Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі еселі ер

Еңбегі еселі ер

«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп ата-бабамыз бекер айтпаған болар. Өйткені әрбір адамның туған жері, өскен елі болатыны белгілі жағдай ғой. Сонда өткізген қайталанбас балалық шақ, қызықты сәттер жүрегіңді еріксіз сағыныш сағымына айналдырады екен. Дүние есігін ашқан әрбір адам баласының сағыныш сезімі, туған жеріне деген ыстық ықыласы, өне бойындағы естен кетпес қызықты сәттерімен – қайталанбас асыл қазынасы деп түсінген дұрыс болар.
Қосжан Жәниұлы ағамыз Қазалы ауданының нөмірі сегізінші Сталин ауылдық кеңесіне қарасты Андреев атындағы колхозда (Бозкөл ауылының алғашқы орталығы) 1942 жылғы қараша айының 12-і жұлдызында шаруа отбасында дүние есігін ашқан. Анасы Мейіз Мырзабекқызының айтуына қарағанда, әкесі Жәни Қоңырбаев сол жылдың қыркүйек айында әскер қатарына шақырылған. Әкесі әскерге аттанып бара жатып егер дүниеге ұл келетін болса атын Қосжан қоярсың, екі жанымыз бірігіп аман-есен қауышуымызға жақсы ырым болар деп аманаттаған.
Әкесінен сол кеткеннен ешқандай хабар-ошар болмаған. Соғыстан кейінгі кезеңде ел ішіндегі тұрмыстық жағдай өте ауыр, әрбір қадам сайын жоқшылық атауы еңсеңді көтертпейді. Колхоздағы еңбек санатында кәрі кісілер, майданнан мүгедек болып келгендер, көкіректері зарға толған жесірлер мен жасөспірім балалар болды. Колхозда техника деген мүлдем жоқ. Ауыр жұмыстардың барлығы да қол күшімен атқарылатын еді. Ағамыз Қосжан да 1950 жылдан бастап колхоздың әртүрлі жұмыстарына жегіліп, ауылының еңсесін көтеруіне өз үлесін қосқан. Бала күнінен бастап өз басынан өткізген қиыншылықтар ағамыздың ерте есеюіне және жан-жағында болып жатқан құбылыстарды түсінетін дәрежеге жетуіне себебін тигізген. 1949 жылы Андреев атындағы жеті жылдық мектептің 1-сыныбына қабылданып, 1956-57 жылдары 7-сыныпты бітіріп, әрі қарай Энгельс совхозындағы Жданов атындағы №25 орта мектепте оқуын жалғастырып, 1960 жылы мектепті жақсы деген бағамен бітірген.
1961-1965 жылдар аралығында Тынық мұхит флотының «Советская Гавань» соғыс-теңіз базасында әскери борышын абыроймен атқарып, үлгілі әскери қызметі ескеріліп, сол жақта партия қатарына қабылданған.
Әскерден кейін Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, 1974 жылы Қызылорда қаласы прокурорының көмекшісі қызметіне тағайындалған. Міне, осы кезеңнен бастап ағаның прокуратура саласындағы ұзақ мерзімді абыройлы қызметі басталады. Облыстық прокуратураның бөлім басшысы, Арал, Қармақшы ауданаралық прокуроры, Қызылорда қалалық прокурорының орынбасары, облыстық табиғат қорғау прокурорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.
Прокуратура саласында қызмет атқарған отыз жылдан астам уақытта ағамыз өзінің еңбекқорлығымен, табандылығымен, әділдігімен ерекшеленіп, ұжымда абыройы артып, мол тәжірбие жинаған. Жоғарыда аталған мерзім ішінде прокуратура органының тек жазалаушы орган ғана емес, сонымен қатар халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын, заңның өз дәрежесінде орындалуына жоғары қадағалау жүргізетін орган екенін халық арасында кеңінен насихаттауға белесене қатысты. Заңдылықты қорғау жолындағы игілікті істері КСРО, Қазақстан республикасы, облыстық прокуратура басшылығы тарапынан мадақтаулармен қатар, ҚР Прокуратурасының мінсіз прокурор және ҚР Прокуратурасының құрметті қызметкері деген төсбелгімен марапатталған. Қосжан ағамыздың прокуратура саласындағы ұзақ ғұмырында адам тағдырына байланысты күрмеуін шешкен істер аз болған жоқ. Бұрынғылар «Алладан қызметімді,байлығымды алсаң да абыройымды алма» деп тілейді екен. Ағамыз да қасықтап жиған абыройының қадірін білді. Қызметтес болған А.Тұрғанбаев, А.Махамбаев, М.Тәжіғұлов, К.Асқарова, Ш.Исаевамен сыйласып, бірін-бірі құрметтеп, қадір тұтты. Ағамыздың жүріп өткен өмірі мен атқарған әртүрлі қызметтерін сараласақ жас ұрпаққа үлгі боларлық жүзеге асырған істері көп екені байқалады. Әдетте, жұртшылық прокуратура органына сенім арта отырып, сын көзбен қарайтыны белгілі және түсінікті де.
Заңдылықты қорғаушы қызметкердің өзі ең бірінші білімі терең, біліктілігі жоғары, мінезіне әдебі сай, оқығаны мен тоқығаны мол маман болуы керек. Егер де бүгінгі күні прокуратура органдарында сондай жандар көп болса,бұл аға ұрпақ өкілдерінен тәлім-тәрбие алғандығының белгісі десек, қателесе қоймаймыз.
Иә, прокуратура саласының кешегі өкілдерінің арасында бүгінгі ұрпаққа ұстаздық еткендердің бірі Қосжан Жәниұлы екенін барлығы айтады.
Кезінде ҚР Бас Прокуроры, Жоғарғы соттың төрағасы болған Жақып Асановқа, облыс прокурорлары болып қызмет атқарған Б.Ерғалиевке, Б.Құлтасовқа, облыс прокурорының бірінші орынбасары болған М.Тәжіғұловқа, М.Досмағанбетовқа, Д.Құндызбаевқа, Х.Жұмағұловаға және басқаларына тағылымды тәрбие мен өмірлеріне даңғыл жол көрсеткеніне аса сүйінішпен есіне алып, мақтан тұтады. Прокуратура саласының алға қойған мақсаттарын орындауда оның барлық ауыртпалығын илікпей көтерген ардақты ардагерлерді ыстық ықыласпен еске алу да Қосжан ағамыздың назарынан тыс қалмаған. Атап айтқанда, 24 қараша 2017 жылы «Сыр бойы» газетінде облыс көлемінде заңдылықты нығайтып, прокурорлық қадағалауды жүзеге асыруда еселі еңбек етіп, құрметке лайық болған Иманғали Сейітов, Орналы Боранбаев сияқты облыс прокурорлары жайлы «Адалдықтан айнымаған ардагерлер», 18 мамыр 2019 жылы бұрынғы прокуратура қызметкері, кейін сот саласына ауысып,облыстық сот төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған және әділдігі мен адамгершілігі мол қасиетін халық жоғары бағалап, «кіршіксіз таза сот» деп атаған Дүзелхан Жансүгіров жайлы «Әділ де табанды азамат еді» деген мақалалар және 2025 жылдың 23-і қарашасында Республикалық Қоғамдық пікір (Дат газеті) газетінде «Егемен бе, әлде Тәуелсіз Қазақстан ба?!» деген қазіргі қазақ тілінің қазіргі күні жайлы көлемді мақаласы жарияланып, еліміздің әртүрлі аумақтарынан мақаланы қызу қолдағандар газет бетінде өз пікірлерін білдірді.
Ағамыздың өмір жолы тек қана адалдықтан, адамгершіліктің биік өлшемдерінен тұратынын, жасынан өмірдің қиыншылығына кездесіп, тек өзінің күші мен талабына сеніп өскенін,өмір жолында оны көкке көтерген көкесі де, демеген қамқоршысы да болмағанын, қолтығының астындағы қос қанаты – адалдық пен тазалық болғанын байқаймыз. Аталған мақаланы дайындау барысында пікір алысқанымызда, ағамыз төмендегідей пікір білдірді.
Менің балалық шағым соғыстан кейінгі ауыр кезеңге сай келді. Тойып тамақ ішпей,жамаусыз киім кимей, әркімге жалтақтап, ешқандай қорғансыз күн кештік. Колхоздың жұмысына жұмсайтын белсенділер кішкентай кемістік жібергенің үшін ұрып-соғып және менің әкемнің соғыстан қайтпай қалғанын меңзеп «жетім» деп азар беретін. Орта мектепті бітірген соң (1960 жыл) қалай болғанда да әкемнің өлі-тірісін анықтауды мақсат етіп, 30 жыл бойы Москва, Ленинград, Подольск (соғысқа қатысты барлық деректер осы қалаларда жинақталған дегенді естігенмін) қалаларындағы әскери мұрағаттарға үнемі жазбаша сұрау жолдайтынмын, өкінішке орай, барлығынан да «ондай адам туралы бізде ешқандай дерек жоқ» деген мөр басылған анықтама қағаздар келді де тұрды.
Сонда да болса мен әкемді іздеуді тоқтатпай, 1994 жылы ҚР-ның қорғаныс министрі С.Нұрмағанбетовке хат жазып, менің өтінішім бойынша жәрдемдесуін сұрадым. Сол жылдың соңына таман Қорғаныс министрлігінен анықтама келді. Онда әкем Жәни Қоңырбаев 1944 жылдың 21 шілдесі күні Ленинград қаласын құрсаудан азат ету кезінде ерлікпен қайтыс болғанын, денесі Ленинград қаласындағы Пискарев әскери бейітінде жерленгені айтылыпты. Әкемнің Отан үшін құрбан болғанын, атына кір келтірмегенін білген соң Пискарев мемориалдық зиратынын әкімшілігіне хат жазып, ресми құжаттар жолдауын өтіндім. Көп кешікпей жауап хат келіп, онда әкемнің Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болған солдаттар мен офицерлерді тіркейтін №4 кітапқа 480-ретпен тіркелгенін, әкемнің аты-жөні, нөмірі 4167-ретпен ескерткіш тақтаға жазылғаны, ал денесі нөмірі төртінші бауырластар зиратына жерленгені айтылыпты.
Ұлым Нұрлан Ленинградқа барып,Пискарев әскери зиратына мрамордан тұрғызылған қабырғаға жазылған атасының аты-жөнін суретке түсіріп, елден алып барған бір уыс Бозкөлдің топырағын салып, атасы алдындағы парызын өтеп қайтты. Осы жайды баламнан естігенде бойымнан, санамнан зіл батпан жүк түскендей жеңіл сезіндім. Қазақ ырымшыл халық қой «өлі разы болмай,тірі байымайды» деген даналық сөз бекерге айтылмаған сияқты. Отыз жылдан аса уақыт бойы әкеме іздеу салып, ақыры таптым. Әрбір жыл сайынғы Жеңіс күні отбасымызбен әке рухына арнап Құран бағыштауды дәстүрге айналдырғанбыз. Прокуратура саласының қай қызметінде болмасын адал, әділ,түзу отырып,тура сөйлеп, әрдайым қызметімнің беделі мен абыройын бәрінен де жоғары қойдым. Көп жыл өзім қызмет атқарған прокуратура органындағы кейінгі кезеңдегі байқалатын әртүрлі теріс көріністерге жеке пікірімді тікелей білдіретінім де, ондай пікірдің бәріне бірдей жаға бермейтінін де куәсі болғанмын.
Шынын айтқанда, менің өзімнің табиғатымда тура айтып, туғанына жақпай қалатын, жек көргенін жасырмай ашық айтатын мінез ерекшеліктерімнің бар екенін мойындау – әділ баға ғой деп санаймын.
Кешегі 1990 жылдар кезеңінде нарық-нарық деп кез-келген пысық қарық болып жатқан қарғыс атқан заманда, үйіміз Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз әзілдегендей «ұры түсіп кеткендей жалаңаш» болды шамасы, адамның байлығы жиғанында емес, иманында деген қағиданы берік ұстанған болуым керек. Құдайдың берген балалары да жастайынан қарапайым, қоңыр тіршілік кешті, қоғамдық ортадағы келеңсіз көріністерден аулақ болды, соған шүкіршілік етемін.
Иә, үлкен жолдан өткен өміріне зер салып қарасақ, иірімді тұстары көп, күрделі кезеңдерді басынан өткізген тұлғалы азамат екендігіне көз жеткіземіз.
Өзінің саналы өмірін ағамыздың жағдайын жасауға арнаған Несіпкүл жеңгеміз екеуі өмірде қатар жүзген қос аққудай бірге 53 жыл тату-тәтті, сұлу да мағыналы ғұмыр кешті. Екеуі төрт бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бір әулет, бір ауыл-аймақтың анасына айналған Несіпкүл жеңгеміз 2021 жылы 74 жасында дүниеден озды. Ағамыз, балалары сүйікті аналарының рухына арнап ас беріп, құран бағыштап, әруағын риза етіп, ел-жұртының ықыласын алып, перзенттік парыздарын өтеп, туыстарының мерейін тасытты.
«Жақсы адамның өлген күні болмайды, тек туған күні болады» дегендей жеңгеміз бүгін де әлі ортамызда жүргендей сезіледі. Оның адамға деген адалдығы, қарапайымдылығы мен жоғары парасаттылығы білетіндердің жадында мәңгілік сақталатындығына сенімдіміз. Балаларының барлығы да күнделікті өмірде қарапайым, бауырмал болып қалыптасқан. Олардың әрбірінің өмір жолы басқаларға үлгі боларлықтай деңгейге көтерілген.
Қайрат, Ақмарал, Нұрлан Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, ұзақ жылдар прокуратура органдарында абыройлы қызметтер атқарып, қазіргі уақытта зейнет демалысында. Кенжесі Динара Қазақтың көлік және коммуникация академиясын бітірген, сол салада қызмет атқарады. Бір отбасынан 4 прокуратура қызметкерінің шығуы – бұл да әке абыройы, өмірінің кәсіби тұрғыдан жалғасып жатқандығының дәлелі. Тағдырдың ағамызға, ұрпақтарына оң көзімен қарағанына ризашылығын білдіріп, шүкіршілік жасап отырған ағамыз бүгінде ағайын-туыстарының ортасында ұрпақ өсіруші әке, мейірімді ата, үлгілі отбасының ұйытқысы болып, ұл-қыздарынан тараған 15 немеренің риясыз шат күлкілерін қызықтап, әдемі қартаюдың жолында екендігі көрінеді.
Ұлы Абай айтқандай жүрегі айна, көңілі ояу ағамыз – еліміздің прокуратура саласындағы қайраткерлердің алдыңғы қатарынан ойып орын алған сардарларының бірі.
Ағамыздың зейнет демалысына шыққанына 20 жыл уақыт болса да, прокуратура саласында өткізілетін іс-шараларға қатысып,белсенділік танытатыны төмендегі жайлардан байқауға болады.
Жыл сайын Қызылорда қалалық прокуратурасының ұжымымен кездесуде ағамыз қызметті жаңадан бастаған інілеріне прокурорлық қызметтің мәртебесі биік екенін,сондықтан ол қызметте табандылықтың керектігі,оған лайықты болу үшін тек дипломның болуы жеткіліксіз екенін,сонымен қатар прокуратура қызметкері өзінің отбасындағы,тұрмыстағы мінез-құлқымен ,теріс әрекеттерімен қоғамда өзі туралы жағымсыз пікір тудыратын болса,оның әрбір іс бойынша қабылдаған шешімдерінің заңдылығына қарамастан,халық арасында прокурорға деген сенімсіздік тудыратыны туралы ерінбей-жалықпай ескертпе жасауды да қажетті шара деп санайды.
Осындай қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі ескеріліп ағамыз 2025 жылдың 7 мамырында Отан қорғау күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекеге қатысуға Астана қаласына арнайы шақырылып, ҚР Бас Прокурорының Құрмет грамотасымен марапатталған.
Ағамыздың сағынышы туған жерінің табиғатымен ғана шектелмейтінін, балғын балалық шағын, сыныптастарын, мектептегі және қызметтегі ұстаздарын сағынатынын білдірумен қатар жырақта жүріп сол ауылдың өңі таныс адамын көріп, туғаныңды көргендей күй кешетінін аңғартады.
Демек ағамыздың туған Бозкөліне деген сағынышы шексіз, ғажайып бір жұмбағы аралас құбылыс екенін байқаймыз. Ағамызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, бақ-береке тілейміз.
Е.ТАБЫНБАЕВ
12 шілде 2025 ж. 42 0

Жасыл орман жайқалса...

12 шілде 2025 ж. 34

Еңбегі еселі ер

12 шілде 2025 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031