Доллар 400 теңгеден төмен түсуі мүмкін бе: қаржыгер болжамы
Қазақстанда доллар бағамы 400 теңгеден төмен түсіп, сол деңгейде тұрақтай ала ма? Қаржыгер Венера Жаналина мұндай сценарий қандай жағдайда жүзеге асатынын және ұлттық валютаның бұдан әрі нығаюына не кедергі болуы мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сарапшының айтуынша, доллардың 400 теңгеден төмендеуін жоққа шығаруға болмайды. Алайда ол үшін бірнеше қолайлы фактордың басы бірігуі тиіс.
Теңгені не нығайта алады?
Венера Жаналинаның түсіндіруінше, теңгенің тұрақты нығаюы үшін әлемдік нарықта доллардың әлсіреуі, мұнай бағасының жоғары болуы, шетелдік инвестиция ағыны және Қазақстанның ішкі нарығында валюта ұсынысы жеткілікті болуы қажет.
"Доллардың 400 теңгеден тұрақты түрде төмен түсуі үшін бірден бірнеше фактордың үйлесуі қажет: әлемдік нарықта америкалық валютаның одан әрі әлсіреуі, Қазақстандағы жоғары нақты мөлшерлемелердің сақталуы, шетелдік инвесторлардың теңгелік мемлекеттік облигацияларға ағынының жалғасуы, мұнай бағасының жоғары деңгейі және ішкі нарықтағы валюта ұсынысының тұрақтылығы", - деп түсіндірді қаржыгер.
Сарапшы теңгені қолдайтын басты факторлардың бірі ретінде қазақстандық мемлекеттік облигациялардың жоғары кірістілігін атайды. Бұл оларды шетелдік инвесторлар үшін тартымды етеді, нәтижесінде ұлттық валютаға қосымша сұраныс туындайды.
Тағы бір оң сигнал - J.P. Morgan-ның қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздарды GBI-EM халықаралық индексіне енгізу мүмкіндігі үшін Index Watch-Positive мәртебесіне ауыстыру туралы шешімі.
"Егер болашақта бұл шетелдік инвесторлар базасының кеңеюіне әкелсе, капитал ағыны теңгені қолдайтын нақты тұрақты факторға айналуы мүмкін", - деп атап өтті Жаналина.
Сондай-ақ мұнай бағасының жоғары болуы да ұлттық валютаның пайдасына жұмыс істейді, бұл Қазақстанның экспорттық түсімдерінің артуына септігін тигізеді.
Доллардың 400 теңгеден төмен түсуіне не кедергі?
Дегенмен, теңгенің одан әрі нығаюын шектейтін факторлар да бар.
Ең алдымен, бұл доллардың өз позициясының мықтылығына қатысты. Қаржыгердің бағалауынша, АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесінің алдағы шешімдеріне байланысты белгісіздік фонында америкалық валюта инвесторлар үшін тартымды болып қала береді.
"Егер АҚШ-тағы мөлшерлемелер жоғары деңгейде қалса, долларлық активтердің кірістілігі дамушы нарықтардың кірістілігімен бәсекелесіп, теңгелік құралдарға капитал ағынын шектейтін болады", - деп түсіндірді сарапшы.
Сонымен қатар теңгенің шамадан тыс нығаюының өзі шетелдік инвесторлардың қызығушылығын төмендетуі мүмкін.
"Тағы бір парадокс бар. Теңге неғұрлым нығайған сайын, жаңа шетелдік инвестор үшін нарыққа кіру нүктесі соғұрлым тартымсыз болуы мүмкін. Қазақстандық облигацияларды өте нығайған теңге кезінде сатып ала отырып, инвестор ұлттық валютаның кейінгі әлсіреуі жоғары пайыздық кірістің бір бөлігін "жеп қоюы" мүмкін деген тәуекелді мойнына алады", - деді Жаналина.
Осылайша, тіпті қазақстандық облигациялардың жоғары кірістілігі шетелдік капиталдың тұрақты ағынына кепілдік бермейді.
Доллардың 400 теңге болуын күтуге бола ма?
Венера Жаналинаның пайымдауынша, әзірге доллардың 400 теңгеден төмендеуін ең ықтимал болжам емес, мүмкін болатын сценарийлердің бірі ретінде қарастырған жөн.
"Сондықтан қазір 400 теңгеден төмен деңгейді базалық болжам емес, факторлардың өте қолайлы үйлесуін талап ететін сценарий ретінде қарастырар едім. Оны іске асыру үшін тек жоғары базалық мөлшерлеме немесе қымбат мұнай жеткіліксіз - бір мезетте жаһандық доллардың одан әрі әлсіреуі және Қазақстанға капитал ағынының айтарлықтай сақталуы қажет", - деп атап өтті қаржыгер.
Сонымен қатар, Жаналинаның пікірінше, таяу болашақта валюта бағамының айтарлықтай құбылуы және жаңа тепе-теңдікті іздеу ықтималдығы жоғары. Ішкі экономикалық факторлар теңгені қолдауды жалғастырады, алайда әлемдік нарықтағы доллардың мықты позициясы мен АҚШ Федералды резервтік жүйесінің алдағы саясаты қазақстандық валютаның нығаю әлеуетін шектеуі мүмкін.










