Аудан әкімі Өркендеу, Бірлік және Аранды округтерінің тұрғындарымен кездесті
Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Сырдың арғыбетіндегі Өркендеу, Бірлік және Аранды ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың жұмысын көрді.
Үш ауылда өткен кездесулерде аудан басшысы жыл басынан бері ауданда атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталып, алда атқарылар жұмыстардың да аз емес екендігін тілге тиек етті.
Тұрғындар тарапынан елді мекендерде электр сымдарының көнергендігін, жарық жиі сөнетіндігін, елді мекен аумағындағы жеке шаруашылыққа тиесілі алайда ешқандай мақсатта игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөнінде және білім саласына қатысты балабақша салу мәселелерін жеткізді.
Аудан басшысы елді мекендерде айтылған ұсыныс-пікірлер мен көтерілген мәселелердің барлығына жеке-жеке тоқталып, тиісті заңдылыққа сәйкес жауап берді. Бірлік ауылындағы жер мәселесіне байланысты қазіргі таңда жеке шаруашылықтан жайылымдық және шабындық жерлерді қайтарып алу жөнінде жұмыс жасалып жатқандығын ал жарықтың жиі сөнуіне байланысты жауапты мекемеге елді мекендегі электр желілерін қайта жаңғырту бойынша тиісті басқармаға ұсыныс беруге тапсырма берді.
Кездесулер барысында аудан басшысы жеке мәселелері бойынша жүгінген тұрғындарды да қабылдап, олардың көтерген мәселелері бойынша да нақты жауап берді.
Аранды ауылдық округінде өткен кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақамаш Тілек аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың барлығына ауыл халқының атынан оң бағасын беріп, халықтың ризашылығын жеткізді.
Тұрғындармен өткен кездесулерден кейін аудан басшысы ауылдық округтердегі мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, ауылдық клуб сынды барлық әлеуметтік нысандарды аралап, ғимараттардың жылуы мен бу қазандықтарының жұмысын тексеріп шықты.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі