Жаңарған ауылдың жасампаз келбеті
Соңғы уақытта ауданға қарасты ауылдық округтер жаңаша тыныс алып, ондағы сала түрлері де қарқынды дамып, жандануда. Бүгінгі мақаламызда жасампаз келбетімен, жаңаша кейіпке енген Арықбалық ауылдық округінің толымды тірлігі мен жемісті жетістігін арқау етпекпіз.
Әуелі «Әлқиссаны» әріден бастап, ауылдың құрылу тарихына тоқталсақ. Жалпы Арықбалық ауылдық округі бұрынғы Қазалы уезіне қарасты Арықбалық болысы негізінде 1928 жылы құрылған. Алдымен Арықбалық ауылдық кеңесі болып, оған Қазалы қаласының батыс беті, қазіргі Көларық ауылдық кеңесіне қарасты елді мекендер мен Қарлан, Әлсейіт, Құмбазар аралығындағы Сырдария өзенінің бойы қараған.Сондай-ақ Қарақұм бойындағы қазіргі Шәкен ауылдық округіне қарасты жерлер де осы округ аймағы болып танылған. Кейін округтен, анығын айтқанда 1980 жылдары Көларық ауылдық округі, 2005 жылы Шәкен ауылдық округі бөлініп шықты.
Жанқожа батыр ауылының бұрынғы атауы бұрын Жиделі болған. Осы орайда «Бұл атау қайдан шыққан?» деген заңды сұрақ туындайды. Қолдағы деректерге сүйенсек, 1928 жылы бірнеше бірнеше артельдер мен серіктесіктер бірігіп, Жиделі колхозы құрылған. Сөйтіп колхоз орталығы болған. Колхозды әр жылдарда Ашықбай Жұбанышов, Қожан Әйбеков, Кеулімжай Күнбергенов, Дабыл Дүнкеев, Садық Дәрібаев, Қанаттар Қайбергенов сынды азаматтар басқарған. 1950 жылы шілде айында Жиделі, Чапаев, Демитров, Жаңалық, Интернационал секілді ұсақ колхоздар бірігіп, Ленин колхозы болды. Оны 1961 жылға дейін Әбілез Оспанов басқарды. Сол жылы колхоз Көларық колхозына қосылып, совхоз болып құрылады. 1963 жылы қайтадан бөлініп, Қазақстан 40 жылдығы атындағы совхоз болып қайта құрылды. Совхозды Ә.Оспанов, Қ.Мақанов, А.Досқожаевтар басқарды. 1969 жылы Шынтас Жалғасбаев директор болып тағайындалып, 1991 жылға дейін басқарды. 1991 жылы шаруашылық орталығы Жиделі ауылына «Жанқожа батыр» атағы берілді. Шаруашылықты 1997 жылы таралғанға дейін Берік Бисембаев басқарған.
Аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Жанқожа батыр ауылына бір кездері тоқыраудың тоқпағы тисе де, бертін келе уақыттың заңдылығына бағынып, бойын түзеп, көштен ілгері келеді десек артық айтқандық емес. Бүгінде ауылда 1634 адам тұрғын тіршілік кешіп, түтінін түтетіп, берекелі ғұмыр сүруде.
Шаруашылығы ширап келеді
Мұндағы тұрғындар негізінен егістікпен және мал өсірумен айналысады. Округте 34 шаруа қожалығы бар. Есепті мерзімде ауыл көлемінде мүйізді ірі қара 3279, қой-2716, ешкі 2368, жылқы 1439, түйе 175, құс 500 басты құрап отыр. Шаруа қожалықтары 3737 гектар шабындық жерден 400 тоннаға жуық мал азығын даярлап, өз-өздері мал азығымен қамтамасыз етуде. Осыдан-ақ ауыл тұрғындарының шаруаға ширақ екендігін аңғаруға болады. Олар тек осы берекелі ісімен тек өз қажеттіліктеріне қол жеткізіп қоймай, ауылдың, қала берді ауданның агро-өнеркәсіп кешенін дамытуға өз үлестерін қосып келеді.
Мал жайылымын кеңейту мақсатында «Шәкен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдаланылмай отырған 817 гектар жер учаскесі мемлекетке кері қайтарылды. Облыстық мәслихат депутаты Н.Имандосовтың көмегімен мал жайылымын суландыру үшін қажетті бөгеттер салынды.
Кәсіпкерлікке – кең өріс
Азаматтардың жұмыссыз жүруі ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасына тікелей әсер ететіндігі сөзсіз. Осы ретте ауыл әкімі Мәулен Қайруллаевтан ауылдағы жұмыссыздардың жұмыспен қамтылу жайын сұрадық.
– Жалпы жұмыссыздарды жұмыспен қамту мәселе күн тәртібен түскен емес. Бұған баса назар аударамыз. Биыл 59 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның 12-сі тұрақты жұмысқа орналасқан. Нақтыласақ, 2 адам маусымдық жұмыс орнына, ақылы қоғамдық жұмысқа 39 адам, жастар практикасына 10 жас маман, күміс жас бағдарламасы бойынша 8 адам, алғашқы жұмыс орны бағдарламасы бойынша 1 адам тартылған. Ауылда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы жоқ, – дейді ауыл әкімі.
Ауыл әкімінің сөзіне сенсек, ауыл халқының әлеуеті біршама жақсарып, тұрмысы оңалғандығын байқатады. Әуелден-ақ еңбекке бейім ауыл тұрғындарының осы күні бос жүргенін көру қиын. Әрқайсысы қолынан келген іспен айналысып, кәсібін дөңгелетуге шындап кіріскен.
Бүгінде ауыл көлемінде кәсіпкерлік субъектілер саны 107, олардың 34-і шаруа қожалық, екі заңды тұлға, 71 шағын кәсіпкер. Оның ішінде бесеуі дүкен. Сондай-ақ монша,тұшпара өндіру, 6 жолаушылар тасымалы, жүк тасымалы, мүлік жалға беру, 2 балық өнімдерін өндіру, құрылыс-жөндеу жұмыстары, 53 мал шаруашылығы және басқада кәсіп түрлерімен айналысушылар шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында еңбек етуде. Ағымдағы жылы жаңа 33 кәсіпкер тіркелген. Жалпы халық санына шаққандағы кәсіпкерлер саны 6,5 процентті құрап отыр.
– Азаматтардың жұмыспен қамтылып, кәсіппен айналысуына мемлекет тарапынан арнайы бағдарламар қабылданғандығын жақсы білесіздер. Ауылда аталмыш бағдарламалардың аясында жұмыспен қамтылып қоймай, өздерінің потенциалын кеңінен пайдалануға мүмкіндік алған кәсіпкерлер де бар. 2023 жылы округ бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 1 кәсіпкер 15,7 миллион теңге несие алса, 2 кәсіпкер бағдарламалардан тыс екінші деңгейлі банк және қаржылық ұйымдар арқылы 7 миллион теңге несие алып кәсіптерін жүргізуде. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы 14 адам оқып, білім алды. Жалпы алынған барлық несиелердің көлемі 22,7 миллион теңге. «Қазалы несие» ЖШС арқылы құны 50,0 миллион тұратын жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта қаржы ұйымдары арқылы кәсіпкерлерді «Ауыл аманаты» жобасы аясында несиелендіру жұмыстарды жалғастыратын боламыз, – дейді ауыл әкімі.
Инфрақұрылымы да жаңғыруда
Ауылдың дамуына да инфрақұрылымның да түрлі әсері болатыны белгілі. Ауыл қалай дамыса, оның инфрақұрылымы да соған сәйкес ілгері басуы тиіс. Бұл жағынан батыр атындағы ауылда мәселе жоқ деуге болады. Себебі ауылда тұрмыс сапасы жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Сөзімізге тұздық болсын. Қолдағы бар мәліметке сүйенсек, ауыл орталығындағы 10 көшенің 9-ы толық жөндеуден өткен. Ауыл көлеміндегі барлық көшелердің ұзындығы 10,7 шақырым болса, оның 10,3 шақырымына асфальт төселінген. Жол ережелерін сақтайтын белгілер, жүргіншілер жолы салынған. Сонымен қатар 7 көшеге жарық шамдары орнатылған. Тозығы жеткен электр желілерін қайта жабдықтау жұмыстары жобасына қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.
Ауыл ішілік көшелерді ағымдағы жөндеу жұмыстарына конкурс жарияланса, кіре берістегі 3 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттамасы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Сондай-ақ балабақшаның алдына жасанды жол кедергілері орнатылды. Қазіргі таңда ауылдың кіре-берісіндегі аркаға бейне-бақылау камералары орнатылуда. Ендігі жол қауіпсіздігі учаскелік полиция иснпекторының пункті арқылы бақыланбақ.
Көгалдандыру – көптің ісі
Ауыл өмірінде оң ілгерілеудің бірі – ауылды абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау бойынша атқарылған жұмыстар болып табылады. Бұл ретте Жанқожалықтар әдеттегі дәстүрден жаңылмай, ауылды көркейту-көгалдандыру ісіне ерекше ден қойған. Ағымдағы жылы көгалдандыру бойынша мердігермен келісім шарт жасалды. Соның аясында көркейту-көгалдандыру жұмыстары кеңінен жүргізіліп, аптасына 2 рет сусорғыш арқылы ауыл тұрғындарының бау-бақшаларына аяқ су беру жолға қойылған. Сонымен қатар «Атсойған» каналы арқылы ауылдың бір бөлігіне аяқсу беру жұмыстары жүргізіліп келеді. Аудандық бюджеттен бөлінген қаржы шегінде аяқсу айдайтын каналдың арнасына бетондау жұмыстары жүргізілген.
Ағымдағы жылға бау-бақша егу үшін 25 гектар жер белгіленіп, бау-бақша дақылдары егілді. Аудандық мәслихат депутаты Н.Жалғасбаевтың демеушілігемен бау-бақша егу барысындағы су тапшылығын азайту мақсатында «Құмарық» каналына бөгет салынып, ауыл тұрғындарының тіршілік жасауына жағдай жасалды.
Ал ауыл тұрғындары тазалықпен бірге көгалдандыру жұмыстарына мән беріп, игілікті іске ұйытқы болып келеді. Бұл сөзімізге көктемгі, күзгі көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық айлығына мекемелердің қызметкерлері мен ауыл тұрғындары, сондай-ақ жастардың белсене араласып, көпке үлгі болып жүргендігі дәлел.
Әкіммен әңгіме барсында экологиялық ахуалды жақсарту және қоршаған ортаны қорғау мақсатында ауыл төңірегінен күл-қоқыс тастайтын арнайы жер бөлінгендігін білдік. Ағымдағы жылы қатты қалдықтарды бөлек сұрыптайтын 3 дана контейнер сатып алыныпты. Бүгінде қатты қалдықтарды қабылдайтын полигонға берілген жердің құжаттары әзірлену үстінде.
Айта кетейік, ауылға көрік беріп тұрған орталық саябақ бүгінде көпшіліктің жиі жиналатын жеріне айналған. Орталық саябаққа білім саласының ардагері Әзілхан Жақсылықовтың есімі берілді. Ол жерге электр желілерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп, абаттандырылды.
Ауқымды жұмыс атқарылуда
Жыл басынан бері 60 адам округ әкімінің жеке қабылдауында болды. Жеке тұлғадан 42 өтініш түсіп, оның барлығына да заң аясында жауап берілген. Есепті кезеңде округ әкімінің 161 өкімі, 55 шешімі шығарылды.
2023 жылға қаралған 94319,7 мың теңгеден, бүгінгі күнге 69406,5 мың теңге игеріліп, 8 айдың қорытындысымен 99,9 процентке орындалды.
Ауылдық округ бойынша 2023 жылға есептелінген барлық салық түрінен 2 572 000 мың теңге жоспарланып, 8 ай бойынша мүлік, жер салығынан 91733 мың теңге түсім түскен. Ал заңды тұлғалардың жер салығынан 20165 мың теңге түссе, заңды тұлғалардың көлік салығынан 105556 мың теңге түскен. Жалпы алғанда көлік салығынан 824047 теңге, жеке табыс салығы 1 269 620 мың теңге, барлығы 2 311 121 теңге түсім түсірілген. Жоспар 89,8 процентке орындалған.
Балалар білімге бейім
Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектептен биыл 19 оқушы түлеп ұшты. Олардың барлығы да ҰБТ-ға қатысты. Орташа балл – 86,1 балл. Түлектердің 13-і мемлекеттік грантпен, 4-еуі бюджеттік негізде жоғарғы оқу орнына, 2-еуі колледжге түсіп, оларға артылған үміт ақталды. Бұл шәкірттердің бойына білім нәрін егумен қатар оларға қажыр-қайрат беріп, болашақтың кілті тек оқуда екенін айтып, жол сілтейтін ауыл мұғалімдерінің еңбегі десек әбден жарасады. Жан-жақты білімді, озық ойлы ұстаздардан тәлім-тәрбие алған жастар бүгінде биік межелерден көрініп жүрген жайы бар.
Биыл ауыл халқы үшін қуанышты жаңалықтың лебі ескен жайы бар. Ауылда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 300 орындық мектептің құрылысы басталды. Білімге бейім балалар үшін бұл үлкен қуаныш екені даусыз. Алдағы уақытта ауыл балалары жаңа оқу ордасында білім алады. Ал №24 «Жауқазын» бөбекжай балабақшасында 90 бала тәрбиеленуде.
Сапалы медицина – саулық кепілі
Халық денсаулығы бәрінен маңызды. Сол үшін де адам денсаулығына жауапты денсаулық сақтау саласы қызметтерінің деңгейі мен сапасы, қолжетімділігі ең алғашқы орында болуы қажет.
Ауылдағы ағайын үшін медициналық көмекке деген қолжетімділік қарастырылған деп айтуға толық негіз бар. Округте 2013 жылы пайдалануға берілген «Жанқожа» дәрігерлік амбулаториясы науқастар үшін күнделікті қызмет етеді. Онда сырқаттарға 11 төсектік күндізгі стационар қызметі де бар. Дәрігерлік амбулаторияда барлығы 20 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда жоғарғы білімді 1 маман, арнаулы орта білімді 12 маман, 7 техникалық қызметкер халық игілігі үшін қалтқысыз еңбек етуде.
Адамзаттың саулығы қоршаған ортаның саулығына, әсіресе, жан-жануар әлемінің саулығына тікелей тәуелді. Осы бір қағиданы үнемі жадынан шағармайтын ауыл ветеринариясы да баршаның саулығы үшін жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда. Атап айтсақ, мал шаруашылығында аса қауіпті аурулардың алдын-алу жоспарына сәйкес ауыл шаруашылық жануарларына диагностикалық тексерулер мен жұқпалы ауруларға қарсы ем-шаралары кестеге сай орындауда. Нақтыласақ, биыл ауыл көлемінде жоспарлы түрде кенеге қарсы ветеринариялық шаралар кеңінен жүргізілген.
Қос саланың қарқыны қуантады
Енді ауылдың мәдениетіне ойыссақ. Биыл жылдық жоспарға сәйкес түрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылп келеді. Нақтырақ айтсақ, жыл көлемінде 29 ауылдық, 6 аудандық мәдени іс-шара өткізілді. Қамтылған көрермен саны 4300 адам. Ауылдың өнерпаздары аудандық 13, облыстық 2, сондай-ақ республикалық 2 байқауға қатысты. Ал ауыл кітапханасы халыққа үздіксіз қызмет көрсетуде. Онда 21958 кітап қоры бар. Оқырман саны – 685 адам.
Бұқаралық спорт саласында халықтың дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылдануын қамтуды ұлғайту басым бағыттың бірі саналады. Соған сәйкес ауыл орталығында 2011 жылы шағын спорт алаңы, 2018 жылы спорт мектебі пайдалануға берілген-ді. Бүгінде екеуі де тұрақты қызмет көрсетуде. Спорт мектебінде төрт секцияда 88 бала оқиды. 20 адам жұмыспен қамтылған. Оның 17-сі тұрақты, 3-і маусымдық жұмыспен істейді. Биыл аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, шағын спорт алаңына жасанды газон төселді.
Жастарға жайлы жағдай бар
Ауылдық округ бойынша 14-35 жас аралығында 369 жас бар. Олардың білім алуы, жұмысқа орналасуы, денсаулығы, өзін-өзі дамытуы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне толыққанды қатысуы үшін тең мүмкіндік пен қолайлы жағдай жасау – кезек күттірмейтін мәселе.
Жанқожалықтар үшін де ауыл жастарын ауылдың қоғамдық өміріне белсене қатыстыру күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі саналады. Олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, мәдени-танымдық шаралардың ортасынан жиі табылуы үшін барынша қолдау көрсетілуде. Ізденген, талаптанған жас үшін кітапхана, мәдениет, спорт нысандарының есігі айқара ашық.
Айта кететін бір жайт, биыл шағын футболдан ауыл жастарының «Жиделі» командасы аудандық «В» лигасында өнер көрсетуде.
Имандылық ұйыған ауыл
Батыр ауылындағы «Сарықұл қожа» мешіті 2019 жылдан бастап халық игілігіне қызмет етіп келеді. Онда ауыл тұрғындарына, ауыл жастарына бағытталған имандылыққа баулитын түрлі іс-шаралар өткізіледі. Сондай-ақ діни экстремизмге қарсы күрес бойынша жұмыс жоспарлы түрде жүргізілуде. Мешіт имамының жалақысы ауыл тұрғындарының демеушілігі есебінен шеліген. Ал мешітті жөндеу жұмыстары, қатты отынмен қамтамасыз ету сынды жұмыстар ауылдың қайырымды жастарының арқасында жүзеге асырылуда. Ауыл тұрғындарының жан жадыратар осындай ісін естігенде ерекше сүйсінесің. Осындай ізгі істеріне қарап, жайсаңдар жиналған «Жанқожа батыр» ауылын «Имандылық ұйыған ауыл» десек жарасады.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ