Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Той һәм ой: ессіз ойын, зілсіз әзіл

Той һәм ой: ессіз ойын, зілсіз әзіл

фОТО: ашық дереккөзден
Жас жұбайлардың шаңырақ көтеру тойы қаланың қақ төріндегі мейрамханада өтіп жатыр. Керемет кеш, көтеріңкі көңіл. Кенет асаба ұйымдастырған ойын басталды. Ортаға әр жастағы келіндер шықты. Алдымен олардың «стажын» анықтап алды. Одан соң түрлі сұрақ қойды. Алғашқысы сол баяғы «нешеде тұрасың?». Әзілдескен жеңгелер жауап беріп әлек. Ал әлгі асаба болса, сол келіндердің енесін іздеп, тіпті қазбалап кетті. Бұл «тізесі шыққан» ойыннан от шықпады дейсіз бе? Әлеуметтік желіде осыған ұқсас ойынның қаптап жүргенін көрген боларсыз. Пікірдің басым бөлігі ессіз ойындарға тыйым болса дейді.
Қазір асабаның не тойға келушілердің әр ісі, сөзінен соң артынан өлең қосып жіберу сәнге айналыпты. Анау-мынау музыка емес, соңғы шығып жатқан «приколдардың» дыбысы. Кейде қаттыға кетіп, тілек айтуға шыққан адамды ұялтып жатады. Кейбіріне бұл ерсі көрінгенімен, әзіл көтере алатын адам мән бермеуі керек дегенді алға тартатындар бар. Өйткені тойға тек көңіл көтеру үшін бару керек дейді олар. Қалаға, облысқа танымал асаба Айбек Қоңырбайдың музыка қоюшысы, қазіргі тілмен айтқанда диджейі Бейбарыс Төлегенұлымен байланыстық. Себебі қазір оның әр әуен қойған видеолары әлеуметтік желіде көп қаралым жинауда.
– Ес білгелі аппаратурадамын. Бұл – менің кәсібім әрі сүйікті ісім. Тойда кез келген уақытта мұндай әзіл дыбыстарды қоя бермеймін. Өзінің реті болады. Тіпті психолог секілдіміз. Адамның сырт бейнесіне, өз-өзін ұстауына қараймын. Егер әзіл көтерердей жан болса, барынша ренжітіп алмайтындай музыка келтіріп, санаулы секунд ішінде қойып қаламын. Әсіресе үлкен той емес, жастардың кеші, туған күндерде мұндай әзілдер жақсы қабылданады. Біз де тойдың ретін білеміз. Барынша салмақты әзілдерді пайдаланамыз. Кештің көңілді өтуі, асабаның жүргізуіне дем болуы тікелей музыкантқа да байланысты деп ойлаймын. Ал үлкен тойлардағы қаттыға кеткен ойын мен әзілдерді мен де құптамаймын, – дейді ол.
Қазір ғаламтор дегенің жақсы болды. Кім не ішті, не жеді, не киді жарыса желіге салып отырғанымыз сол. Біреуі екіншісінен, екіншісі үшіншісінен оза шапқысы келсе, құда-жекжат, көрші-көлемнің сөзіне қалмайын, дұшпанға таба болмайынды желеу еткен көбі көрпесіне қарай көсіле алмай жүр. Жаңылтпаш болып кетті ме? Жай ғана той туралы ойымызды саралап көрейік.
Өткенде әлеуметтік желіде қыз жасауын «өлтіріп» тұрып әкелген құдаларды көрдік. Видеода жеңгелері қыздың артынан әкелген 12 түрлі шубаны былай да былай ойқастап жатыр. Қызыл, сары, ақ, қара, тіпті біз ажырата алмайтын түстерінен көптеп алған екен. Біреуін қыдырғанда, біреуін жұмысқа, енді біреуін дүкенге барғанда киеді-мыс. Онымен қоймай сол тонға «подцвет» 12 түрлі сөмке, 12 түрлі бас киімі бар. Құдай-ау, шегі жоқ, шеті жоқ. Мақтанышпен айтылған ыңқыл-сыңқылдар. Қысқасы, сыншыл сырт көз бұған қызыққаннан гөрі қызғанышпен қарап жатты. Арасында шектен шыққандыққа басып, тұтас әулетті сөгіп алғандары бар. Қош. «Той – халықтың қазынасы» дейді. Оған тыйым салып, қазынамыздан айырыла алмаспыз. Дегенмен, артық даңғазалыққа тоқтам да болуы керек шығар?


КӨРПЕҢЕ ҚАРАП КӨСІЛ


Әдемі гүлмен безендірілген хан сарайындай салтанат үйі, бағалы көліктер, бірнеше орынға аста-төк жасалған дастарқан – ысырапшылдық емес, халық үшін «бәсекеге» айналғандай. Хәкім Абай «Бес асыл істің бірі – қанағат» екенін айтады. Десе де қазіргі қоғамның осындай игі қасиеттерден алшақтап бара жатқаны бізді де алаңдатпай қоймады. Қазақ халқы ертеден барға қанағат, жоққа сабыр еткен. Ата-бабамыз кеңпейіл, қонақжай болғанымен «судың да сұрауы бар» деп артық ысырапқа жол бермеу керегін ұрпақ санасына сіңірген. Алайда бүгінгі күні бос мақтангершілік пен даңғазалыққа бойымызды үйретіп алдық. Қарыз алып той жасайтынымыз тағы бар. «Ұят болмасын» мен бәсекелестіктің «сөзге қалмайығы» дінімізге қайшы ысырапшылдыққа жол беруде. Сәбиді қырық күнінен шығарудан бастап шілдехана, баласының тілі шығып түген жасқа келсе де той жасайтындар жоқ емес. Күнделікті көріп, естіп жүрген түрлі жағдайға құлағымыз үйреніп келеді. Бір жылдары танымал кәсіпкердің немересінің тойына жасаған 59 миллион теңгенің торты елді шулатқан болатын. Ал енді қарапайым арифметикаға сүйенсек бұл қаржыны 60 мың айлық алатын қатардағы қызметкер, 82 жыл бойы үздіксіз жұмыс істегенде ғана таба алады екен. «Қырсыздың сылтауы қырық, епсіздің сылтауы елу» дегендей дәулеті асқандар бірнеше миллиондарын жұмсап, шетелден әнші шақыртып, ұлан-асыр той жасайды. Ал қатарынан қалмауды көздеген тұрмысы төмен жандардың жалған намысты желеулетіп жоғары пайыздық несие алып, той жасамағанда несі қалды?!
Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыда өткізілген үйлену тойы ұятты оқиғамен аяқталған еді. Банкеттің ақшасын толық төлеуге шамасы келмегенін көрген мейрамхананың қожайыны қалыңдықты кепілдікке қалдыруды талап етіпті. Күйеубала жақ банкеттің 70 пайызын ғана төлеп, қалған жарты миллион соманы тойға келген қонақтардың «сыйлығынан» дәметкен. Алайда шақырылғандардың көбісі келмей қалып, келгені қажетті соманы жаба алмапты. Сөйтіп, түн ортасында күйеубала көлігін жарты бағаға сатуға мәжбүр болған. Өйтпегенде қайтсін? Сүйіктісін кепілдікке қою кімге оңайға тиер дейсіз... Әрине, табысы молдар емін-еркін көл-көсір той жасауға мүмкіндігі бар. Тойлатамын деушілерге бұл заманда қызметтің де түр-түрі ұсынылуда. Тек ақшасын төлесең болды. Ал тапқан-таянғанын тек күнделікті қажеттілігіне әрең жеткізіп отырғандар ше? Айтпағымыз, той жасауға шектеу емес, қанағатты серік етіп тойымызды қарызданбай, «көрпемізге қарай көсілсек» артық ысырап та, күйзеліс те болмас еді.


КРЕДИТКЕ КЕЛГЕН КЕЛІН

Той туралы ой келсе, өткеріп жатқан тойға жұмсалатын қаражат пен сол тойдың өтуіне алынған кредит есептеліп кетеді. Тойдың жырын білесіз, ал жаңа келіннің жай келмейтіні ше? Қыз жасауында қазір қымбат-қымбат оюлы құрақ көрпе, жастық, көрпешелер бар. Онымен қоса өміріне жететін заманауи ыдыс-аяғы, жатын керуеті, тіпті кір жуатын автоматты машинасы бар (айтылмағаны қаншама). Келіннің анасы елу жыл бойы кірді қолмен жуса да қызының қиналмауын ойлап, бәрін алуға талпынады. Одан қалды, артынан киімін, дүниесін апарғанда ұят болмасын деген сөзден аттап ешқайсысы да өте алмайды.
Үйленетін жігіт көліктер кортежін еркектік рәмізі деп білсе, кейбір қалыңдықтар танымал салонда құны басты айналдыратын бағадағы көйлек киюді абырой деп түсінеді.
– Осыдан 6 жыл бұрын отау құрдық. Беташар ғана болды. Той жасамадық, өзгелер секілді ақ көйлек кимедім. Өйткені тұрмысқа шыққан жерімнің жағдайы жетпеді. Амал не? Әрбір тойға барған сайын бір жылап аламын. Бұл өзі қыздың арманы екен ғой. Өткенде әлеуметтік желіде желдей ескен зейнеткерлердің тойы есіме түсіп отыр. Онда жасы егде тартқан ерлі-зайыпты 50 жылдығын тойлап жатыр екен. Ал үлкен қалыңдық той көйлегін киіпті. Сол жас күнінен арман еткен ақ көйлегін балалары кигізіпті. Кейде ойлаймын, мүмкін маған әлі де кеш емес шығар? – дейді Әлия есімді келіншек.
Мүмкін, бұл да бір бойжеткендердің арманы шығар. Алайда ешбір шығынсыз шаңырақ құрғандарды естіп пе едіңіз?
– Әйеліме бастапқыда-ақ той жасамаймыз, кит бермейміз, несиеге батпаймыз деп айтқанмын. Ол да келісе кетті. Кейін сол тойға кететін ақшамызды жинап, қала орталығынан пәтер алдық. Ауысқанына шетелге барып демалып қайттық. Бұл өзі жақсы шешім болғанына әлі күнге дейін тәубе етемін. Ұлан асыр той жасап, кейін ажырасып кеткендер қаншама. Махаббат, отбасы болу тоймен, бәсекелестікпен өлшенбейді. Тек қазақы дәстүрді ұстансаң болды ғой, – дейді Қанат есімді 3 баланың әкесі.
Қазір той егелері қонақтарға екі жастың отау көтергенін хабарлап, қуанышты екенін білдіру үшін де мереке ұйымдастырады. Одан соң көмекке келетін арнайы фирмалар жетерлік. Олардың қызметі арқылы қаншама «арманды» тойыңыздың сценариіне енгізе аласыз. Бір тойға бардық. Тойхана қақпасының алдында әншілер, холлда болса келе жатқан қонақтар үшін жанды музыка (скрипка, виолончель ойнауда), тойхана ішінде әншілер тобы. Барлық жер құлаққа қатты соққы беретін дыбыстар. Шоколадты субұрқақ, жеміс-жидек мұнарасы, шарап-винолар пирамидасы. Құдды шетел дерсіз. Ал «торт жегізу» операциясы мүлдем бөлек. Өйткені қатар-қатар мұнара болған торттың пошымын көрсеңіз жеуге де қимай қаларыңыз анық. Біз айтқан бұл бер жағы. Мұның барлығы ауадан пайда болмайды ғой. Оған не керек? Әрине, ақша керек. Ақша қайда бар? Банкте. Бар-жиған тергенін, бауырлардан алған қарызын және кредитін қосқанда тойдан соң қалай төлейміз деген ой қоршауында қалатынымыз жасырын емес. Тойдан кейінгі «той» ойбайға ұласып, кейін қолды «жә-ә» деп бір-ақ сілтейміз. Іштей «Кредитке келген келін аман болсын» деп күңкілдейміз.


БАТА МА, ТІЛЕК ПЕ?

Тойға барған сайын, ойланатындар көбейді. Неге дерсіз? Әрбір жақсылықта ас бастарда, сосын ас ішіліп, аяқ босатқанда кезек бата беру рәсіміне келеді. Дәстүрге сай төрден орын алған үлкендер жағы бата беретіні бар. Мұндайда қол жайып күтіп тұрған көпшілікке бата орнына тілек айтып жатқандарды жиі ұшыратамыз. Расын айтсақ, ағайынның арқасүйері болып отырған үлкендеріміздің бата мен тілектің ара-жігін ажырата алмайтыны өкінішті. Қасіреттің бірі демей немене?
Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Аузынан «айналайыны» түспейтін ақжаулықтылар мен дуалы ауыз батагөй қарттарымыз да бар. Алайда ағалық жасқа жетсе де, бес қатар бата білмейтін үлкен буынды көзіміз шалып жүргені жасырын емес. «Бата, бата балдай, басын кескен таудай» деп әзілдескен талайы да сол батаның астарына үңіле алмағаны жөн емес.
Бата беру халқымыздың ертеден жалғасып келе жатқан салт-дәстүрінің бірі. Қазекем батаны ерекше қастерлеген. Өз тұрмыс салтында барлық игілікті ісін тек батамен бастаған. Ардақты пайғамбарымыз да ықылас батаға қатысты өз хадистерінде айтып өткен. Батаға байланысты бабалардан да қаншама ұлағатты сөздер қалды емес пе? «Баталы құл арымас», «Көп тілеуі көл», «Батамен ел көгерер» дейді халқымыз. Осы сөздерден-ақ қазақтың ақ батаға ден көзқарасының қандай болғанын байқауға болады.


ҚЫЗЫҢЫЗ ҚАЙДАН ҰЗАТЫЛДЫ?

«Заманына қарай заңы, тоғайына қарай аңы». Нақылдың мәнін енді ұқтық. Созбалақтап қайтеміз, тойшыл қазақ қызын қайдан ұзатуда? Қазір қыз ұзатылса да тойханаға жасалуы тиіс деген үрдіс қалыптасты. Бай байлығын білдіріп, мейрамхананың еңселісіне той жасайды. Ал орта тап пен төменгі буын қарыз алып қармануда. Екі жақ келісіп, көрісіп, бөлісіп әрекет етеді. Кетер қыздың қысылмай кеткенін қалаймыз. Содан шықса керек, қыз кетер орын тойхана, мейрамхана, кафе болды.
Әдетте мейрамхана мен кафе – жын ойнақтың мекені. Біреуі ішіп, біреуі ішпей мас болады. Төпелей кететін төбелес те осында. Әлеуметтік желіде мейрамханалардың біріндегі «стриптиз» биінің, ерсі ойындардың, мазақ әрекет пен ерсі сөздері бар бейнероликтер бой көрсетіп жүр. Содан-ақ осындай қоғамдық орындардың қандай екенін білуге болады. Солай екенін біле тұра, құттыхана қарашаңырақтан емес, жын-ойнақ мейрамханадан ұзатылып жүр. Қыз сол мекеннен емес, өзі өскен шаңырағымен қоштасады, үйінен ұзатылады. Осындайда жын-ойнақ жерде қыздың өрісін тарылтып жатқан жоқпыз ба деген сауал санаңда сайрайды да тұрады.
«Бұдан жаман кезімізде де тойға барғанбыз» дегенді әжелеріміз айтып отыратын. Бірақ бүгінгі той сол бұрынғы тойлардың дәстүрін бұзып, ұлтымыздың үрдісінен асып-тасты. Бетімен кетті. Сыңарезу аттай бой бермей, беталды кете бастады. Келе-келе бүгінгі тойлардағы ондай жүгенсіздік белең алғаны сонша, қазіргі қазақты Абай атамыз айтқандай «басында ми жоқ, өзінде ой жоқ, күлкішіл кердең, наданның» кейпіне жеткізуге жақындады.
Тізеге басып той өткізуге де болмайды. «Халық қазынасы» болғаннан кейін, оның тағдырын халықтың талқысына салып алған теріс болмас. Ырымшыл қазақтың иманды ұрпағы, осы мәселелер сізді ойландыра ма?
Айнұр ӘЛИ
21 мамыр 2024 ж. 152 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031