Кіші Арал – үмітті ертеңге жалғаған теңіз
Бір көргенде Аралдай найқалған теңізі бар Қызылорда облысы судан тапшылық болмайтындай көрінеді. Мұндағы жағдайды көзімен көрмеген жұрт солай ойлайтыны кәдік.
Жазға салым Сырдариядан келетін судың көлемі күрт түсіп кеткенде диқандар кәдімгідей абыржып қалған. Еткен еңбек рәсуа болып, судан қаңсыған шабындық, егін атаулы құрғап қалатындай жағдай болған. Алайда, облыс әкімдігі жоғарыға дабыл ұрып жүріп, жағдайды тез арада реттеп алды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ақшулан толқындары жағаны ұрып, маңайды өкірген өгіздей азан-қазан қылып жататын Арал теңізін кеңес өкіметінің солақай саясатының арқасында жоғалтып алдық. Өзімізден де болмай қалған жоқ. Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5 млрд текше метрден сәл асады. Қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов Шардара су қоймасы салынғаннан бері бір Аралдың суын көршілерге шүлен таратқандай бергеніміз жайында әлденеше рет айтқан.
Қырғыз Алатауының сай-саласындағы тау өзендерін Тоқтағұл ГЭС-іне жинап алған қырғыз ағайын қыста энергия алу жүйесіне өтеді. «Ойбай, өліп барамыңа» қарамайды. Шардара су қоймасындағы су қазандықтан асса, жолдағы бес аудан мен Қызылорда облысын қарғын су басады. Сондықтан, Арнасай арқылы Өзбекстанға сұрағанын беріп, өткізіп келдік. Осы қиын жағдайдан Мемлекет басшысының тапсырмасымен Көксарай су реттегішін салу арқылы құтылғандай болдық. Алайда, кейінгі жылдары су тапшылығы бәрібір сезіле бастады.
Солтүстік Аралды сақтап қалуда да шығынға тап болдық. Бұл жайында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихаттың ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде айтты.
– Өкінішке қарай, «Сырдария өзені арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау» жобасы бойынша Дүниежүзілік банкпен жүргізген жұмыстар біз күткен нәтижені бермеді. Дүниежүзілік банкпен келіссөз жүргізіп жатқанымызда жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз 2,5-3 млрд текше метр су кетіп жатты. Осылайша, 12 жылда 30 млрд текше метр суды жоғалттық. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Кіші Арал теңізінің көлемі 27 млрд текше метр су. Демек, осы жылдары біз Кіші Аралға қарағанда көбірек су жоғалтқанбыз. Одан бөлек, жыл өткен сайын жағдай үдей түсіп, тұрғындар үшін қауіп-қатер артып келеді. Сондықтан да, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін САРАТС-2 жобасының 4 компонентін республикалық бюджет есебінен жүзеге асыра бастау туралы шешім қабылданды, – деді ол.
Жағдай осындай екен деп қол қусырып, «тағдыр салды, мен көндім» деп отыратын заман емес. Басшы тығырықтан шығудың барлық жолдарын іздеп, негізгісін іске асырады. Облыс әкімі суды реттеудің негізгі тетігін мемлекет деңгейіне көтеріп, ұсынысы қолдау тапты. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен САРАТС-2 жобасының жаңа дәуірі басталды. Бұл туралы облыс басшысы жүлгелеп берген.
– Біздің аймақ Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқандығын және жоғарыда орналасқан көрші мемлекеттердің шешімдеріне толық тәуелділігімізді ескеретін болсақ, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жаңғырту стратегиялық сипатқа ие болады және өздеріңіз білетіндей, биыл біз үшін су тапшы болып отыр, – дейді ол.
Сондықтан, бірнеше жыл бойы судың қажетті көлемімен қамтамасыз етілген 188 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіруге бағытталған үш жобаны жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен «Ирригациялық және дренаждық жүйені жетілдіру» жобасының екінші фазасы 2017 жылы Жалағаш ауданындағы 15 мың гектар су шаруашылығы нысандарын төлқұжаттауды аяқтап, республиканың меншігіне өткізді. Қазіргі уақытта ирригациялық жүйені қалыпқа келтіру үшін республикалық бюджеттен 16 млрд теңге инвестиция тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар былтыр облыстың барлық ауданында тағы да 29 мың гектар суармалы жердің гидротехникалық құрылысын төлқұжаттау аяқталды. Бүгінде Жалағаш, Жаңақорған және Қазалы аудандарының нысандары республикалық меншікке толығымен берілді. Басқа аудандар бойынша да жұмыстар аяқталып келеді. Бұл халықаралық қаржы ұйымдары арқылы нысандарды қалыпқа келтіруге 13 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жобаның үшінші фазасын іске асыру аясында ағымдағы жылы тағы 144 мың га ирригациялық жүйені төлқұжаттау басталды. Үкімет жоспарына сәйкес осы жоба шеңберінде 4 облысқа тиесілі 312 мың гектар жер қамтылады. Облыстық құрылымдардың жүргізген мақсатты жұмыстарының нәтижесінде жобаға сай қайта қалыпқа келтірілетін жердің 50%-ке жуығы Қызылорда облысының үлесіне тиіп отыр. Бұл – болашақ үшін жақсы негіз.
Бірнеше жылдан бері үздіксіз жұмыс жүргізіп жатқан ең маңызды су жобасы Солтүстік Аралды сақтап қалуға бағытталған жоба. Үш компоненті (Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту, өзеннің Жалағаш ауданындағы «Қорғанша» және «Тұрымбет» учаскелеріндегі арнасын түзету және «Қызылорда» су торабында кешенді жөндеу жүргізу) «2017-2020 жылдарға арналған «Тасқын су қатерінің алдын алу және оны жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасы шеңберінде, ал бір компоненті (Қазалы ауданындағы Бірлік елді мекені жанында көпір құрылысын жүргізу) Аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асыру жоспарлануда.
«Қызылорда» су торабына кешенді жөндеу бойынша инвестициялық ұсыныс дайындалып, Ұлттық экономика министрлігінің экономикалық қорытындысы алынды. Қазіргі күні Ауыл шаруашылығы министрлігі жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге қаржы бөлдірту үшін Қаржы министрлігіне бюджеттік тапсырыс беруге қажетті экономикалық сараптаманы «Қазақстандық ТЖО орталығы» акционерлік орталығынан алуға қаржы-экономикалық негіздеме дайындап жатыр. Екі компонент бойынша Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту және Сырдария өзенінің Жалағаш ауданындағы «Қорғанша» және «Тұрымбет» учаскелеріндегі арнасын түзету бойынша облыстық бюджет есебінен жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді. Қазіргі таңда осы компоненттерді іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаржы тарту жұмысы жүргізілуде. Оны «2017-2020 жылдарға арналған «Тасқын су қатерінің алдын алу және оны жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасы шеңберінде іске асыруды жоспарлауда. Жобаның құны – 2,5 млрд теңге. Төртінші компонент – Қазалы ауданындағы Бірлік елді мекені жанындағы көпір құрылысын жүргізу бойынша ағымдағы жылы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалады. Содан кейін бұл компонент республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін Инвестициялар және даму министрлігіне ұсынылады. Осылайша, САРАТС-2 жобасын іске асыру жұмыстары басталып кетті деуге болады.
Мұнан бөлек, Солтүстік Арал жобасының қалған компоненттерін жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстар дайындалды.
Бірінші кезеңде ел бюджеті есебінен «Көкарал» бөгетінің беріктігін қамтамасыз ету және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталады. Жоба су ағызу құрылғысы бар «Көкарал» бөгетін нығайту және Сырдария өзенінің «Қарашалаң» және «Тұщыбас» көлдері арқылы өтетін тармағын қалпына келтіруді қарастырады. Екінші кезеңде Дүниежүзілік банк несиесі есебінен құрамына «Суармалы жерлердің ирригациялық-дренаждық жүйесін жетілдіру» жобасы қаралған «Арал өңірін одан әрі дамыту және экологиясын жақсарту» бағдарламасын коллекторлық-дренаждық суларды Арал теңізіне жеткізу мүмкіндігімен әзірлеу және іске асыру жоспарлануда. Бұл бір жағынан әлеуметтік-экономикалық дамуды жақсартып, тұрғындардың, әсіресе, суармалы жердің жай-күйіне тәуелді ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан суармалы жерлердің нашар жай-күйіне байланысты шығынды 40%-ке азайта отырып, Арал теңізіне түсетін су көлемін ұлғайтуға септеседі.
Облыс әкімінің айтуынша, осы бағдарлама аясында «Көкарал» бөгетінің төменгі жағында гидрологиялық және орман мелиоративті жұмыстарды жүргізуді қарастырамыз. Бұл сулы-батпақты алқапты қалыптастыру есебінен Арал өңірінің экологиясын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл отырғызуға және теңіздің шығыс жағалауында елді мекендерді құмның басуынан қорғайтын жасыл белдеу құруға мүмкіндік болады. Сонымен қатар Аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста тағы да екі су қоймасы – «Қараөзек» және «Күміскеткен» су қоймалары құрылысының мәселелері шешіліп жатыр. «Қараөзек» су қоймасы 1,5 млрд текше метр суға дейін жинақтайды. Яғни жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз жіберіліп жатқан, су аз кезеңде егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуге болатын 3 млрд текше метр судың жартысын сақтауға мүмкіндік береді. Шиелі ауданындағы «Күміскеткен» су қоймасы 600 млн текше метрге дейін су жинақтайтын болады.
Аймақта суландырудың осындай жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде әлемде су мәселесі өткір күйде тұр. Құрғақшылық дендеп, адамдар қатал табиғаттың ауыр сынымен бетпе-бет қалуда. Егер Елбасы САРАТС-2 жобасын қолдап, мемлекеттен қаржы бөлмегенде құрғаған Арал табанында отырған елге де оңай тимейтін еді. Бүгінгі қолға алынып жатқан мемлекеттік шаралар барлық қиын түйінді бірден шешіп тастамағанымен Кіші Аралды сақтау арқылы өңірдің тынысын ашты. Ауыл шаруашылығы әлеуетін көтеріп, шаруалардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Облыста экологияны сауықтыру және жұмыспен қамту мәселесі осылайша шешіліп келеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,