Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Төл өнер төрге озды

Төл өнер төрге озды

Жабырқағанның көңілін көтеріп, қазасын астарлы сөз, күңіренген күймен есітіртіп, ас-тойын жырау-жыршысыз өткізбейтін қазақ деген өнер қонған халықтың көнермес ұлы дәстүрінің бірі – жыраулық өнері. Жыршылық қай заманның болмасын ұрпақтарын ана тілімізде, қазақи ұлттық рухта, өнерпаз ата-бабаларымыз көздің қарашығындай сақтап бізге жеткізген дәстүрлі ұлттық мәдени мұралар негізінде тәрбиелеу бірінші орынға шықты. Баба жолын жалғамақ мақсатта жуырда Ақтөбе қаласындағы «Нар-қыз» жыр мектебінің директоры Жаңылсын Қуанышбайқызы мен ата-аналардың демеушілігімен «Жаңа талап жорғамын...» атты I-ші республикалық жыраулар байқауы өтті.
Аталған өнер додасына Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығынан аудан абыройын арқалап «Жыраулар» үйірмесінің мүшесі Абылай Құнанбайұлы да қатысқан еді.
Сайысқа елдің шет-шетінен ұлт мұрасы – жыраулық өнердің тінін жалғап, дәріптеп жүрген жас жыраулар жиналды. Олар орындаушылық шеберлігін шыңдау мен жан-жақты дамуды, сондай-ақ ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында ел алдында қымсынбастан өнер көрсетті.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, жас жыраулардың қай-қайсы да көптен бері жырға сусындап жүрген көрермендерді «Ой, пәлі-ай!» дегізіп, лайықты қошеметке бөленді. Әсіресе, жас жырау Абылай кешегі Сыр сүлейлерінің жауһар жырларын Кете Жүсіптің «Сұрмергенін» орындағанда залдағы қалың қазақтың қанын тулатты, ұлттық рухын оятты, жүректердегі иман көзін ашты, сана саңылауларына сәуле түсірді.
Басқа да қатысушылар өздері құндақтап жүрген қасиетті де, құнды өнерді сахнаға алып шығып, өздеріне тән дауыс бояулары, орындаушылық шеберліктерін көрсетті. Алайда, жарыс болған соң оның жеңімпазы да болады. Жыр додасы өз мәресіне жеткенде қазылардың әділ шешімі бойынша қазалылық Абылай Құнанбайұлы төл өнерді ту еткендер арасынан жарып шығып, бас жүлдені жеңіп алды.
Осы орайда, жас өнерпаз Абылайдың жетекшісі Жамболат жыраудан жарыс жайын сұрасқан едік.
– Сайыстың ұйымдастыру және өту деңгейі өте жоғары болды. Әсіресе облыстық деңгейде өткен байқаудың ерекшелігі жыр-дастандарға арнайы 10 минуттан бөлінген. Әр облыстан келген жас жыраулар «Сұрмерген», «Қырымның қырық батыры», «Тағай», «Орақ Мамайды» жырлап шықты. Балалар мұнымен жергілікті шайырлардың жыр-дастанын жаттап өскендіктен болашағынан зор үмір күттіреді деп ойлаймын.
Негізі бұл бір жыраулық өнердегі өзгешелік болды. Себебі бұған дейін ересектер сайысы өтетін. Бүгін міне жас жырау, оқушылардың бағын сынап, өздерін көрсетуге үлкен мүмкіндік беріп жатыр. Алдағы уақытта да осындай кең көлемді, ауқымды байқаулар ұйымдастырылса дейміз. Сонда ұлттық өнеріміздің жібін үзбей, салт-дәстүрімізді жалғар жастар қатары қалыңдар еді.
Ал Абылайға келер болсам, ол менің берген нұсқаулықтарымды, әрбір сабағымды қалт жібермейтін өте өнерлі, болашағынан зор үміт күттірер шәкірттерімнің бірі, – дейді Жанболат Өмірзақ.
Айта кетейік, аталған байқаудың жеңімпазы жас жырау Абылай Құнанбайұлының жетекшісі Жанболат та ауданға аты белгілі, бірнеше аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы.

Серік ӘЛИҰЛЫ
18 наурыз 2023 ж. 522 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930