын 1 сантиметрден ұшын қиып отыру керек. Бұл шаштың сапасын сақтаудың ең жақсы әдісі, – дейді бұрымды бойжеткен.
Бізді «шашқа қалай күтім жасау керек?» деген сұрақ жиі толғандырады. Мамандар бұл сауал төңірегінде бірнеше кеңес береді. Мәселен, шашқа ең күрделі немесе қарапайым маска, бальзамдар жағып, күтінуден бұрын шашты дұрыс жууды білу керек. Шашты тым ыстық немесе тым салқын суға жууға болмайды. Шаш жууға арналған сусабынды шашыңызда ұзақ ұстамаған да абзал. Шашыңызды жуар алдында тарап, сулы бұрымыңызға саусақ ұштарымен массаж жасаңыз. Содан кейін ғана, әрі қарай арнайы күтімдер жасауға болады. Себебі, шаштың жылтырлығы, сау және жібектей болуы кез келгеннің арманы.
Шаш күтуде ең маңыздысы – іштен күтім жасау. Ол – дұрыс тамақтану және ішкі күйзелістерге жол бермеу. Ішкі жан қиналысыңыз сыртқы бейнеңізге көп жағдайда зиян келтіреді. Артық салмақ, беттегі қыртыс, сонымен бірге, шаштың мөлшерден көп түсуі. Осы факторлардың алдын алу да тек өз қолыңызда.
Шашты жуып болған соң, шаш кептіргіш құралды жиі қолданбаған дұрыс. Егер асығыс болсаңыз, немесе аса қажетті жағдайларда ғана кептірсеңіз, оның айыбы жоқ. Құрылғыны шашыңызға қатты жақын ұстамай, температураны да мөлшерден тыс көтермеген абзал. Алдымызда жадыраған жаз мезгілі. Ал шашыңыз күн астында күйіп кетпесін десеңіз, алдын ала күтім жасау қажет болады. Жаз айларында шашыңызға химиялық бұйралау, күйдіру секілді шашты әлсірететін процедуралар жасамаған жөн. Әлсіз шаш күнге шыққан соң, одан сайын бұзылып кету қаупі жоғары болады. Бұндай жағдайдан кейін шаштың қалыпқа келуі қиындай түседі.
Қазіргі уақытта бағасы арзан, алайда нәтижесі қымбат дүниелер жасауға болады. Ол үшін тек жалқаулықты жеңіп, мамандар айтатын үй жағдайындағы маскаларды ерінбей жасаған дұрыс. Қысқасы, қай кезде де өзіңізді жақсы көріп, еркелету жеткілікті.
Жанна МИХА