Басылым бағы – оқырман

Ауданның айнасына айналған газетіміздің басты бетіне тұрақты оқырманнан үзінді беруді үрдіске айналдырған едік. Сол бір айдарымыздың бүгінгі кейіпкері – баспасөз саласында 35 жылға жуық еңбек етіп, ауданның әрбір басылымын мүлт жібермей оқитын оқырман Зоя Қыдырниязова.
Өзінің өмірлік жары, ауданның төл радиосының түлеуіне күш-жігерін жұмылдырған жан, «КСРО Құрметті байланысшысы» Ордабай Аяпбергеновпен де осы салада қауышқан. Өмірге тоғыз перзент әкелген қос жұп «Қазалы» газетінің әр санын үй-ішімен жібермей оқимыз дейді.
– Газетке басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын осы «Қазалы» газетінің бетінен 2009 жылдан бері оқып келеміз. Ол кезде тіпті газет жазылушылары көп тұғын. Қазір көбісі әлеуметтік желіге еніп кетті. Десек те, заман алға озып, әлеуметтік желі қаншалықты жедел дамығанымен, газет өз маңыздылығын жоймайтыны белгілі. Оған алып елдердегі газет оқу мәдениетін мысалға алсақ та жеткілікті. Бүгінде барша ұлт үлгі тұтатын Жапон елінің ұлттық басылымы – «Асахи симбун» газеті 10 миллион таралыммен шығады. Ондағы жұрт біз секілді желідегі жазбаға сеніп қалмайды, керісінше күмәнмен қарайды. Сіздердің газетте де сондай өміршеңдік тілеймін. Оқырмандарыңыз көп болсын, әрбір мақала әдеттегідей салмақты да сапалы болғай. Баспасөзге жазылу – ерікті. Бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезеңде сенімді әрі шынайы ақпарат алғысы келген, елінің ғана емес, өзінің де тағдырына бейжай қарай алмаған кез келген азаматтың газетке жазылудан қалыс қалмайтыны анық, – деді З.Қыдырниязова.
Хамза ӘЛИ