Жасыл орман жайқалса...

Бүгінде орман шаруашылығы мекемелерінде орман өсіру мен көгалдандыру жұмыстарына қажетті сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін орман тұқымбақтары ұйымдастырылып отырады. Табиғи байлығымызды келер ұрпақтың кәдесіне жарату үшін бүгіннен бастап ауқымды істер атқарылуда. Орманымыз ойсырамай, жасыл желек жайқалып өссін деген сала мамандары келешектің қамын осылай жасамақ. Айтпағымыз, жақында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутататы Қарақат Абден, облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келді. Мұнда олар тұрақты орман тұқымбақтарымен және Арал теңізінің құрғаған табанында атқарылған жұмыстармен танысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ел аумағына 2 миллиард түп ағаш отырғызу тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, облыста 2021-2027 жылдарға арналған орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспары бекітілген. Өңірде 903 мың гектар алқаптың топырағынзерттеу және жобалау жұмыстары жүргізілген. 2021-2024 жылдары Арал теңізінің құрғаған табанындағы 659,1 мың гектарға екпелер егіліпті.
Биыл 440,9 мың гектар аумаққа сексеуіл көшеттері мен галофит тұқымдарын егу жоспарланған. Егілетін көшет жеткілікті болу үшін уақытша тұқымбақтар ұйымдастырылған.
Сондай-ақ Қазалы ауданында Дүниежүзілік банк қаржысы есебінен 33,5 гектар аумаққа тұқымбақ салынған. Жобаның құны 440,7 миллион теңге, техникалар сатып алуға қосымша 179 миллион теңге бөлінген.
Тұқымбаққа сексеуіл көшеті, жапырақты ағаш, жеміс тұқымы егіліпті. Жеміс бақшасы және үйеңкі талының аналық бөлімі құрылған. Қорғаныш жасыл жолақ, минералданған жолақ және компосттау жұмыстары атқарылыпты. Тұқымбақ құрылысы аяқталып, облыс балансына берілген, қазір онда 47 адам еңбек етеді.
Анаубір жылдары алдағы уақытта барлық аудандар мен Қызылорда қаласында «Ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу» жоспарланғанын естіп бөркімізді аспанға атқанбыз. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу» тапсырмасына сәйкес қолға алынған болатын. Енді міне жақында облыс әкімінің қолдауымен осы жобаның жүзеге асқанын көрдік.
Қызылорда қаласында «І With You Kyzylorda» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының капсуласын салу рәсімі өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қарақат Абден, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы зауыт құрылысына сәттілік тілеп, өңірде экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бастамаларды атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес облысымызда 96 миллиард 100 миллион теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Қалдықтарды басқару саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологиялар тартуда Қызылорда қаласында халықаралық компаниялардың қатысуымен 2 ірі жоба бойынша жұмыс басталды. Соның бірі – шыны зауыты жанынан неміс технологиясымен 60 миллиард теңгеге жылына 240 миллион шыны ыдыс шығаратын зауыт жобасы. Бұл республикадан жиналған шыны қалдықтарынан жоғары сапалы отандық өнім шығарып, импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Бүгін құны 34 миллиард 500 миллион теңге болатын, Оңтүстік Корея технологиясына негізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының іргетасы қалануда. Алғашқы кезеңде 9 млрд. 535 млн. теңгеге қолданыстағы полигон жаңғыртылып, қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға есептелген заманауи қалдықтарды сұрыптау кешені салынады. Кешен заманауи қондырғылар, арнайы техникалармен жабдықталып, полигонның қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін артпақ. Қоршаған ортаны қорғау – бұл тек билік пен ұйымдардың ғана емес, керісінше әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталатын іс. Өркениетті қоғамда өз қоқыстарын сұрыптау, саналы тұтыну, тазалық акцияларына қатысу тұрғындардың күнделікті әдетіне айналуы тиіс. Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған байыпты бастамаларымыз нәтижелі болғай! – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кететін жайт, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында кешенді жұмыс жүргізілуде. Бюджеттен бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс және спорт алаңдары жаңғыртылып, әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөнделуде. Демеушілік есебінен 1 миллиард теңгеге Қызылорда қаласындағы орталық алаң жаңартылды. Биыл 6,3 миллиард теңгеге қалалық мәдени-демалыс паркі қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Оған қоса 14,7 миллиард теңгеге Президент саябағы жаңғыртылып, тамыз айында ашылады. Қала аумағында 992 гектар жерде жасыл белдеу құру басталды. 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш отырғызып, тұқымбақтар мен зертхана салу жоспарлануда. Иә, экологтардың айтуынша, ағаш отырғызу жаһандық жылыну процесін тоқтатуға әсер етеді.
Соңғы жылдары орман шаруашылығында атқарылып жатқан ауқымды істер көп. Мемлекет те көңіл бөліп, бірнеше жоба жемісін беруде. Ал аймақта облыс әкімінің бастамасымен ауылдық елді мекендерді абаттандыру, тазалық сақтау және көгалдандыру жұмыстарын ынталандыру мақсатында «Үлгілі елді мекен» конкурсын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бұл ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың белсенділігін арттыруға бағытталған.
2023 жылы конкурс көктем және күзде өтті. Облыстық бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, жеңімпаздарға 29 арнайы техника табысталды. «Үлгілі аудан орталығы» мен «Үлгілі ауыл» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, ассенизатор, трактор, қоқыс тасымалдайтын, тиейтін және жол тазалайтын көліктермен қамтамасыз етілді. Бұл игі бастама өткен жылы да жалғасын тауып, үздік аудан орталығы мен ауылдарға арнайы техникалар, 2025 жылға арналған абаттандыру жобаларын қаржыландыру үшін бірқатар елді мекенге 15 миллион теңгеден берілді. Биылғы жеңімпаздарға 564,4 миллион теңгеге 19 арнайы техника табысталады.
Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 7,3 миллион гектар. Оның 3,8 миллионы – орманды алқаптар. Табиғи ресурстарды сақтау, орман байлығын көбейту және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 8 орман шаруашылығы мекемесінде 744 қызметкер жұмыс істейді.
2022 жылы осы мекемелердің техникалық әлеуетін нығайтуға облыстық бюджеттен 600 миллион теңге бөлініп, тракторлар, орман отырғызу агрегаттары, вахталық автобус, су тасымалдау көлігі, өрт сөндіру және патрульдік автокөліктер, электр станциялары мен палаткалар сатып алынды. 2023 жылы осы мақсатқа 867 миллион теңге қаралған. Ал өткен жылы 102,5 миллион теңгеге заманауи техника мен құрал-жабдықтар алынған. Биыл қаржыландыру жалғасып, орман шаруашылығы мекемелері «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес 438,5 миллион теңгеге қажетті техникамен қамтылды.
Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, оны басқару қазіргі дамыған қоғамның ең маңызды мәселесі. Сол үшін табиғи ресурстардың сарқылуы әрқашан өзекті. Бұл тұста Табиғат-Ананың берген сыйын кешенді қолдану маңызды. Бар жұмыс толайым атқарылса, орманымыздың ойсырамайтынына сенім мол.
Айнұр ӘЛИ