Әділхан ЖӨЛЕКЕШОВ, аудандық білім бөлімінің басшысы: Білім мен тәрбие – баланың қос қанаты
Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің иесі. Олардың білімді, жаңашылдыққа жаны құмар болуы үшін ұстаздар аянбай тер төгуде. Бүгінгідей жаһандану заманында кез келген бағытта, жан-жақты білімді игеруге мүмкіндік мол. Тағы бір оқу жылы жаңадан басталды. Бізді қандай өзгерістер күтіп тұр? Білім саласында қандай жаңалықтар бар? Жаңа оқу жылы немен ерекшеленеді? Осы орайда аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Әділхан Оңдасынұлы, білім саласының жауапкершілігі жоғары, көтерер жүгі ауыр екенін білеміз. Алдағы уақытта осы саланың тәжірибелі маманы ретінде қандай жұмыстарды жүзеге асыруды ойлап отырсыздар? Жаңа оқу жылындағы жаңалықтармен бөліссеңіз...
– Шын мәнінде бүгінгідей өзгерістерге қадам басқан уақытта сапалы цифрлық білім беру жүйесіне көшу заманның талабы. Біздердің негізгі басым бағыттарымыздың бірі болуы тиіс. Осы ретте өңірде білім сапасын арттыру және оқушыларды ғылымға бағыттау, олар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру, тәлімді тәрбие беру мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынды. Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең бесігінді түзе!» деген тәмсілі санамызда. Бұл сөзден бүгінгі күніміз берекелі, келешегіміз кемел болуы үшін балғын балаларымызға толыққанды тәрбие беру керегін түсінеміз. Біз осы орайда ең алдымен мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиенің мәнін ашып, оның жан-жақты дамуының бағыт-бұйдасын түзеуіміз керек. Елде мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі өңірлік Жол картасы бекітілді. Жол картасы аясында 4 бөлім 17 міндет, 57 бағытта 140 іс-шара жүзеге асырылуда. Аудандағы 49 мектепке дейінгі ұйымда 4790 бала тәрбиеленуде. Өткен оқу жылы ауданда 38 мектепте 16 860, жаңа оқу жылында 17 146 оқушы білім алса, былтырмен салыстырғанда 286 балаға артты. Биыл 1-сыныпқа 1572 бала қабылданды. Жаңа оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда – 33, 2-11 сыныптарда – 34 оқу аптасын құрайды. Сондай-ақ, тілдерді кезең-кезеңімен оқыту шеңберінде 3-сыныпта «Шет тілі» пәнін оқыту енгізілсе, «Көркем еңбек» пәнін «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» пәндеріне бөліп оқыту жалғасады. Оқыту мен бағалауда жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейтіледі. «Жер елшілері» креативті жастардың Бүкілқазақстандық экологиялық қозғалысы» жобасы шеңберінде білім алушыларға экологиялық білім беру жүзеге асырылады.
– «Ел ертеңі – білімді ұрпақ» деген тәмсіл бар. Жалпы білім беретін мектептердің жай-күйі мен білім сапасы қандай деңгейде?
– Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі тарапынан білім сапасын арттыру мақсатында «мақсатты мектептерді» дамыту жобасы жүзеге асырылуда. Біздің ауданнан 6 мектепке (№90, 96, 98, 134, 182, 238) нысаналы көмек көрсетілетін болады. Әрбір білім беру ұйымына жауапты әдіскер бекітіліп, педагогтердің біліктілік арттыру курстарынан өтуі, оны сүйемелдеу, білім сапасына мониторинг жүргізу тұрақты бақыланады. Мақсатты мектептермен жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастыру білім бөлімінің жаңа оқу жылындағы басты міндеті. Жұмыс тиімділігі мектептердің қол жеткізген нәтижесімен бағаланады. Мектептердің даму бағдарламалары әзірленіп, 7 міндет 45 тармақтан тұратын әрбір мектеп дамуының нысаналы индикаторлары жасақталды. Педагог кадрлардың кәсіби біліктілігі мен мәртебесін арттыру, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту және бухгалтерлік есепті жүргізу, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, білім беру менеджментінің сапасын жақсарту, біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру, білім сапасын бағалау, педагогтерді әдістемелік сүйемелдеу міндеттері көзделген. Профильді дамыту бағытында пәндер бойынша «Тірек мектептер» желісін қалыптастыру жалғасуда. Ал «Тірек білім беру ұйымдары» ретінде 10 мектеп, 5 балабақша бекітілді. Биыл жаңадан «Тіл білімі мектебі», «Инженерлік мектеп» (робототехника, 3 Д модельдеу, СТЕМ), «БИО-ГУМ» табиғи тыңайтқыштарды әзірлеу» жобаларын жүзеге асырамыз. Ауылдық елді мекендерде білім сапасын, ұйымдар арасындағы байланысты арттыру мақсатында білім округі құрылды. Аудан орталықтарындағы инновациялық мектептерге магниттік мектептер ретінде елді мекенде орналасқан мектептерді бекітіп, тәжірибе алмасу алаңдары жұмысы үйлестірілді. Айта кетейін, дәстүрлі жалпы білім беретін пәндік олимпиаданың облыстық кезеңіне 32 оқушы қатысып, 24 оқушы жүлдегер болды. 1 оқушы республикалық кезеңнің ІІІ орын иегері атанды. Ал биыл алғаш рет өткізілген ауыл мектебі оқушыларының республикалық олимпиадасына 6 оқушы қатысып, 4 оқушы жеңімпаз атанды. Нәтижесінде Республикадағы «14 үздік ауыл мектебі» санатына №266 мектеп-лицей еніп, «Ең үздік ауыл мектебі» атағын иемденді.
– Ұлттық біріңғай тестілеуді аяқтап, үлкен жұмысты тиянақтадыңыздар. Иығыңыздан ауыр жүк түскендей. Білім саласының шыңдалар шағы осы – ҰБТ. Ал нәтижесі қандай? Биылғы түлектерді қандай ерекшеліктер мен өзгерістер күтіп тұр. Жалпы, оған дайындық қалай?
– Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орнына түсуге арналған іріктеу емтихандарының негізі. Сондықтан негізгі мақсат – бітірушілердің жинаған балы және таңдауы бойынша бағыт-бағдар бере отырып жоғары және арнаулы оқу орындарына, кәсіптік-техникалық колледждерге орналастыруға, бітірушінің себепсіз бос орналаспай қалмауына бақылау жасау. Аталған бағытта бітірушілермен кәсіби бағдар беру мақсатында жыл көлемінде жұмыстар атқарылуда. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен, мемлекеттік грант конкурсына қатысқан 693 түлектің 579 немесе 83,5 пайызы мемлекеттік грант иеленді. 2022-2023 оқу жылында 520 бітіруші мемлекеттік грант иегері атанған. Мамандықтар бойынша, педагогикалық бағытта – 137, медицинада – 67, техникалық бағытқа – 208, ауыл шаруашылығы саласына – 16, басқа да мамандықтар бойынша – 151 түлек.
– Қазір жаңа технологияның дамыған кезеңі. Оның үстіне соңғы уақытта жасанды интеллекттің өмірімізге ептеп енгені бар. Айтыңызшы, мектептерде бұл бағытта қандай жаңалықтар бар?
– Қазіргі ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған дәуірде мұғалім үшін мүмкіндіктер мен басымдықтар, жасанды интеллект балалардың игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс. Технологияның дамуына қарай оқытуда оқушының қабілетін, қажеттілігін, жеке ерекшелігін ескеруді ұмытпауымыз керек. Балалардың болашағын, олардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету, адам мен компьютердің артықшылықтарын біріктіру арқылы білім беруді тиімді етіп, ал мұғалімнің жұмысын шығармашылыққа айналдыруға болады. Өңірде білім беру саласын цифрландыру және интерактивтік технологияларды оқу процесіне енгізу бағытында бірқатар шаралар атқарылуда. Цифрлық технологияларды белсенді түрде қолдануды жалғастыру, қолда бар ресурстар мен инфрақұрылым мүмкіндіктерін кеңейту арқылы сапалы білімді қамтамасыз ету қажеттілігі еселей түсуде. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру Жол картасының 82-тармағы бойынша, балалар қауіпсіздігін, асхана мен кітапхана жұмысын цифрландыруға бағытталған сәйкестендіру карточкалары жүйесімен қамтылған мектептер үлесі 75 пайызды құрауы тиіс. Осы бағытта тиісті қаржы бөлініп, 10 мектепке аппараттық бағдарламалық кешен орнатылды. Бүгінде «Күнделік» электронды журнал ақпараттық жүйесіне барлық мектеп қосылған. Жүйеде 2648 педагог, 17 146 оқушы, 11 127 мыңнан аса ата-ана тіркеліп жұмыс жасайды. Мектептің сапалы оқу-әдістемелік ресурстары, цифрлық контенттер және дамыған материалдық-техникалық база білім беру процесін жетілдірудің маңызды аспектілерінің бірі. Қазіргі таңда мектептерде 67 жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытатын кабинет болса, биыл 6 жаңа пәндік кабинет сатып алуға 86 миллион 187,8 мың теңге қаржы бөлінді. Алдағы оқу жылына 4 мектеп 39 миллион 200 мың теңгеге СТЕМ кабинеттерімен қамтамасыз ету жоспарда тұр. Мектептер 56 интерактивті панель, 1 мектеп ЛЕД-экрандармен жабдықталған. Ауданда 6 мектеп StarLink желісіне қосылу үшін 8 миллион 987 мың теңге қаржы бөлініп, жоғары жылдамдықтағы интернет желісі орнатылды. «Қазақстан Халқына» қоры арқылы ауылдық жерлердегі ресурстық орталықтар ретінде биыл 1 мектеп интерактивті және заманауи оқу кабинеттерімен қайта жабдықталуда. Білім саласында ақпараттық коммуникациялық технологиялық сауаттылық қоғамдағы қарым-қатынаста табысты қызмет көрсету және ақпарат алмасу үшін маңызды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде «Астана хаб» халықаралық «Айти-стартаптар технопаркі» корпоративтік қорымен бірлесіп, мектеп оқушыларына бағдарламалау негіздерін оқыту онлайн білім беру платформасына пилоттық режимде 2 мектеп қатысуда. Пилоттық мектеп педагогтары «Жасанды интеллект» және «Гейм Девелопмент» бағыттарында 15 шілдеден бастап 6 айлық курстан өтуде. Жасанды интеллект бағытымен – 2 педагог білімін жетілдіруде. Арнайы біліктілік арттыру курстарынан өткен педагогтер 2025 жылдың қаңтар айынан бастап оқушыларды бағыттар бойынша оқытуды бастайды.
– Бала қауіпсіздігі – елдегі ең басты мәселелердің бірі. Білім ордалары тек оқыту және тәрбие ісімен айналысып қана қоймай, баланың қауіпсіздігін басты назарда ұстауы қажет. Ал аудандағы мектептерде бала қауіпсіздігі қалай сақталады?
– Құлыншақтардың қауіпсіздігі әрқашан қаперден шықпайды. Ауданымызда террористік тұрғыдан осал объектілердің І тобына – 6 мемлекеттік, 1 жеке балабақша, ІІ топқа – 8 мемлекеттік, 1 жеке балабақша жатады. І және ІІ топқа жататын барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар хабардар ету жүйесімен, дабыл түймесімен, бейнекамерамен, домофонмен қамтылған. 2024 жылы ІІ топқа жататын 2 балабақшаға талапқа сай бейнекамера орнатуға 14 400,0 мың теңге бөлініп, келісім-шарт жасалды. Биыл 9 мектепке 5 700,0 мың теңге бөлініп, стандартқа сай бейнекамералар орнатылуда. Сондай-ақ, үнемделген қаржы есебінен тағы да 4 мектепке бейнекамера орнатуға келісім-шарт жасалды. 2024-2025 оқу жылында әлеуметтік осал топтағы оқушыларды қолдау мақсатында – 4166 оқушыға «Жалпыға міндетті оқу қоры» есебінен 43 407 теңге көлемінде қаржылай көмек беріліп, ата-аналары мен заңды өкілдерінің есеп-шоттарына қаржысы толық аударылды. 2023-2024 оқу жылында 1-4 сыныпта – 6 694, 5-11 сыныпта – 1833 оқушы барлығы 8 527 оқушы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылып, оған 961,0 миллион теңге қаралған. Сонымен қатар, мектептерді оқулықпен қамтамасыз ету мақсатында 10 баспадан оқулықтар алынып, білім беру ұйымдарына толық үлестірілді.
– Білім саласы жыл сайын бір жаңалықпен оқу жылын бастайды. Бұл қаншалықты білім сапасын дамытуға септесуде?
– Оқушылардың білім стандартына сәйкес реформалар жылма-жыл толық қамтамасыз етіп отырады. Ата-аналар тарапынан балаларының білімге деген көзқарасын дамыта отырып жаһандық білім жүйесіне көшудегі оң өзгерістер көшіне ілесіп нәтижеге қол жеткізу – басты мақсатымыз. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүкен Мәсімханұлының «Ұрпақты құстың балапанына теңесек, білім мен тәрбие – оның қос қанаты. Егер екі қанаттың біреуі дұрыс жетілмесе, ертең оның зеңгір көкте еркін самғауы неғайбыл» деген қанатты сөзі көптің жадында болар. Құс болып ұшу да, балық болып жүзу де мамандық, ал сол қиын-қыстау ғылым мен ауыр мамандықтарды игере жүріп, ізгілік пен парасаттылықты ту қылып ұстау бұл – адамдықтың белгісі. Яғни мамандықтың негізінде адамдық тұруы керек. Мектеп соның іргетасын қалайтын негізгі алтын ұя. Сапалы да, саралы білім жолының бастауы терең, мағыналы, өнегелі, рухани тәрбиеде жатқаны бәрімізге белгілі. «Талапшыл ұстаз болса – талантты шәкірт өсер» деген де бар. Бұл парасат пен ұлағаттың шырағын жаққан әрбір ұстаз өзінің терең білімі, тағылымды тәрбиесі, өнерімен бала үшін үлгі бола отырып, шәкіртінен шынайы білікті талап етіп, шырынды нәр алуы. Сондықтан жаңа заманда, өзгермелі қоғамда білім беру үрдісі де, технологиясы да уақыт деңгейімен демде құбылып, заманның зердесіне сай бейімделіп, өзгеріп отыруы заңдылық. Әрбір ұстаз осы құбылыстар мен өзгерістердің өзегіне кіріп, оң істердің орамын тауып, оны шәкірт бойына талғамды баппен бере білуі керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айнұр ӘЛИ