Жастар: қарым һәм қабілет
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олар өзіндік күш-жігерімен, тың идеясымен болашақтың тұтқасы болып келеді. Біз білетін қазақтың батыры, ақыны, жазушысы да жастайынан әлемге танылды. Бүгінгі жас солардың ізін басып келе ме? Осы кезге дейін мақалаға арқау болған тақырыптың бірі – жастар жайы. Мақтандық, марқайдық. Иә, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға иек артып жүрміз. Елдің өсіп, өркендеуі үшін жас маман ойының ұшқырлығы, тың идеясы өте маңызды. Көпшілікті толғандыратын мәселе бар. Жастар жалындап жүр ме?
Тәуелсіздіктің негізгі тірегінің бірі және бастысы болса, ол жастар екені күмәнсіз. Сондықтан жастар мәселесі үнемі жүйелеп отыруға тиіс дүние. Бұл тұста жастар саясатының маңызы зор. Тәуелсіздік жылдарына дейін жастарды жеке бір әлеуметтік топ ретінде қарасақ, одан кейін де қоғамдағы жастардың рөлі артпаса, кеміген емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қызметіне кіріскен уақыттан бері жас буынды назардан тыс қалдырмады.
«Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген еді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде. Шыны сол, аудан жастарының белсенділігі көңіл серпілтеді. Қазалыда жастардың достық қарым-қатынасын ұлғайту, жастардың уақытын тиімді пайдалануды үйлестіру, қоғамның әлсіз топқа деген мейрімділігін көрсете отырып, қоғамдағы теңдікті сақтау, өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні бар құндылықтарды насихаттау, дәстүрлі емес діни жат ағымдарға жастардың, жұмыссыздардың тартылуының алдын алу бағытында біршама жұмыстар атқарылып келеді. Олардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында жиі спорттық, мәдени іс-шаралар мен акция, форумдар өткізіліп тұрады. Жастардың патриоттық сезімдерін ояту аясында да үздіксіз арнаулы іс-шаралар жүргізіліп отырады. Ерікті болып, жақсылықта жарысып та жүр. Иә, «Жас келсе, іске», «Әрбір жастық шақ жүйріктікке толы» деген секілді тәмсілдер бекер айтылмаса керек-ті. Әрдайым болашақтың тұтқасын ұстап, кемел келешектің жаңашыл бастауы болатын – осы жастар.
Қазір аудан халқының 29,7 проценті – жастар. Бүгінгі күнге дейін ерікті жастардың қатысуымен барлығы 271-ден аса іс-шара өткізілген. Ал оған 8500-ден астам жас қатыстырылыпты. Жыл сайын дәстүрге айналған «Жаңа дәуір – Жаңа Қазақстан» тақырыбында жастар фестивалін де атап өтсек болады. Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және олардың ұсыныстарына құлақ түру мақсатында «Жастар керуені» жобасы тұрақты өтіп келеді. Қазалы ауданында жыл басынан бергі атқарылған жұмыстардың легі осындай. Алда атқарылар жұмыстар ауқымды, мақсат-міндеттер де жоғары. Жоспарланған жұмыстарды іске асыруға ел Президенті мен Үкімет басшысы, сондай-ақ аймақ басшысы тарапынан үлкен қолдаулар жасалуда. Биылғы жылы да ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту бойынша міндеттер тұр. Бастысы – елдің тыныштығы мен береке-бірлігі.
– Адам өзін тәрбиелей алуы керек. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дейді ғой. Армандай біл. Одан соң мақсат қой. Сол арманның жолында нендей кедергі болмасын жеңуге ұмтылыңыз. Өз-өзіңді батылдыққа тәрбиеле. Сүріндің, бірақ бұдан өмір тоқтап қалған жоқ. Талпын. Діттеген мақсаттың жолын ашу үшін кедергіге мойынсұнбау қажет. «Ол кім, мен кіммін? Нендей жетістікке жеттім?» деген сауал сананы мазалай беруі керек. Бастысы – өзіндік «менді» оятып, осы сауалға жауап табу. Әр жастың санасында осындай қарапайым мотивация болуы керек. Осы ұстанымды жастарға құя білгенде ғана жастар жалындай алады, – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов сөз арасында.
Иә, «Жасыңды көрсет, болашағыңды бағамдайын» деген сөз бар ежелден жеткен. Бізге дейін айтылған тәмсілдің астарына үңілсек, бүгінгі жас қандай болса, ел ертеңі де сондай болмақ. Жастар – прогресс. Ал прогресс еш уақытта кейінге шегінбейді. Жаңадан тың дүние тауып, басқа қадамдар жасайды. Өйткені «жас» сөзінің төркіні «жаңа» дегенмен астасып жатыр. Ал аудан жастарының әлеуеті, қарымы һәм қабілеті қоғамға қозғаушы күш болып қала бермек.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ