Кітаппен кемелденген қарттық
Халықаралық кітап сыйлау күні қарсаңында аудандық орталық кітапхана қызметкерлеріне хабарласып, кітапсүйер жандар туралы сұрадық. Бірнеше тұрақты оқырманды тілге тиек еткен кітапханашы Айнагүл Қонысқызы Серік Бәйменовтің есімін ерекше атады. Біз де кітапқұмар қариямен кездесуге ниетті екенімізді білдірдік. Межелі уақытта кітапхана бардық. Арадгер-ұстаз Серік аға бізден бұрын келіпті. Әдетінше кезекті кітаптарын алып жатыр екен.
Амандық-саулықтан кейін: «Қай қалаға барсам да ең бірінші кітап дүкеніне соғамын» деген Серік ағаның үйіндегі жеке кітапханасында алты жүзге жуық кітап бар. Бұл сақталғаны. Талай жылдан бері жиналған газет-журнал тігінділері өз алдына мол мұра.
– Мен тарихи кітаптарды оқығанды ұнатамын. Ең алғаш 4-сыныпта Сәбит Мұқановтың «Сырдария» романын оқып, тауыстым. Бертін келе көптеген тарихи оқиғалармен таныс болдым. Кітап оқу арқылы рухани кемелдендім. Білгенімнен білерім көп, – дейді аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы.
Қырық бес жылын ұстаздыққа арнап, шәкірттерді білім нәрімен сусындатқан Серік Бәйменов сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтынан физика-математика факультетін бітірген. Математик мұғалім мектеп оқушыларына арналған «Репетитор көмекші», «Математика және физика» ғылыми-әдістемелік журналдарында тәжірибесімен бөлісіп, тың дүниелерді ұсынып отырған. Ұстаз еңбегінің жемісі – білім шыңына шыққан шәкірті емес пе?! Бұл ретте Серік ағайдың ауыз толтыра айтары көп. Талай оқушысы ғылым әлеміне терең бойлады. Республикалық білім бәсекелерінде бағы жанғандары қаншама. Ұстаз ізін жалғап, математика пәнінің мақтаулы маманына айналғандары арамызда жүр.
– Алдымен мамандыққа адалдық керек. Бір мамандықты меңгерген екенсің, соның қыр-сырын жетік білуге талпыну аса маңызды. Бүгін ананы, ертең мынаны оқып жүрсең, тұрақсыздық болады. Ол еш нәтижеге жеткізбейді. Сондықтан мамандық таңдауда жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс,– дейді. Сондай-ақ «Математик болуыма ұстазым Құсайын Алпысбаевтың қосқан үлесі зор» деген Серік Бәйменов баланың пәнге деген қызығушылығын арттыра білген ұстазына алғыс білдірді.
Жоғарыда Серік Байменовтің тарихи шығармаларға жаны құмар екендігін айттық. Ел аузынан естіген немесе кітаптан оқыған оқиғасын әрі қарай іздеп, білгенін толықтыра түсетін кітапқұмар кейіпкеріміздің қолжазбаларының арасынан көзіміз шалып қалғаны ара-тұра арнау-жыр жазады екен. Көрініске сценарий дайындап, халықтың да тарихтан хабардар болғанын қалайды.
– Жоқ, балам мен ақын емеспін. Осылай бір іске белшеше кіріссем, жан дүниеммен кіріп кететін болсам керек, жыр жолдары өзі санама орнығып, ақ параққа төгілді. Қай істе де ынта керек. Ынтаң болып, көңілің ауып тұрса, алынбайтын қамал жоқ, – деген ардагер-ұстаз көпшілікке қанша жасқа келсе де білім алуды, кітап оқуды тоқтатпауды айтты.
Кітап – ең бағалы сыйлық. Оны сыйға алу да, біреуге беру де жарасымды. Ал оқып тауысу тіптен бөлек сезім. Осы ретте оқырманға алдыңғы буын аға толқынды таныстыра отырып, кітап оқудың кемелділігін көрсетуді жөн санадық.
Алғаш рет 2012 жылы Халықаралық кітап сыйлау күнін ағылшын жазушысы, екі баланың анасы – Эмма Перри ойлап тапқан екен. Ол Халықаралық кітап сыйлау күнің ұйымдастырушысы және үйлестірушісі. Ол туралы интернет желісінде Эмми Бродмур – әлеуметтік желіні белсенді блогері. Бір ұлы Эммиге дәл осы күні «Неге адамдар бір-біріне ешқандай себепсіз кітап сыйлайтын күн жоқ?» деген сауал қояды. Ешқандай жауап таба алмаған Эмми осы күнді кітап сыйлау күні деп белгілеп, әлеуметтік желі арқылы мерекенің танымалдылығын арттырған. Әлем халықтары бұл мерекені бір-біріне кітап сыйлау және кітап оқудан жарыс түрінде атап өтеді. Өтйкені бұл мерекенің басқа мерекелерден ерекшелігі – кітап сыйлау және оқырманның назарын кітапқа аудару, әдеби мұраларды құрметтеу және насихаттау деген мәлімет бар. Қалай десек те түсіне білгенге бұл мерекенің маңызы зор, мәні терең.
– Кітап жансарайыңды ашады. Кез келген ортада кез келген адаммен еркін тіл табысуыңа көмегі зор. Біліммен қаруланған адам ешқашан азбайды. Отырыс-жиындарда бәтуасы жоқ әңгіме айтқаннан, оқып білгеніңді, көкейге түйгеніңді бөлісе отырсаң, нұр үстіне нұр болмақ. Біздің замандастарымыздың қатарында кітап, журнал оқитындары көп. Ал жастарға «рухани байлық – асыл қазына» екенін ғана айтқым келеді, – деді әңгіме соңында ардагер-ұстаз Серік Бәйменов.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА