Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел экономикасының күретамыры – теміржол саласы

Ел экономикасының күретамыры – теміржол саласы

Теміржол саласы – жүктер мен жолаушыларды тасымалдауды, сондай-ақ осы үдерісті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды, техникалық құралдарды және персоналды біріктіретін көлік жүйесі. Бұл сала әлем экономикасы мен қоғамы үшін өте маңызды, себебі ол ауқымды және тиімді логистиканы қамтамасыз етеді.
Теміржол саласы бірнеше негізгі компоненттен тұрады. Олар бір-бірімен тығыз байланыста. Инфрақұрылым – теміржол желілерін, вокзалдарды, деполарды, көпірлерді, туннельдерді, сигналдық жүйелерді және электрмен жабдықтау желілерін қамтиды. Инфрақұрылымның сапасы мен жағдайы пойыздардың қауіпсіз және жылдам қозғалысын тікелей анықтайды. Локомотивтер мен вагондар бойынша локомотивші қызметіне пойыздарды тартатын машиналар жатады. Олар дизельді, электрлі немесе гибридті болуы мүмкін. Вагондар – жүктерді немесе жолаушыларды тасымалдауға арналған. Жүк вагондарының әртүрлі түрі бар. Оған платформалар, жабық вагондар, цистерналар, хопперлер, тағы басқалары енеді. Олар әртүрлі жүк түріне бейімделген. Операциялық қызметтерге: пойыздарды басқару, қозғалыс кестелерін жасау, жүктер мен жолаушыларға қызмет көрсету, билет сату және тағы басқалары кіреді. Техникалық қызмет көрсету және жөндеу жайлы қозғасақ, бұл вагондар мен локомотивтерді, сондай-ақ жол инфрақұрылымын үнемі тексеру, жөндеу және жаңарту жұмыстарын қамтиды. Вагон пайдалану деполары және локомотив деполары осы қызметтердің орталықтары болып табылады.
Осы жұмысшылар күшімен күн-түн тоқтаусыз атқарылып жатқан қызметтер халықаралық байланыстың дамуына және халықтың мәдени, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынасын кеңейтуге әсері зор. Тоғыз торап бойында пойыздардың үздіксіз жүруіне бірнеше теміржол саласына қарасты мекеме жауап береді. Соның бірі – Қазалы пайдалану вагон депосы. Ол бұрынғы «Орынбор-Ташкент», «Қазақ темір жолы», кейінгі «Батыс Қазақстан темір жолына» қарасты іргелі мекеме болып табылады.
Депо тарихы патшалық Ресей тұсында Орынбор-Ташкент темір жолының салынып, 1904 жылы іске қосылуынан бастау алады. Алғашқыда паровоз депосының құрамында болған вагон цехы жиырма төрт жылдан соң өз алдына вагон телімі, содан кейін депо аталып дербес мекемеге айналады. Депоның ең алғашқы басшысы Ф.Печерский болса, содан кейін М.Попов, П.Воробьев, А.Короцов, И.Гунин, М.Тучков, А.Чернышов, В.Солдатов басқару тізгінін қолға алған. Олардың қай-қайсысы да өз істерін жетік меңгерген, ізденімпаз, талантты да, талапты маман қатарынан саналған.
Солардың ішінде депоны өткен ғасырдың жетпіс пен тоқсаныншы жылдары аралығында басқарған марқұм Әбдінағи Әбжановтың есімін айрықша атаған жөн. Ол кез Қазалы вагон депосы үшін өсу мен өркендеу, ғылыми-техникалық жетістіктерді кеңінен өндіріске енгізу, көлемін күрт ұлғайту, тың технологиялық жаңалықтарды игеру және әлеуметтік жағынан кемелдену тұсы болды. Сол уақыттары депо КОКП Орталық комитеті, КСРО Министрлер Кеңесі мен кәсіподақтары, Бүкілодақтық орталық Кеңесінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды. Бірнеше дүркін КСРО Жол қатынасы министрлігінің салалық жарыс жеңімпазы атанды.
Депода түбегейлі реконструкция жүргізіліп, вагон құрастыру және доңғалақ жөндеу цехтарының ғимараттары кеңейтілсе, 1986 жылдың аяғында роликті доңғалақ жөндеу цехы мен автожалғағыштарды конвейерлі жөндеу бөлімшесі іске қосылды. Осының нәтижесінде вагондарды күрделі және ағымды жөндеудің көлемі ұлғайып, депо ай сайын жөндеуден 260, күрделі жөндеуден 30 вагонға дейін шығара алатын деңгейге көтерілді.
1990-1999 жылдар аралығында мекемені «Құрметті теміржолшы» Әзімжан Әліпбаев басқарды. Іскер басшы ұжымды орын алған қиын-қыстау кезеңнен абыроймен алып шықты. Бұрынғы экономикалық байланыстардың үзілуі салдарынан пойыздар қозғалысының көлемі күрт төмендеді. Осы жағдайда кадрларды жұмыссыз қалдырмау мақсатында депо басшылығы еңбек сағатын азайтуға, жұмыскерлерді жаппай ақысыз демалысқа жіберуге және бесінші ауысым ұйымдастыруға да мәжбүр болды. Қол байлау болған қиыншылықтарға қарамастан, өзінің негізгі мамандарын сақтап ғана қоймай, осы жылдар ішінде бірнеше әлеуметтік нысан мен понаб-диск қондырғыларын іске қосты.
Ел егемендігін алғаннан кейінгі теміржол көлігінде жүргізілген реформалар Қазалы вагон депосын сырт айналып өткен жоқ. 1998 жылы Қызылорда вагон депосының жолаушы вагондарын жөндеуші мекеме болып бейімделуіне байланысты, аталған депоның жүк пойыздарына қызмет көрсететін құрылымдары Қазалы вагон депосының қарамағына берілді. Осылайша депоның кепілдік иіні бұрынғы 517 шақырымнан, солтүстігі Шалқар, оңтүстігі Түркістан стансалары арасы болып белгіленді. Яғни 949 шақырымға дейін ұзартылды.
Басқаша айтқанда, Қазалы вагон депосы Қызылорда облысының о басы мен бұл белгіленген аралығындағы жолаушы және жүк пойыздарының кідіріссіз жүруін қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме ретінде жұмыс істейді.
1999 жылы «Қазақстан темір жолы» РМК бас директорының №266 бұйрығымен вагон деполарының жөндеу және пайдалану базалары бөлінді. Соның нәтижесінде дербес Қазалы пайдалану вагон депосы дүниеге келді. Араға үш жыл салып ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі «Қазақстан темір жолы «Инфрақұрылым» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының филиалы Қазалы пайдалану вагон депосы, 2004 жылы «Қазақстан темір жолы «Ұлттық компаниясы жабық акционерлік қоғамының» Қазалы пайдалану вагон депосы филиалы болды. Көп ұзамай «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АО-ның Қазалы пайдалану вагон депосы филиалы атанды. Бұл күндері депо еңсесін тіктеген, бәсекеге қабілетті мекемеге айналды.
Вагон пайдалану депосы – теміржол вагондарын техникалық жағдайын бақылауға, оларға қызмет көрсетуге және жөндеуге арналған маңызды кәсіпорын. Аталған деполар вагондардың қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Вагон пайдалану депосының негізгі міндеттері мен функциялары өте ауқымды.
Пойыз құрамындағы немесе депоға келген вагондардың әрбір элементін – дөңгелек жұптарын, тежегіш жүйесін, автотіркегіш құрылғыларын, шасси бөліктерін және басқа да маңызды механизмдерін тексеру, майлау және реттеу. Вагондардың жұмысқа жарамдылығын сақтау үшін өте маңызды техникалық қызмет көрсетеді.

Негізгі міндет – тоқтаусыз қызмет

Қазалы депосының географиялық орналасуы оны Қазақстанның оңтүстік-батыс өңіріндегі теміржол қатынасындағы негізгі тораптардың біріне айналдырады. Қазалы пайдалану вагон депосы – Түркістан облысынан Жезқазған облысына дейінгі аралықта жолаушылар және жүк поездарына техникалық қызмет көрсететін, сонымен қатар вагондардың қауіпсіз және уақытылы жетуін қамтамасыз ететін маңызды теміржол кәсіпорны.
Қазалы пайдалану вагон депосы Қазақстан темір жолдарының маңызды тіректерінің бірі болып табылады. Оның қызметі тек жолаушылар мен жүктердің қауіпсіз тасымалдануын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар аймақтық экономиканың дамуына да зор үлес қосады.
Депоның кепілдік иіні Түркістан облысының жанындағы Сауран бақылау бекетінен басталып, Сексеуіл техникалық қызмет көрсету бекетіне дейін, одан кейін Сексеуілден Жезқазған облысына қарасты Қоскөл бақылау бекетіне дейін созылады. Бұл бағыт Қазақстанның орталық және оңтүстік аймақтарын байланыстыратын маңызды логистикалық дәліз болып табылады. Осы аралықтағы жолаушылар поездары мен жүк поездарына техникалық қызмет көрсетеді. Депоның негізгі мақсаты – жолаушылар мен тасымалданатын жүктер тиелген вагондардың баратын жеріне дейін аман-есен, тоқтаусыз, уақытылы жетуін қамтамасыз ету.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалы болып табылатын Қазалы пайдалану вагон депосының құрамында 4 негізгі техникалық қызмет көрсету бекеті – Сексеуіл, Қазалы, Қызылорда, Шиелі, 2 пойыздарды тапсыру бекеті және 26 бақылау бекеті бар. Мұндағы қызметкерлер вагондардың техникалық жағдайын тұрақты бақылауға және кез келген ақауларды дер кезінде жоюға мүмкіндік береді. Бұл жүйе пойыздар қозғалысының үздіксіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Әлеуметтік жауапкершілік

Депода жұмыс істейтін 398 жұмысшы-қызметкер, оның ішінде 23 әйел, теміржол саласының білікті мамандары болып табылады. Олардың кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі поездардың қауіпсіз қозғалысының кепілі. Ұйымшылдықпен еңбек ететін депо ұжымының 26 жыл бойы бірде-бір рет пойыздар қозғалысына қауіп төндіретін ақауға жол бермеуі олардың жұмысына деген жауапкершілігі мен жоғары кәсібилігін көрсетеді. Жоғары деңгейлі көрсеткіш депоның жұмыс сапасын және оның басшылығының тиімділігін айғақтайды. Кәсіпорын қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсартуға, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі.
Сексеуіл стансасында УЗОТ қондырғысы орналастырылды. Вагондарға ағымдағы жөндеудің сапасын арттыру үшін Қызылорда, Шиелі стансаларында БКУ типті компрессор қондырғылары қойылып, жұмыс істеуде. Барлық техникалық қызмет көрсету мен бақылау бекеттерінде вагонның магистральдық құбырында ақау анықталғанда, техникалық қызмет көрсету бекетіне дейін қозғалыс қауіпсіздігін сақтай отырып жеткізу үшін ұзындығы 20 метрлік жоғары қысымды жалғағыш жеңдерін пайдалану ендірілді. Бекеттердегі техникалық оқыту бөлмелері тежегіш құрылымдарын оқытып-үйрету тренажерларымен жабдықталған.
Қазіргі уақытта Қазалы, Қызылорда техникалық қызмет көрсету бекеттерінде және Жосалы техникалық қызмет көрсету бақылау бекетінде автотежегіштерді тездетіп тексеруге арналған қондырғы бар. Сонымен қатар Қызылорда, Қазалы стансаларында 2010 жылы, 2012 жылы барлық бақылау бекеттері ПОНАБ, ДИСК қондырғылары КТСМ-02 қондырғыларымен ауыстырылды.

Құрметке толы мерей мен жетістік

Қазалы пайдалану вагон депосы 1999 жылы құрылғаннан бері Қазақстан темір жолы жүйесіндегі беделді кәсіпорындардың біріне айналды. Депоның теміржол салалық жарыстарда 4 рет екінші, 1 рет үшінші жүлделі орындарды иеленуі, оның үздіксіз дамуға деген ұмтылысын және бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Жемісті жетістіктер ұжымның бірлескен жұмысының нәтижесі болып табылады. Мұндай мерейтойлар депоның тарихын бағалап, болашаққа жаңа мақсаттар қоюға мүмкіндік береді.
Арғын Қайырбайұлының депоны басқарудағы көпжылдық тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі ұжымның жетістіктеріне тікелей әсер етті. Оның 1999 жылдан бастап депо директоры, ал 2016 жылдан бастап бастығы ретіндегі қызметі депоның дамуына үлкен үлес қосты. Бедерлі маманның "Құрметті теміржолшы" атағы мен "Құрмет" ордені сияқты мемлекеттік марапаттармен марапатталуы теміржол саласына сіңірген еңбегінің мойындалуы болып табылады.
Қазалы пайдалану вагон депосы Қазақстанның теміржол инфрақұрылымындағы маңызды рөлін жалғастыра отырып, ел экономикасының тұрақты дамуына үлес қоса береді.
– Әр жылдарда депода қызмет етіп, ел игілігі үшін жанқияр еңбектің үлгісін көрсете білген мамандар Қазалы вагон депосын бүгінгі биіктерге көтерсе, небір майталман мамандар тәрбиеленіп шығарылды. Мұнда ұжымның ыстығы мен суығына төзіп жігері мұқалмаған, қайта шыңдала түскен өз ісінің шеберлері көптеп кездеседі.
2014 жылдан бастап Сексеуіл-Жезқазған аралығында жаңа теміржол телімі тартылып, Қазалы пайдалану вагон депосына Сексеуіл-Қоскөл телімі аралығы қосылды. Кепілдік иінінің ұзаруына байланысты бес бақылау бекеті жаңадан ашылып, 36 адам жұмыспен қамтамасыз етілді, – дейді Арғын Орымбаев.
Бүгінде Қазалы пайдалану вагон депосының негізгі міндеті Сексеуіл-Қоскөл және Сексеуіл-Сауран стансалары арасындағы жол қозғалыс қауіпсіздігін сақтап жүк және жолаушылар пойыздарына техникалық қызмет көрсету болып табылады. Жиырма жылдық тарихты еңсерген ұжымды алда көптеген белес күтіп тұр. Оны бағындыру үлкен жауапкершілік. Сондықтан маңызды талаптардың бірі білімді де білікті, өз қызметіне толық жауапкершілікпен қарайтын жаңа кадр мамандарын даярлау жалғасын табады.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

12 шілде 2025 ж. 45 0

Жасыл орман жайқалса...

12 шілде 2025 ж. 36

Еңбегі еселі ер

12 шілде 2025 ж. 45

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031