Ақ халаттыларға құрмет көрсетілді
Елімізде маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні адам жанының
арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді.
арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді.
Осыған орай Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында медицина қызметкерлерінің мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.
Салтанатты шарада алдымен дәрігерлер қауымының пандемия кезіндегі ерліктері бейнекөрініспен көрсетіліп, сол бір қиын уақытта өмірден озған әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сахна төріне көтеріліп, ақ халатты абзал жандарға жылы лебізін білдірді.
– Бұл күн құрмет пен алғысқа бөленген, Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Халық оларды «адам жанының қорғаушысы» деп жатады. Ауырып, сырқаттана қалған жағдайда кез келген жан шипа іздеп, дәрігерлердің алдына барып, ақыл-кеңестеріне жүгінетіні белгілі. Үмiтке үмiт жалғап, деннің саулығын, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын да осы дәрігерлер қауымы.
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, төгілген тер, танытқан төзімдеріңізге алғыс айтамын. Алдағы уақытта да көптің ризашылығына бөленіп, ел өмірінің жақсаруына өз үлестеріңізді қоса берулеріңізге тілектеспін.
Шипалы қолдарыңыздан емін тапқан азаматтар көп болсын! Отбасыларыңызға, өздеріңізге амандық, саулық тілеймін.
Мемлекетіміздің медицина саласына адал қызмет етіп, абыройлы болыңыздар! Еліміздің бүгіні баянды, ертеңі нұрлы, келешегі келбетті болсын, – деді аудан басшысы.
Медицина қызметкерлері мерекесіне орай бірқатар сала мамандары марапат төрінен көрінді. Олардың қатарында облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, аудан әкімінің Алғыс хатына ие болғандар бар.
Аудандық емхана бөлімінің кардиолог дәрігері Зульфина Қуаныш «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталса, «Үздік провизор» номинациясына ие болған дәріхана бөлімінің меңгерушісі Күләйм Балқиеваға 500 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Мерекелік шарада өнерлі медицина саласының қызметкерлері әуелете ән шырқап, мың бұрала би биледі. Мәселен, Қазалы ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Күншығар Әбіл «Анажан», емхана бөлімінің фелдшері Нұржан Қасым «Біз біргеміз», емхана бөлімінің мейіркеші Күләш Қартабаева «Жақсы адамдарым», рентген эндоваскулярлы хирургия бөлімінің мейіргері Әлия Сүлейменова «Жан қорғаны», Қазалы дәрігерлік амбулаториясының аға мейіргері Қасиет Өтепова «Замандастар» әндерін шырқады.
Мәдениет орталығына жиналған көпшілік медицина саласының қызметкерлерінің өнеріне тәнті болып, қошемет көрсетті.
Мерекелік шарада медицина саласының ардагерлері де назардан тыс қалған жоқ. Шараға арнайы шақырылған Сержанқожа Берденов, Тиыштық Мүбереков, Тасболат Құрман, Адия Айтчекова, Серік Айтчеков, Дина Қожахметова, Мұхан Ізбасаров, Гүлбарам Бейсембековаларға сый-сияпаттар тапсырылды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат