Абзал жандар ардақталды
Дәрігер – кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды сала мамандары қандай сый-құрмет, мадаққа да лайықты. Елімізде жыл сайын маусым айының əрбір үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің мерекесі ретінде тойланады. Жақында аталған мереке ауданымызда да жоғары деңгейде аталып өтті.
Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында өткен мерекелік шара алдымен дәрігерлер қауымының ізгілікке толы, қиын да қызықты жұмыстарын бейнелейтін қойылыммен басталды.
Мұнан соң аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет сахна төріне көтеріліп, ақ халатты абзал жандарды мерекемен құттықтады.
– Бұл күн – құрмет пен алғысқа бөленген, Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Ауырып, сырқаттана қалған жағдайда кез келген жан шипа іздеп, дәрігерлердің алдына барып, ақыл-кеңестеріне жүгінетіні белгілі. Қаншама адамның жанына дауа, тәніне шипа болардай ем тауып, өміріне араша түсіп жүрген дәрігерлер қауымына біздің айтар алғысымыз шексіз. Сіздерге аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі.
Мерекелік кеште бірқатар сала мамандары марапат төрінен көрініп, облыс әкімі мен аудан әкімінің, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының «Алғыс хаты» және Қазалы ауданының «Құрмет грамотасы» табысталды.
Сонымен қатар шарада мерейі үстем болған аудандық емхананың хирург дәрігері Серік Айбасов пен аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Раушан Қалуова «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал дәріхана бөлімінің меңгерушісі Күләйм Балқиева «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Мерекеге орай аудандық медициналық жедел жәрдем бөлімі мен Қожабақы және Ғани Мұратбаев ауылдық дәрігерлік амбулаторияларына жаңа жедел жәрдем автокөлігі табысталды. Сондай-ақ медицина саласының ардагерлері де назардан тыс қалмай, оларға аудан әкімінің мерекелік сый-сияпаттары тапсырылды.
Шарада аудан өнерпаздарымен қатар өнерлі медицина саласының қызметкерлері де өнер көрсетіп, жиналған жұртқа ерекше көңіл-күй сыйлады.
Кеш аяқталысымен қуанышында шегі болмаған Ғани Мұратбаев ауылы амбулаториясының маманы Мереке Бағдәулетқызы өз пікірін беріп, ауыл медицинасын қолдаған аудан әкімдігіне алғысын білдірді.
– Ең алдымен барша әріптестерімізді мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Осынау маңызы зор салада қызмет атқару асқан жауапкершілік пен төзімділікті қажет етеді. Міне, мереке қарсаңында ауылымздың амбулаториясына жедел жәрдем автокөлігі сыйға тартылып жатыр. Заман талабына сай, лайықты өмір сүру үшін ауылдықтарға ғана емес, жалпы жұртқа сапалы медициналық инфрақұрылым ауадай қажет екені белгілі. Мемлекет басшының өткен жылғы жолдауында осы мәселелер анық айтылған еді. Президентіміз берген уәдесінде 2024 жылы ауыл-аймақ тұрғындарына көптеген жағдайлар жасалады деген. Биыл бұған дейін де жасалып келе жатқан ілкімді іс одан әрі алға басты десек болады. Мемлекет басшысының миссиясын бұлжытпай орындап, аудан халқының алғысын алып жатқан М.Зинабдинұлына алғысымды білдіремін, – деді ол.
Серік АҚМЫРЗА