Табандылық – табыстың кілті

Төрт түлікті тіршілігінің тірегі етіп, көшпенді өмірге бейімделген халқымыз сүтін сусын, етін азық, терісі мен жүнін киім, өзін көлік еткен. Оның ішінде қыл құйрықты жылқыға айрықша көңіл бөліп, үйір-үйір өсірген. Санына ғана емес, сапасына да мән беріп, тұқымын жақсартып отырған. Ертеңін ойлап, болашағына көрегендікпен көз жіберген бұрынғылар: «Үш бие бұлақ, екі бие ел асы, бір бие жоқтың қасы» деген тоқтамға келген. Сондағысы бие өсірудің ерекше қажетті екенін ескергені.
Бүгінде Ақтан батыр ауылының тұрғыны Алпысбай Ойысбайұлы тиімді қағиданы бұлжытпай орындап отыр. Қорада бие байлап, саумал сауып отыр. Өзімен қоса жақын-жуықтарын шипалы сусынмен қамтамасыз етіп келеді.
Қымыздың барлық талабын сақтап баптағандықтан дәмі бөлек, бағасы да қолжетімді. Өзгелердің өнімінен артықшылығын байқаған ауыл жұртшылығы қымызды сарқып сатып әкетеді.
Ол І-топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар қатарында болғанына қарамастан таң атысынан, кеш батысына дейін тынбай еңбек етеді. Ұлдары Оралхан мен Қыдыржанға да жылқыны баптау тәсілдерін үйреткен.
Оның айтуынша, ең алғашқы рет буын ауруынан 23 жасында соққы алып, құлаған. Қызылордада білікті дәрігерге көрініп, емделіп шыққан. Екі жылдан соң шаңырақ көтерген ол көп ұзамай тағы төсек тартады. Ұзақ ем алса да қол арбаға таңылады. Денсаулығын күйттеп, жылқы еті мен қымыз ішіп, пайдасын түсінгесін оны бағуға ықылас қояды. Соның арқасында осы күні қолына кетпен ұстап, аулаға бау-бақша егумен де айналысады. Үй іргесінде жүзім, шие, өрік ағаштары, тәтті бұрыш, сәбіз-жуа, аскөк, қызанақ пен қияр, тағы басқа да өнімдер көктеп тұр. Бұл күндері Алпысбай Рахмет Құдай қосқан жары Айгүлмен бірге екі қыз бен екі ұл тәрбиелеп отырған бақытты жан.
«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» осыны санасына мықтап сақтаған адам, аштан өлмейді деген ойын жеткізді Алпысбай Ойысбайұлы. Оның айтуынша, төрт түліктің, оның ішінде бие сүті – саумалдың емдік қасиеті мол. Әсіресе бірінші рет құлындаған, қулық биенің сүті сақа биелерге қарағанда әлдеқайда қуатты болады. Ғылыми зерттеу бойынша саумал бала емізетін әйел сүтінің құнарлығымен пара-пар. Биеден алғаш сауылып алынған сүт – бойында бүкіл дәрумендерін, табиғи құрамын, тағамдық құндылығын жоймағандықтан саумал деп аталады. Одан кейін барып ол сүтке айналады. Арада біршама уақыт өткеннен кейін ғана ашып, қымыз болады.
– Ұлттық сусынды «Сары қымыз – ауруға дәрі қымыз» дегенді бабалар баяғыда айтып кеткен. Дегенмен біршама уақыт төрт түліктен қол үзіп қалған жұрт оның шын мәнінде шипалы екендігін енді ұғынуда. Осы күндері бие сүтін жаңа сауған саумал күйінде ем үшін пайдалану жаппай үрдіске айналды. Бұл ретте өзімнің тұрақты тұтынушыларым бар. Денсаулығын жақсарту мақсатында емдік шипасы үшін күнделікті ішіп тұрады.
Қымыз адамның физикалық жағдайын да күшейтумен бірге, тәбет ашып, ас қорытуды жақсартуға да ықпал етеді. Жалпы, оны ішудің өз тәртібі бар. Асты қорыту үшін ащы қымыз ішкен пайдалы. Асқазаны ауыратындарға ащы қымыз жақпайды. Оларға тұщы немесе саумал ішу керек. Пайдалы сусынды ішкенде 100-200 грамм ғана ішіп, ағзаны соған үйреткен жөн. Көп мөлшерде ішілсе, ішкі құрылысқа зияны тиеді. Дегенмен бал татыған ағарғанның емдік қасиеті зор. Ол адамның күш-қуатын арттырады. Бүйрек пен бауырдың жұмысын реттейді. Қан тамырларын тазалайды. Жүйкені тыныштандырады, – дейді шаруа.
Еңбекқор азаматтың мәлімдеуінше, бүгінде жылқының еті, сүті, майы, терісі, жал-құйрығы, тезегі бәрі тұрмыстық қажеттілікке жаратылуда. Бұрынғылар бие сүтін ашыту арқылы нәрлі тағам, қасиетті сусын ретінде тұтынған. Оның ашытылмаған түрін «саумал», ашытылғанын «қымыз» деп атаған. Жас балалар мен қарттар және науқас адамдар негізінен бие сүтін ашытпай, саумал күйінде пайдаланған. Ал сыйлы қонақтар мен құрметті адамдарға бабына келтіріп ашытып барып құйған. Қымызды сусын ретінде пайдаланудан бөлек, түрлі аурудың алдын алу және сауықтыру үшін дәрумен ретінде де қолданғаны белгілі.
– Мысалы, толық ашытылмаған қымыз, саумал – көксау, өкпе туберкулезі, кеңірдек қабыну, асқазан, ішек ауруларына, қан аздық, қан қоюлану, жоғары қан қысымы, қан тамырының қатаюы, түрлі бауыр, сүйек босау сияқты ауруларға ем-дом ретінде қолданылған. Соңғы жылдары ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүр жаңғыра бастады. Соның нәтижесінде саумал мен қымызға сұраныс артып отыр. Маған Қазалы қаласы мен Жанқожа батыр, тағы басқа да ауылдардан тұтынушылар жиі хабарласады, – дейді Алпысбай аға.
Зерттеулерге сүйенсек, жылқы сүтінің қант құрамы 65% болып, сиыр сүтінен 13-15 есеге дейін жоғары болады. Ал жылқы сүтіндегі май қанықпаған, төмен молекулалы май қышқылдарынан құралған. Ол адам денесінің зат алмасуында маңызды рөл атқарады. Жылқы сүтінің ақуыз құрамы да жоғары, жиырмаға жуық амин қышқылы болғандықтан, оны «ақуызды сүт» деп те атайды. Оның үстіне жылқы сүті адамды ажарландырып, ағзаны қорғайды.
«Ешкі малдың ептісі, жылқы малдың тектісі» деген ұранды ұстанған кейіпкеріміз күзге дейін бие сауып, олар суалған соң үйірдегі жылқыларды соғымдыққа бордақылайды. Өмірге ерекше көзқараспен қарайтын Алпысбай Рахмет «Алдыңа талап пен мақсат қойсаң алынбайтын асу жоқ» дейді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА