Әкім кездесуі өтті. Ел не деді?
Ең алдымен – ел қамы. Бұл – мемлекеттік қызметшілер ұстанатын басты қағида. Алтын уақытын абыройлы міндетке арнап жүрген сала мамандары қоғам мен үкіметтің арасындағы алтын көпір іспеттес. Әсіресе ел Президентінің аймақ, аудандағы, қала берді ауылдағы сенімді өкілі – әділ әкімдердің де елдің өсіп-өркендеуіне қосар үлесі зор. Жақында Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет ауданға қарасты елді мекендердің жай-жапсарын біліп, сондағы ағайынның ұсыныс-пікірін тыңдап, сонымен қатар аудандағы атқарылып жатқан жұмыстармен құлағдар ету мақсатында кездесуге барды.
Тұрғындар тілегі тыңдалды
Мейрамбек Зинабдинұлының сапары Сырдың арғы бетінде орналасқан Өркендеу, Бірлік және Аранды ауылдық округтерінен басталды. Әрбір елдімекенде тұрғындарымен кездесіп, ондағы әлеуметтік нысандардың жұмысын көрді.
Үш ауылда өткен кездесуде аудан басшысы жыл басынан бері ауданда атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталып, алда атқарылар жұмыстардың да аз емес екенін тілге тиек етті.
Тұрғындар тарапынан елді мекендерде электр сымдарының көнергенін, жарық жиі сөнетінін, елді мекен аумағындағы жеке шаруашылыққа тиесілі, алайда ешқандай мақсатта игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөнінде және білім саласына қатысты балабақша салу мәселелерін жеткізді.
Аудан басшысы елді мекендерде айтылған ұсыныс-пікірлер мен көтерілген мәселелердің барлығына жеке-жеке тоқталып, тиісті заңдылыққа сәйкес жауап берді. Бірлік ауылындағы жер мәселесіне байланысты қазіргі таңда жеке шаруашылықтан жайылымдық және шабындық жерлерді қайтарып алу жөнінде жұмыс жасалып жатқанын, ал жарықтың жиі сөнуіне байланысты жауапты мекемеге елді мекендегі электр желілерін қайта жаңғырту бойынша тиісті басқармаға ұсыныс беруге тапсырма берді.
Кездесу барысында аудан басшысы жеке мәселелері бойынша жүгінген тұрғындарды да қабылдап, оларға көтерген мәселелері бойынша да нақты жауап берді.
Аранды ауылдық округінде өткен кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілек Мақамаш аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың барлығына ауыл халқының атынан оң бағасын беріп, халықтың ризашылығын жеткізді.
– Биыл ауданда құрылыс жұмыстары қарқын алды. Газдандыру жұмыстары да жүйелі жүріп жатқанын көріп, біліп отырмыз. Мұның барлығына дән ризамыз. Алдағы істеріңізге сәттілік тілейміз. Ел үшін жасалып жатқан жұмыстарыңыздың жемісін көріңіздер, әрдайым абырой биігінен көрініңіздер! – деді ақсақал.
Тұрғындармен өткен кездесулерден кейін аудан басшысы ауылдық округтердегі мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, ауылдық клуб сынды барлық әлеуметтік нысандарды аралап, ғимараттардың жылуы мен бу қазандықтарының жұмысын тексеріп шықты.
Шалғайдағы ауылдар шет қалмады
Аудан әкімінің халықпен кездесудегі келесі аялдамасы аудан орталығынан шалғай орналасқан Бозкөл, Тасарық және Кәукей ауылдық округтерінде болды.
Тұрғындармен өткен кездесуде аудан әкімі алдымен елді мекен тұрғындарына үстіміздегі жылдың 9 айында ауданда атқарылған жұмыстардың жайын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Сондай-ақ елде жасалып жатқан жұмыстардың барлығы аудан халқының ауызбірлігінің арқасында жасалып жатқанын айтып өтті.
Үш ауылда да өткен кездесулерде тұрғындар ішкі көшелерді асфальттау мен жарықтандыру, электр желілерін қайта жаңғырту, бірқатар көшеге атау беру және спорт кешенін салу сынды мәселелерді көтерді.
Аудан басшысы айтылған әрбір сауалдар мен ұсыныстарға жеке-жеке жауап беріп, бірқатар мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар ауылдарда өткен кездесулерден кейін жеке мәселелері бойынша жүгінген тұрғындармен де қабылдау өткізді.
Халықпен кездесулерден кейін аудан басшысы округтердегі барлық әлеуметтік нысандарды аралап, жылу берілу барысын қадағалап шықты.
Серік АҚМЫРЗА