Алтын дауысты Алтынбек
Әлемдік опера өнерінің ежелгі отаны бүгінгі Италия мемлекеті екені белгілі. Ондағы Флоренция қаласында 1598 жылы «Дафна» деген алғашқы опера дүниеге келген деседі. Содан бері төрт ғасырдан астам уақыт өтіпті. Дәл айтсақ 426 жыл аунапты. Содан бері опера өнері XX ғасырдың басына дейін дамумен, көркеюмен келді.
Опера өнері әлі тағынан түскен жоқ, бүгінге дейін ол ән салу үлгісінің озығы һәм адамзат даусының вокал мүмкіншілігінің шыңы болып келеді. Қазаққа опера өткен ғасырдың алғашқы жартысында, яки 1934 жылы келген. Осы жылы Е.Брусиловский алғашқы қазақ операсы «Қыз Жібекті» жазылады. Аталмыш опера 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ өнері мен мәдениетің алғашқы он күндігінде қойылады. Мәскеуде өткен бұл мәдени декада – қазақтың ұлттық музыкасын опералық негізде әлемге паш етті әрі дүниеге қазақтың алғашқы опера өнерінің қарлығаштарын сыйлады. Опера өнері ұмыт қалған жоқ. Оны қазіргі буын жандандырып, түрлі байқауда бақ сынап жүр. Сондай жандардың бірі – қазалылық Алтынбек Әбілда.
Иә, өнер атаның қанымен, ананың сүтімен берілетін алтын қасиет. Қазалы топырағы талай таланттарды шығарған. Әлі де шығарып келеді. Опера әншісімен сөйлескенімізде, ол өзінің бала күнінен ән салғанды ұнатқанын айтты. Мектеп кезінен талай аудан, облыс, республикалық додаларда бақ сынап, жеңіске жетеді. Музыкалық сауат алу үшін музыка мектебін 5 жыл оқиды. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне Академиялық ән салу бойынша ҚР Білім беру ісінің үздігі Перуза Амангелдіқызының сыныбынан үздік бітіреді. Астана қаласы Қазақ ұлттық өнер университетіне ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат Қайратұлының сыныбына түсіп, бакалавр дәрежесін алды. Бүгінде ол осы салада қызмет атқаруда. Астана қаласындағы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының жеке әншісі, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисті болып жұмыс жасайды. Ол бір орында, бір бағытта қалған жоқ. Білімін шыңдау үшін магистратура бітіріп, «Өнертану ғылымдарының магистрі» ғылыми дәрежесін алған.
– Иә, еңбек бәрін де жеңеді. Кішкентайымнан алдыма қойған мақсатыма, өзімнің мінезіммен, адал еңбегіммен жетіп келемін. Осы кезге дейін талай Халықаралық және Республикалық вокалистер байқауында жеңіске жеттім. ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы қоры стипендиясының иегері атандым. Қазақстанның барлық қалаларында, Ресей, Словакия, Түркия, Венгрия, Беларусь Мемлекеттерінде концертте ән шырқадым. Осы өнер жолындағы жетістіктерім үшін 2021 жылы Қазақстан Республикасының «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атандым. Сонымен қатар 2022 жылы Қазалы ауданында, туған елімде Республикалық «Ғани Мұратбаев» атындағы жастар сыйлығының иегері болдым. Марапаттарымның ішіндегі осы сыйлықтың мен үшін орны ерекше деп айтар едім. Себебі жалынды жастардың жетекшісі болған Ғани атамыздың атындағы сый ең кереметі. Туған жерімде теңізге қосқан тамшыдай еңбегімді бағалап, осындай Ұлы Тұлғаның атындағы сыйлықты алу мен үшін үлкен мәртебе әрі мақтаныш, – дейді ол.
Талантың мен тағдырың тоғысса, одан артың бақ та жоқ шығар, сірә?! Өнерін өміріне арнап, жан дүниесі бұлбұлдай сайраған жас қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Қызығы, Алтынбектің жары Әйгерім Аманжолова да талантты әнші. Бірі Сыр бойынан, екіншісі Ақтөбе өңірінен елордаға арман қуып келіп, Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түскенде танысқан. Тағдыр екеуін бір курста тоғыстырып, табыстырды. Оқу орнын бітіргенде шаңырақ құрып, өмірде де, өнерде де қол ұстасып, қатар келе жатыр.
– Мен үшін отбасы – бірінші орында. Жарым екеуміз балаларымызға көп көңіл бөліп, қазақи тәрбиеден ажырап кетпеуін қадағалаймыз. Ата-әжеміз, әке-шешеміздің үлгісінде үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуді ұстанамыз. Ақын Қадыр Мырзалиевтің «Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу көп қиын» деген өлеңі бар. Уақыт өткен сайын құндылықтар өзгереді, қоғамдағы қарым-қатынас үлгісі ауысады. Бірақ бәрібір адам болып қалудан айнымау керек. Ал бала тәрбиесінің өзі осы адамгершілік үлгісі емес пе?! Адамға ең бірінші білім керек. Сүйікті кәсібін тауып, мансабымен айналысса, бағындырмайтын биігі болмайды деп ойлаймын. Әр адам өз саласында талмай еңбек етіп, елімізге пайдамызды тигізісек содан асқан бақыт жоқ, – дейді Алтынбек.
Ол жақында ғана Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» операсында басты кейіпкер Алпамыстың рөлін ойдағыдай сомдап, халықтың қошеметіне бөленді. Өнер адамы үшін халықтың қошеметіне асқан не бар дейсіз. «Алдағы уақытта осы басты партияларды орындап, жеке концерт беріп, қазақ өнерін дамытуға үлесімді қосамын» дейді кейіпкеріміздің өзі.
Айнұр ӘЛИ