Шалғай ауылдың шаруасы ширақ

Шәкеннің бүгінгісін баяндамас бұрын кейінге шегініп, кешегісіне көз жүгіртсек. Біз білетін Шәкен кешегі Кеңес Одағы кезінде Қазақстанның 40 жылдығы (қазіргі Жанқожа батыр ауылы) совхозының №2 тауарлы қой фермасы орталығы болған. Аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықта қоныс тепкен ауыл 2005 жылға дейін Арықбалық ауылдық округінің құрамында болады. Кейін одан бөлініп, өз алдына округ болып құрылады. Оның құрамына Шәкен, Шилі, Шөлқұм елдімекендері кірген. Қазір Шәкен ауылы округтің орталығы саналады.
Бүгінде елді мекенде 123 шаңырақ түтінін түтетіп, ауылдың отын өшірмей отыр. Тірлігін мал шаруашылығымен түлетіп отырған ауыл жаңашылдыққа да бетбұрыс жасаған. Мұндағы қарымды қарекетке қарап ауылды шағын дей алмайсың. Түтіні түзу ұшқан ауылдық округте мал шаруашылығынан бөлек, өзге де кәсіп түрлері өзінше түлеп тұр. Қысқасы, ауылдағы ағайын шағын және орта бизнестен де қашық емес. Қалауын тауып, ауданнан алыспын демей, ауылдағылар ата кәсіптен бөлек, бизнестен де табыс тауып отыр.
Ауыл әкімі Берекет Сәрсенбаевтың айтуынша, мал шаруашылығынан бөлек, басқа да кәсіп арқылы нәпақасын айырып, нанын жеп отырған жандар жетерлік. Сөзіне сенсек, бүгінде ауылдық округ бойынша 89 адам кәсібін дөңгелетіп отыр. Оның 1-еуі заңды тұлғаға тиесілі болса, 31-і жеке тұлғаныкі. Ал шаруа қожалығының саны – 57.
Қолда бар мәліметке сүйенсек, ауылда жұмыспен қамтылғандардың саны артқан. Еңбекке жарамды 272 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 139 адам "екі қолға – бір күрек" дегенді ұстанымды ұран етіп, өздері жұмыс тауып, отбасы бюджетін толықтырып отыр. Қазір 35 адам жұмыссыздар қатарында тіркеуде тұр.
Шыны керек, Шәкенде ауыл тұрғындарының тұрмысына тірек болып тұрған бірнеше нысан бар. Оның бірі – ауылдағы білім ошағы. Осыдан 6 жыл бұрын пайдалануға берілген №134 мектепте 72 адам жұмыс істейді. Оның 34-і педагог. Ал білім алушылар саны – 104-ті құрайды. Аталған білім ордасында оқып жатқан балалар білім көшінде аудан мектептерінен кейін қалған емес. Бұл ретте мектеп мұғалімдері үнемі жоғары межеден көрінуге талпыныс жасап, балалардың талабын үздіксіз ұштап жүр.
Қуанарлығы, ауыл жұрты "балғындар қайда барады?" деп қам жемейді. Өйткені мектеп жанынан 20 тәрбиеленушіге шақталған "Балбөбек" шағын орталығы жұмыс істейді. Ал округке қарасты Шилі елді мекеніндегі №259 мектепте қазіргі таңда 48 оқушы оқиды. Мұнда да бүлдіршіндерді мектепке бейімдеу мақсатында "Ақтілек" шағын орталығы да ашылған. Онда қазір 15 бала тәрбиеленіп жатыр.
Шәкендіктер ауыра қалса, аудан орталығына келіп әуре болмайды. Өйткені алыстағы ауылда қажетті жабдықтармен жасақталған дәрігерлік амбулатория халыққа көмек көрсетеді.
Ал 2013 жылы пайдалануға берілген Шәкен ауылдық клубы ауыл тұрғындарының рухани қажеттілігін қамтамасыз етуге жарап тұр. 50 адам сыятын ғимаратқа былтыр жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мұнда ауыл балаларының уақытын ұтымды ұйымдастыруға бағытталған түрлі үйірмелер бар. Мәдени іс-шаралар да мазмұнды өткізіледі. Клуб жанынан құрылған үйрімелерге барлығы 50 адам қатысады. Аудан орталығынан тысқары жатқан соң, ауыл тіршілігі бір қарағанда бұйығы көрінуі мүмкін. Бірақ бұрқ-сарқ қайнап жатқан тірлік ауыл ішінде толастаған емес. Мұны ауылда атқарылып жатқан жұмыстар легімен танысқанда түйдік.
Ауылда көше жарықтандыру жұмыстары да қарқынды. Округ бойынша жалпы 5 шақырымды құрайтын 5 көше бар. Оның 4-еуі Шәкенде болса, 1 көше округке қарасты Шилі елді мекенінде. Бүгінде Шәкен ауылында 3,5 шақырым болатын 2 көше, Шиліде 1 шақырымдық 1 көше жарықтандырылған. Биыл бюджеттен елдімекендегі көшелерді жарықтандыруға 1 408,0 миллион теңге қаржы қаралған. Ауыл әкімінің айтуынша, қалыс қалған көшелерді жарықтандыру жұмысы жоспарға сай жүргізіледі.
Елдімекеннің санитариясын қамтамасыз ету жайы да ескерілген. Биыл бұл бағыттағы жұмыстарға 332,0 миллион теңге қарастырылыпты. Ал абаттандыру мен көгалдандыруға 929 миллион қаржы жұмсалады деп жоспарланған.
Әу бастан ауылдың тұрмысы ата кәсіпке негізделген. Малы аралас, қойы қоралас елдімекенде мал санында да айтарлық өсім байқалады.Сандық көрсеткішке сенсек, ауылда 15984 бас мал бар. Оның ішінде мүйізді ірі қара саны – 2373 болса, жылқы – 4908. Ал түйе саны – 2116, уақ мал –6587-ні құрап отыр. Байқағанымыздай, жыл сайын осы түліктің саны артып келеді.
Бұл сандар – мұндағы тұрғындардың табанақы, маңдай терлерінің өтеуі. «Мал баққанға бітеді» деген осы болса керек. Мал басын құрап, өзінің ғана емес, ауыл несібесін арттырған шаруалардың бұл ісі – мақтауға тұрарлық.
Атакәсіптен нәсібін айырып отырған ауыл тірлігінде түйткілді мәселелер де барын айтпаса болмайды. Ел шетіндегі қауым ауызсу, байланыс, сондай-ақ ауылға клуб салу мәселесін билік назардан тыс қалдырмаса дейді. Дегенмен ауыл әкімі Берекет Сансызбаев аталған мәселелер алдағы уақытта жүзеге асатынын айтады. Айтуынша, бүгінде Шакен ауылы мен Шилі елдімекеніне сервистік ауызсу құбырын жеткізу бойынша жоба сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Сондай-ақ ауылдағы клубты жаңарту, қайта салу жобасына да даярлық жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың тілегіне орай аталған ауқымда шаралар дер шағында орындалса, ауылдағы ағайынның тұрмысы түзеліп, тірлігі одан әрі түлей түсері анық. "Әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған бұл жобалар тұрғындарға жаңаша тыныс береді" дейді ауылдық округ әкімі Берекет Сансызбаев.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ