Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Болады ер бағына өнер серік

Болады ер бағына өнер серік

Кез келген ұлттың өзін даралайтын төл өнері, ұлттық коды болады. Қазақ өнеріндегі өлшеусіз орны бар үлкен шоғыр жыраулық-жыршылық дәстүр екені белгілі. Сыр топырағы ақындықтың алабөтен түрі, синкреттік өнерді қажет ететін сүлейлер шығармашылығымен дараланады. Ұрпағына ұлағаты қалған сүлей саңлақ, дүр ақын, ұлттық өнер ұстасы Нұртуған Кенжеғұлұлының шығармашылығындағы ерекшелік күні бүгінге дейін зерттеушілерді тәнті етіп келеді. Бүгінгі тақырып сол туралы болмақ...

Тәлімі мол төрт мектеп

Жыршылық өнер Алаш жұртына ортақ болса да, Сыр топырағында Жиен­бай, Нартай, Сәрсенбай, Нұртуған ақындардың жыр мектебін күні бүгінге дейін сақтап қалуымен құнды.
Сүлейлер туралы алғашқы ғылыми тұжырымды Шоқан Уәлиханов жазбаларынан кездестіреміз. Онда ғалым: «…Ата-бабалардың ерлігі туралы жыр-дастандарға дегенде, халықтың сүйіс­пеншілігінде шек жоқ, соншалықты мол мұраны ауыздан-ауызға, жазбасыз, баспасыз, алып даланың бір шетінен, екінші шетіне жеткізіп, ғасырлар бойы ойда сақтау, олардың (жыраулардың) суырып-салма (импровизаторлық) ғажап қабілетінің көрінісі болса керек» дейді.
Бұл өңірдегі өнер өресін өрістетушілер «сүлейлер» деп аталады.
Сүлейге қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «көне жыршы, суырыпсалма, жырау» деп анықтама берсе, көне түркі тілінде «соғыс құдайы» деген мағынаға ие болған деседі. Тақырып зерттеушілері ««Сүлей» «су иесі» деген мағына береді» дегенді айтып жүр. Су жағасында отырған жұрттың бұл сөзді жатырқамай қолдауына қарағанда, қисынға жанасады. Сондай-ақ қазақ тілінде бір баламаның екі атауын қатар қолданатын үрдіс ежелден бар. Біз білетін «Су иесі Сүлеймен» деген сөзбен байланыс туындауы бек мүмкін. Біздікі нұсқа, ал арғысы зерттеушілер жұмысы.
Сырдария біздің заманымызға дейін алғашқы мыңжылдықта адамзат өркениетінің киелі мекені, күллі Түркі жұртының атақонысы атанған. Тоғыз жолдың торабында орналасқан өңірдегі жағдайды ескерсек, өнердің саналуандық қыры болуы ұғынықты жағдай.
Терме толғаулық жырлар, шығыстық эпостық жырлар көп жырланған жерде Оғыз кезеңінен бастап Шығыстық хикаялар көптеп жырға қосылған.
Мұндағы жыраулар мектебі көркем әдебиеттің эстетикалық, теориялық талаптарына толық жауап беретін танымдық, әлеуметтік, тарихи тақырыптар қаузауымен де дараланады.

Бала ақынның бесігі

Сыр сүлейлерінің шоқтығы биік өкілінің бірегейі – Нұртуған Кенжеғұлұлы.
Ақын 1887 жылы Арал ауданы Аманөткел ауылы маңындағы Мырзабас, кей деректерде Мырзас, елді мекенінде дүниеге келеді. Небәрі 43 жыл өмір сүрген сүлей қазақ өнері көшін көш ілгері өрістетуге өлшеусіз үлес қосқан.
«Мен туыппын Мырзаста,
Сиыр жылдың күзінде».
Сәл ертерек жазбаппын
Өкінемін өзімде... ,
– деп өзі жырға қосқан Мырзас ақынға мәңгілік мекен болады.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, болашақ жыраудың бесігі, өскен ортасы, шыққан топырағы да өнерден алыс емес еді. Атасы Еспембет суырыпсалма ақындығымен сыйы артқан, ортасы алқалап, көпшілікте төрге оздырған сыйлы азамат болады. Өз әкесі Кенжеғұл дәулескер күйші екен. Оның қабілет-қарымын көзкөргендер аңыздай айтып кетеді. Анасы Айсұлу көне аңыздар мен шежірені жақсы білетін жан болған деседі.
Алайда мейірім-махаббатқа бала Нұртуған мейлінше қаныға алмауына, ата-анасының келте ғұмыры кедергі болады. Он жасында анасынан, он үш жасында әкесінен айырылып, жетімдіктік азабын ерте тартқан ұлды өмір ерте есейтеді. Алғаш ауылдағы бір байдың қойын бағып күнелткен бала, зердесіндегі сәулесін ояту үшін білім алуға, ізденуге ұмтылады. Алдымен ауыл молдасынан арабша хат таныған ол артынша Мұхамеди ишанның мешітінде білімін жалғастырады. Мешіт қабырғасында мұнан бөлек Шығыс шайырлары, қазақ ауыз әдебиеті шығармалары, Пушкин, Ломоносов туындыларының аудармалары оқытылады. Оқу орны зерек баланың жан-жақты ашылуына, алғашқы өлең­дерін жазуына жол ашады.
13-15 жасынан-ақ ауыл-аймаққа суырыпсалмалығымен танылған оның түрлі тақырыпты қамтыған шығар­маларымен бірге көлемі 6000 жолдан тұратын 6 эпостық хикаяны дүниеге әкелетін уақыты – бозбалалық кезеңі, яғни 19-20 жасқа аяқ басқан шағы еді.

Жүрекке жылы сөзді ұялатқан

Алғашқы эпикалық туындысы – «Едіге» жырын ақын жиырмадан асқан шағында тудырады. 1910-1920 жылдары жазған «Мәлімнияз-Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Қобы­лан­ды» сынды көлемді эпикалық жыр­лары қазақ халқының мол мұрасын толықтырады. 1920 жылдан өмірінің соңына дейін нақыл-терме, толғаулар, тарихи дастандар, тұрмыстық жырлар жазған.
«Ақ Кете Шерниязында» Махамбет пен Исатайдың ерлік дастанынан сыр шертсе, «Ақтабан шұбырындысы» қалмақтармен қақтығыстағы қанды оқиғаларды көз алдыңа оралтады. «Адалдыққа не жетсін», «Арғымақ сұлу көрінбес», «Адаспайды ақылды», «Әуелі сөйле, Жаппар хақтан» сынды терме-толғаулары мен хат-өлеңдері өмір мәні, адамгершілік қағидаты, әділетсіздік, татулық пен ұрпақ сабақтастығы туралы мәселелерді қаузайды.
«Мәлімнияз-Едіге», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай», «Ақ Кете Шернияз» дастандарының негізі оқиға негізінен алшақтамай, нәзирашылдық жанрмен жаңа өң, түр сипат бере отырып жырланады. «Қобыланды», «Ақтабан шұбырындыны» жырлауы автордың толысып, өзіне дейінгі өлең құрылысын толық меңгергендігін ұғындырады.
«Асыл ер өзін биік санамайды», «Адалдыққа не жетсін» толғаулары кеңінен танымалдыққа ие болуында үлкен сыр жатыр. Онда Нұртуған қазақ ерінің болмыс-бітімінің, азаматтық кредосының қандай болатынын өрнекті жырмен өріп, тура жолдан тайқығанның баратын жері туралы топшылайды.
«Болады ер бағына өнер серік», «Қанекей, тілім, сөйлеші» толғауында тіл өнердің құдіреті мен құрметі туралы мәлімдесе, «Ән туралы» деген толғау сөзінде:
Тыңдаушым нақышпенен ән салайын,
Басымды ән салдым деп шайқамаймын.
Ән дейтін сөз секілді ол да буын-буын,
Келтірсең сәніменен әннің түрін.
Құбылтып неше түрлі толғанады-ау,
Әр әннің лайықты білсең сөзін
– деп ән орындауға қойған талабын
тарқатады.
Қолдансаң сөз асылын,
Абайды біл,
Өзіңше даурыққанмен қаласың құр.
Жүрекке жылы сөзді ұялатқан
Ол мәңгі тарихтың төрінде тұр, 
– деп Абай мұрасын дәріптейді.

Кемеңгер көріпкелдік

«Мырзас дала болады, Аманөткел қала болады» келешекте өзі өскен орынның тарқап кететінін білген Нұртуған Кенжеғұлұлының болашақты болжаған қабілеті көпті тәнті етеді. Ақынның ауылдастары оның ауа райын, табиғат құбылыстарын күні бұрын біліп, болжам жасап отыратын қасиеттері болғанын аңыз қылып айтады.
1929 жылы Қазалыда Өтеген Бостыбайұлы есімді қайырымды бай ас береді. Айтулы басқосу аясында Ақтөбе мен Қармақшы аралығынан мыңдаған адамдар шақырылып, палуандар күресі, аламан ат бәйгесі, ақын-жыраулар сайысы өту жоспарланады. Бұл кез Нұртуғанның үлкен кеселді ауруға тап болған шағы еді.
Мырзас көлінің жағасына шатыр тіктіріп: «Өзіміздің ел қорғаған Сартай, Жанқожа, Ақтан, Жылқаман, Жылқайдар батырларымыз тұрғанда, сонау сары Ноғайдың батырларын жырға қосып, Содан болды ма, жазылмас ауруға тап болғаным» деп мұңға батыпты. Жаңаберген бастаған жыраулар Нұртуғанға сәлем беріп барады.
Жыраулар Нұртуғанның бір-бір жыр-термесін орындайды. Нұртуған риза болады. Қонақтар кетерде ша­йыр жастығының астынан бір парақ қағазды шығарып, өзінің соңғы жазған шығармасы екенін айтып, аста біреуінің оқып беруін қолқалайды
Дәріқұл жырау қолына алып оқи бастағанда, бәрі түсініксіз күйде қалады.
«Құлақ сал әсіретке, уа, Алашым!» деген жыр кер заманның келеңсіз істерін әшкерелеген екен. Ол қылышынан қан тамған биліктің түймедейді түйедей етіп, тырнақ астынан кір іздеген тұсы еді. Соны ұғынған көпшілік үнсіз тұрғанда, ең жасы Жәмет: «Мен айтамын! Нұрекеңнен қалған жан, тәуекел!» деп еңкейіп келіп қағазды алады.
Сонда Нұртуған қайта басын көтеріп: «Жәметжан, сен бұл өлеңді айтқанда, «Үштіктің» адамдары келіп, сені ұстап алуы мүмкін. Сол кезде: «Бұл өлең менікі емес, Нұртуған деген баскесердікі. Бір түнде он шақты адамымен келіп, байлап алып, Мырзас көлінің жағасына апарып, тамағыма қанжарын тақап тұрып: «Мына өлеңді ертең Қазалыда болатын үлкен аста орындайсың. Орындамасаң, түбінде қатын-балаңды осы жерге әкеліп, көзіңше бауыздап, артынан өзіңді өлтіремін!» деді. «Жан үшін қорыққаннан айттым», деп шырылда! Ал сендер, айнала қоршап, оның шындығын дәлелдеңдер. Маған келіп жатса, «төрімнен көрім жақын» адаммын» деді.
Жәмет жырды борандатып орындағанда, «Үштіктің» тыңшылары келіп, ұстайды. Ұстазы Нұртуғанның берген ақыл-кеңесін қолданып, тығырықтан тұтылмай шығады.
Өтеген Жаппарханның «Көріпкел ақын» атты мақаласында екінші дүниежүзілік соғыстың болатынын қазақ даласында тұңғыш рет, яғни 12 жыл бұрын болжаған қазақ ақыны Нұртуған екені жеткізілген.
Автор сөзіне Сыр сүлейінің «Құбыла бетке көз салдым» деген 1929 жылдың маусым айында жазылған толғау өлеңі толық айғақ бола алатынын айтады.
Шығарма мазмұнындағы өзін сол зұлматты көрсетпей алуын тілеген тілеуін өнер үшін жазылған жолдар деу қисынсыз.
Ақынның айтқаны айнымай келіп, сұрапылда екі арыстай ұлы шейіт болады.
Құбыла бетке көз салсам,
Отырып, шарта жүгініп.
Көкті басты сұр бұлт,
Ала-қиғаш жөңкіліп.
Дүние қарап болғандай,
Жердің жүзін су алып.
Осы арасын ойласам,
Кетеді жүзім қуарып.
Қиямет-қайым келгендей,
Шамаласам ой салып,
Күнбатыстан өрт шығады,
Әуелі жанып-тұтанып.
Сөндірмекке сол өртті,
Еркек кіндік қалмайды
Шығады бәрі аттанып.
Азаматтың басына,
Күн туады қайғылы,
Қоңыраулы найза сапталып.
Інілерім соған түс келіп,
Сүрінбесе болар еді,
Қазулы орға арандап.
Белегір таудан аса алмай,
Шалдықпаса болар еді,
Сол арада шабандап.
Айып етпе, аға-інім,
Ойласам болжап бағамдап.
Айтып кетіп барамын
Болашақ істі шамалап.
Қуат бер, Алла, тіліме,
Болжаған соң сөйлейін
Алды-артын баяндап.
Ерлерге кілең таланды,
Тап келмесе болар ед,
Құрулы қақпан, ау-тұзақ.
Еңсесін жаңа көтеріп,
Еркіндік алған ел мынау
Көргелі тұр ма жау-тозақ?!
Қан төгіліп халықтан,
Аспан мен жерден аралас,
Атылар мылтық тарсылдап.
Ақыл иесі данышпан
Мәскеуде тұрып сөз айтар
Бұйрық беріп саңқылдап!
Кең қанат жайған қалың өрт,
Тұтанып жылжыр тұс-тұстан,
Шығысқа қарай жалаңдап.
Қарағай ағаш үйлердің
Жанады бәрі сатырлап,
Өртенер қала, дала, бақ.
Шарпуы тиіп сол өрттің,
Елден кеткен ерлердің
Біразы қалар андыздап.
Біразы елге қосылар
Бір мүшеден айрылып,
Анда-санда жалғыздап.
Кім өледі, кім қалады?
Ойым анық жетпей тұр
Айтуға мұны нақтырақ.
Көзім анық көрмейді
Сағым мен қоса жас бұлап!
Ақынның бұл кезеңді көрмей, одан он бір жыл бұрын қайтыс болса да, өлеңде соғыс суреттері көзбен көргендей жырлайды. Батыстан өрт тұтанып, Шығысқа бет алғаны, оған күллі еркек аттанғаны, мылтық пен бомба жарқылы, Мәскеуден бұйрық берілгенін айнытпай айта алуды көрегендік демей, не деуге болады?..

Мырзастағы жыр мектебі

Бір қызығы, көзі тірісінде Нұртуған «жырау» деген атақты алмаған көрінеді. Алайда Арал өңірінде қалыптастырған дәстүрлі жыршылық, ақындық өнер мектебін қалдыру сүбелі іс.
Шығармашылық өнер ордасы 1910 жылдар шамасында құрылады. Нұртуған ел аралап, суырыпсалмалық, орындаушылық қабілеті бар дарынды жастарды айналасына жинайды. Жыр мектебінің репертуарын қалыптастырғаннан кейін, жыраулық өнерді соңына ерген бірнеше шәкіртке үйретеді.
Халық жыраулары атанған бұл өкілдер Жәмет, Көпжасар, Дәріғұлдар жыр мектебінің даңқын күллі алаш жұртына әйгілі етеді.
Нұртуған баулыған шәкірттердің барлығы да оның айналасындағы адамдар еді. Мәселен, Бақытжан Жұбаназарұлы, Еңсепбай Оразалиев, Көпжасар Көптілеуұлы аталас бауырлары болса, Дәріғұл Өмірқұлұлы бөлесі, Жәмет Сайымұлы жиені.
«Жыраулық өнер әскери және идеологиялық мақсатта дамыған» деген толық тұжырым бар. Бұл дәстүрлі жыр мектебінен сусындаған дала даңғайырлары бабалар мұратын жеткізуші алтын көпір болумен бірге, өздері өмір сүрген кезеңде замана жүгін көтеріп, елді рухтандыру, мәдени азықтандыруда үлкен үлесімен танылды.
Мектептің өз жүйесі, талабы болған. Ізбасарларына алдымен көрермен түгел жиналып, жыраудың өз бабына келгенінше орындауға болатын терме-толғауларды меңгертеді. «Беташар», «Тойбастар», «Мақтау» жыр түрлеріне машықтанған жан ғана өз қабілетіне қарай «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» сынды күрделі толғауларды жаттауына ден қойған. Ұстазының талап үдесінен табылып, ақынның 4 дастаны мен ондаған өлеңдерін жатқа айтатын алғашқы шәкірттерінің бірі – Бақытжан Жұбаназарұлы болыпты. Одан бөлек Жаңаберген, Дәріғұл, Еңсепбай, Көпжасар, Құлжан, Смағұл, Әбілхан, Кәрібоз, Жәметтер жолын жалғайды. Бұл жыраулардың әрбірінің өзіне тән ерекшелігі болған.
«Жәметке» деген толғауында:
Әуелі хат таныттым Жәмет жанға.
Сарғайған күндер өтті ұзақ таңға.
Мен сені уәдеде тұрады деп –
Күтемін жырау етіп шығарғанда,
– деп сенім артуы тек емес. Жәмет Сайымұлы Нұртуған мұраларын жеті күн жырлап, мектепті 60-жылдарға дейін ұстап келген жан.
Нұртуған ақын іргесін қалаған дәстүрлі мектеп әлі күнге дейін орныққан, орны бөлек кенен мұра кеншілері саналады. Дәстүрлі әнші, профессор Ұлжан Байбосынова Сыр мектебінде бір-бірін жырға қосып, елге танытатын үрдіс қалыптасқанын айтады. Мектеп өкілдері өздерінен бұрын өткен, үзеңгілес және ізіне ерген ақын-жыршыларға, жыраулар өнерлерін насихаттауға барынша мұрындық болған.
Өткен ғасырдың 80-жылдары төл өнер тынысы тарылып, жойылу қаупінде тұрғанда, Нұртуғанның жыр мектебін қайта құрып, халық қажетін өтеуге күш жұмылдырады. Өрісті істің басында тұрған Әбілхан Маханұлы мен күйші Қаппар Жармағанбетов есімін айтпай кетуге болмайды.
Нұртуған мектебінің тәлімін алған Дәріғұлдың даңғыл жолын Берекет Омарұлы лайықты жалғады.
Соңына:
Махаббат, мейірім, ынсап, қанағаттық,
Ар, ұят, қайрат, жігер, сабыр, сақтық,
Таза ой, таза ақыл, таза ниет,
Сақтайтын осыларды жүрек сандық.
– деген сүбелі жолдар қалдырған Нұртуған жырау адалдықтың арын кірлетпеген, адамдық пен адалдыққа жаршы болған айтулы азамат.
Өмірінің сегіз жылын ауыр науқаспен өткізген Нұртуған Кенжеғұлұлы дендеген дертке қаймықпай, кейінгі ұрпағына 40 мың жолға жететін жақұт қазына қалдырады. Нұртуған жыраулық мектебін жалғаушы ақын-жыраулар өзі түлеген Арал, көршілес Қазалы аудандарынан бөлек Ақтөбе облысы, Қарақалпақ республикасында да әлі күнге дейін бар.«Өнерліге өлім жоқ» деген осы шығар.
Дайындаған
Алтын МЕЙІРХАНОВА
02 қараша 2024 ж. 179 0

ЕGov-та жаңа қызмет пайда болды

26 желтоқсан 2024 ж. 95

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031