Жаңарған өлкем, жанданған мекен
Аудан орталығы – Әйтеке би кентінен 40 шақырым қашықтықта орналасқан Жанқожа батыр ауылы әлеуеті жоғары, тұрғындарының тыныс-тіршілігі қалыпты. Жерінің көлемі – 18 334 гектар. Оның 4916 гектары жайылымдық жер болса, 3737 гектары шабындық, ал 714 гектары егістік жерді құрайды. Бұл ауылда – 1634 адам тұрады.
Арықбалық ауылдық округінде өткен жылы 92 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, олардан 2 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Маусымдық жұмысқа 14, ақылы қоғамдық жұмысқа 49, жастар практикасына 12 жас маман тартылған. Сонымен қатар күміс жас бағдарламасы бойынша 8, алғашқы жұмыс орны бағдарламасы бойынша 1 адам жұмыс істеген.
Батыр атындағы ауылда кәсіпкерлік кең өріс алған десек болады. 34 шаруа қожалық, 2 заңды тұлға, 58 шағын кәсіпкерлік тіркелген. Халыққа 5 дүкен, монша, тұшпара өндіру цехы, 6 жолаушылар тасымалы, жүк тасымалы, мүлік жалға беру, 2 балық өнімдерін өндіру орны қызмет көрсетеді. Ауылда құрылыс-жөндеу жұмыстарымен айналысатын кәсіпкер де бар. Мал шаруашылығымен айналысатындар қатары да уақыт өткен сайын артып келеді. Елді мекенде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 1 кәсіпкер 15,7 миллион теңге несие алса, 2 кәсіпкер бағдарламалардан тыс екінші деңгейлі банк және қаржылық ұйымдар арқылы 7 миллион несие алып кәсіп жүргізуде. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы 14 адам кәсіпкерлік негіздері туралы білім алды. Нәтижесінде 1 тұрғын 1 380 000 теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 1 тұрғын 3 миллион несие алды. «Алдағы уақытта қаржы ұйымдары арқылы шаруашылықтарды несиелендіру бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз», – дейді «Арықбалық» ауылдық округінің әкімі М.Қайруллаев.
Ауылда «Орынтай» ШҚ тоған шаруашылығы жұмысын бастады. Бір азамат тоған шаруашылығын ашу үшін жерін, екі кәсіпкер құжаттарын дайындап жатыр. Ауылдық округ бойынша мал шаруашылығымен 34 шаруа қожалығы айналысады. Шаруа қожалықтары 3737 гектар шабындық жерден 1500 тоннаға жуық мал азығын даярлап, қамтамасыз етуде. «Коммуна» су арнасына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.
– Ауыл орталығындағы 10 көшенің 9-ы толық жөндеуден өткен. Ауыл көлеміндегі барлық көшелердің ұзындығы 10,7 шақырым болса оның 10,3 шақырымына асфальт төселінген. Жол ережелерін сақтайтын белгілер, жүргіншілер жолы салынған, сонымен қатар аталған көшелерге түгел жарық шамдары орнатылған. Ағымдағы жылы көгалдандыру бойынша мердігермен келісім шартқа отырып, көркейту-көгалдандыру жұмыстар жүргізілді. Аптасына 2 рет сусорғыш арқылы ауыл тұрғындарының бау-бақшаларына аяқ су беру жолға қойылған. 25 гектар жер белгіленіп, бау-бақша дақылдары егілді. Көктемгі, күзгі көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық айлығына мекемелер мен ауыл тұрғындары, ауыл жастары белсене араласуда, – дейді ауыл әкімі.
2024 жылы мектеп бітірген 16 оқушының барлығы ҰБТ-ға қатысты. 3 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. №24 «Жауқазын» бөбекжай-балабақшасында 90 бала тәрбиеленуде. Дәрігерлік амбулаторияда күнделікті келген науқастарды қабылдап, халық игілігіне жұмыс жасауда. Сырқаттарға 11 төсектік күндізгі стационар қызмет көрсетеді. Жыл көлемінде 42 ауылдық, 6 аудандық мәдени іс-шара өткізілген. Қамтылған көрермен саны 4300 адам. Ауылдың өнерпаздары аудандық 32, облыстық 4 және республикалық 2 байқауға қатысты. Ауыл кітапханасында 21958 кітап қоры бар. Орталықтағы шағын спорт алаңы мен спорт мектебі тұрақты жұмыс жасап, жеткіншектердің жігерін жанып, спорттың түр-түріне баулып келеді. Спорт мектебінде 88 бала дайындықтан өтуде. 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Аса қауіпті аурулардың алдын-алу жоспарларына сәйкес ауыл шаруашылық жануарларына диагностикалық тексерулер мен жұқпалы ауруларға қарсы ем-шаралары кестеге сай толықтай атқарылуда. Биылғы жылы ауыл көлемінде кенеге қарсы ветеринариялық шаралар жүргізілді. Күл-қоқыс тастайтын арнайы жерді ауыстыру бойынша халықтың ұсынына сәйкес аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, полигон жері мал қорымының жанына ауыстырылған. Өткен жылы қатты қалдықтарды бөлек сұрыптайтын 3 дана контейнер орнатылған.
– Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектепті 2004 жылы мектеп бітірген түлектер ауылдың кіреберіс паспортын әктеп, сырлап, «Жанқожа батыр ауылы» деген жазуды қайта орнатып, жарықпен қамтамасыз етті. 1984 жылы мектеп бітірген түлектер орталығында орналасқан субұрқаққа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Темір қоршаумен қайта қоршап, әктеп, сырлап, жаңа субұрқақ, түнгі жарықшамдар орнатты. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 1994 жылғы түлектері ауылдың кіре берісіндегі қақпаға жарықтандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл шаралар батыр бабамыздың мерейтойына керемет тарту болды.
Ал биыл ауыл ажарын арттыруға күш салынуда. Орталықтағы ардагерлер алаңын абаттандыруға, жайлы мектеп бағдарламасы аясында ауыл көшелерін жарықтандыруға, жаяу жүргіншілер жолы, автотұрақ және мектепті сыртқы абаттандыру жұмыстарына және ауыл көшелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек, – дейді алдағы жоспарларымен бөліскен ауыл әкімі.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА