Ауданда атқарылған іс ауқымды
Қасиетті Қазалы топырағында дүбірлі думан, торқалы той басталды. Бірнеше айдан бері аудан жұртшылығы көп болып, ортақ іске біркісідей атсалысып, жұдырықтай жұмылуда. Қайнаған тірлік, қауырт жұмыс Әйтеке би кентіндегі дәл қазіргі көрініс. Жыл сайын жағымды жаңалықпен жандары жадыраған Қазалы жұрты биыл да берекелі істердің куәсі болмақ.
Ауданға арнайы келген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алдымен Әйтеке би Бәйбекұлының 380 жылдығына арналған «Текті сөздің төресі» атты ғылыми-танымдық конференцияға қатысты. Конференцияға Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, облыстың зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен еңбек ардагерлері бас қосты.
Тарихи тұлғаны ұрпақ жадында жаңғыртудың маңызына тоқталған аймақ басшысы:
– Әйтеке би Бәйбекұлы – қазақ тарихына өзінің жасампаздық қызметімен із қалдырған тұлға. Қазақтың үш ұлы биі, үш даңқты данагөйі – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің есімдері ұлт бірлігінің айнымас символы болып бізге жеткен. Қазақ тарихындағы ең күрделі кезең – жоңғар шапқыншылығы уақытында елді бірлікке үндеп, Бұқара мен Самарқанда би болған. Биыл Өзбекстанның Науаи облысында Әйтеке бидің 380 жылдығы кең көлемде тойланды. Мерекелік іс-шараларда Сыр өнерпаздары өнер көрсетіп, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов айтыстың бас жүлдесін еншілеп қайтты. Наурыз айында Қызылорда қаласында республикалық командалық айтыс ұйымдастырылып, жерлестеріміз топ жарды. Баба есімін ұлықтау мақсатында Ақтөбе облысының бұрынғы Қарабұтақ және Комсомол аудандары біріктіріліп, Әйтеке би ауданы, Жаңақазалы поселкесі Әйтеке би кенті деп аталғаны бәріңізге мәлім. 2000 жылы Қазалы ауданының орталығында Әйтеке бидің құрметіне кесене тұрғызылды. Бас көше бабамыздың атымен аталып, 2019 жылы аудан әкімдігі ғимаратының алдынан 12 метрлік еңселі ескерткіші бой көтерді.
Тарих-тағылым. Өткенінен сабақ алмаған ел табысқа жетпейді. Әйтеке бидің ұлағатты өмірін ұлтқа, ұрпаққа кеңінен өнеге етудегі шаралар жалғасын таба берсін. Бүгінгі конференция жұмысына сәттілік тілеймін!», – деді облыс басшысы.
Конференцияны Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет жүргізді. Шарада Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев «Әйтеке би және оның заманы», фольклоршы, филология ғылымдарының кандидаты Берік Жүсіпов «Әйтеке би: мұрағат мәліметтерін қайта зерделеу мәселесі» тақырыбында баяндама жасады. Көтерілген тақырыптар бойынша қатысушылар ой-пікірлерін ортаға салды.
Сонымен қатар қоғам қайраткері, республикалық Жалаңтөс баһадүр қорының президенті Нажмадин Мұсабаев, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Өтеубай Қожақов сөз сөйледі.
Бұдан кейін кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен салынған «Әмір Арена» спорт кешені ашылды. Жаңа ғимараттың лентасы қиылып, қонақтар спорт кешенінің жұмысымен танысты. Салтанатты шарада спорт саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, облыстық мәслихат депутаты, «Қазалы кәсіпкерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Тілеп» ЖШС директоры Ибайдулла Тілеп құттықтау лебізін жеткізді. Жеке кәсіпкер Шынар Өтегенованың демеушілігімен салынған 200 адамдық бұл кешенде жастардың футбол, баскетбол, волейбол, гандбол және күреспен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.
Қазалыда баспана салу жұмысы қарқынды. Былтыр аудандағы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 52 отбасыға баспана табысталды. Биыл да үлгілі үрдіс жалғасып, жалға берілетін тұрғын жай сатып алуға қаржы бөлінді. Осы орайда облыс басшысы әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін сатып алынған 120 пәтерлі 60 тұрғын үйдің кілтін табыстап, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Үй салған мердігер мекеме басшыларына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы және Сырдария аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Айтбай Көшербаев батасын берді. Үй беру рәсімінен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, ой-пікірлерді тыңдады.
«Бүгінгі күні ауданның газдандыру көрсеткіші 65 пайызды құрайды. Биыл ауданда 2,2 миллиард теңгеге елді мекендерді газдандыру бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда. Оның біріншісі 2023 жылдан өтпелі Абай ауылына орамішілік газ желісін жүргізу жұмыстары. Биылға елді мекенді газдандыруға 306,4 миллион теңге қаржы бөлініп, санаулы күндерден кейін Абай ауылы «көгілдір отынға» қосылады. Екінші жоба Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев ауылдарына газ құбырын жүргізу жұмыстары. Жоба құны 1562,5 миллион теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал үшінші Ақтан батыр ауылына орамішілік газ тарту жұмыстарына 325,9 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жыл аяғына дейін Ақтан батыр ауылы «көгілдір отынға» қосылатын болады. Осылайша ауданда елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 68 пайызға жеткізілмек. Мұнан бөлек газ отынына бейімдеуге ЖСҚ дайын 8 нысанға 312 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді» деген болатын газетіміздің өткен санында жариялаған мақаласында аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет. Міне, бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Қазалы қаласына іргелес жатқан Сарыкөл ауылдық округіне қарасты Абай ауылының «көгілдір отынға» қосылу салтанатына қатысты. Абайлықтардың қуанышында шек жоқ. Облыс әкімі бірнеше тұрғынға алғыс хат табыстады. Табиғи газ қосылғаннан кейін тұрғын үйге кіріп, «көгілдір отынның» берілуін көрді. Үй иесіне сый-сияпат көрсетті.
2024 жыл Сыр өңірінде аймақ басшысының бастамасымен «Руханият жылы» болып жарияланды. Бүгінде барлық ауданда «Руханият» орталықтары салынуда. Қазалыда құны 1,7 миллиард теңге болатын аталған нысанның іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Орталықтың құрылысы келер жылдың басына дейін толықтай аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі. Осы орталықтың құрылыс жұмысымен танысу үшін облыс әкімі арнайы атбасын бұрды. Мердігер мекеме «Асар» ЖШС бас құрылтайшысы Қ.Сақтағанов құрылыс жобасымен стенд арқылы таныстырды. Бұдан соң «Руханият» скверінің құрылысы және аймақ басшысының тікелей қолдауымен қайта жанданып жатқан Әйтеке би мен Қазалы қаласы аралығындағы 7 шақырымды құрайтын жолдағы күрделі жөндеу жұмысының қарқынымен танысты. Төрт жолақты жол құрылысы қазан айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Облыс басшысы бұдан соң орталық алаңға барды. «СК и Монтаж-Строй» ЖШС директоры М.Төребаев құрылыс жобасын стенд арқылы көрсетті. «Ауыл аманаты» жобасымен несие алған кәсіпкерлердің жұмысы да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Атап айтқанда, жеке кәсіпкерлер Лаура Серғалиева, Алмас Есенаманов және Толқын Бижанованың жұмыстарын көрді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА