Той – халықтың қазынасы десек...
Халықтың қазынасына баланатын қазақ тойының билігі бүгінде асабалардың қолында. Түрлі қуанышқа жайылған дастарқанға жиылған жұртты аузына қаратып, олардың ризашылығын алатын да, көкейіне келгенін айтып, анайы әзілдерімен тойшыл қауымның берекесін қашыратын да – асаба. Адам болған соң, әсіресе қазақ болғаннан кейін екі аптада кем дегенде бір тойға баратынымыз анық. Бір сенбі де Сәрсенбайдың ұлы үйленсе, бір жұмада Жұмабайдың жиені ұзатылады. Не керек, той-думанымыз тарқамаған жұртпыз. Шүкір, тойдан айырмасын.
Той ажары – асаба, алайда…
«Той дегенде тұрар қалай жан тыныш,
Ата дәстүр қастерлеген салтымыз…» Иә, тойға жиі баратын да тойға үнемі шақыратын да біздер. Қазір тойдың түрі де көбейген. Үйлену той, сүндет той, қоныс той, мерейтой тағы басқа. Бұлардың қай-қайсысын болсын тартымды етіп өткізу үшін «тамада» жалдаймыз. Той тізгінін ұстаған асаба алдындағы үш жүз адамды ұйытып, иіріп әкетсе тойдың ажары артып, той иесінің де келген қонақтың да қуанышы еселене түседі. Алайда, қазіргі кезде бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай жаттанды әзілдерін айтудан жалықпайтын асабалар көп. Жауыр болған жағымсыз ойындар да көңіл қынжылтады. Аннан-мыннан «ұрлап» алған алты әзілдің басын құрап, той басқарып жүрген тамадалар кімді алдап жүр?
Бұған дейін де асабалардың арсың-күрсің сөзі мен ойсыз ойыны жақпай жүрген мен жақында мерекелік кештердің бірінде тағы бір ерсі сөзді естіп, еріксіз ұялдым. Аудандағы «мен» деген асабаның бірі – «Жыртың-жыртың ете бергеннен, бір-бірімізге тілек айтып отырайық» демесі бар ма? «Тілек айтып отырайығы» орынды болар, дегенмен қуанышқа жиналған жұртқа «жыртыңдап» дегені жөн бе? Осындай ойындағысын көркем тіл, оймақты оймен жеткізе алмайтын асабалар тойдың шырқын қашыруда. Бірінен соң бірі мерекелік кештің тізгінін ұстаған «тамаданың» қай-қайсысы да қарық қылды деуге келмейді.
Тойдың ажарын ашып, сәні мен әрін келтіретін асабалар неге арзан сөз, арсыз ойынға құмар. Асабалықты біреулер аса дарындылықты қажетсінетін өнер десе, енді біреулер арзан, жеңіл кәсіп деп санайды. «Ұялмаған әртіс болады» демекші, қазір тойға барсақ, кім көрінгеннің той басқарып тұрғанын көріп, таңқалмайтын да күйге жеттік. Дегенмен, тұщымды ой, тартымды әзілімен тойшыл қауымның қуанышын одан әрі еселеп, отырыстың көркін қыздырып жүрген асабалар да бар арамызда.
Сұрап алған қошемет
Тойға жиналған жұртты ойын ойнатып, билетуге келгенде алдына жан салмайтын асабалардың арасында бетіңнен отыңды шығарып ұялтатындары да бар. Той болған соң жас та, кәрі де, жасамыс та жайғасатыны белгілі. Тойға барған құрлы болмай ессіз ойындарды көріп, қысылғаннан қайда қарарыңды білмей қалатын кездер де кездеседі. Жүре берсең, көре бересің деген рас екен. Жақында бір той үстінде ойын ойнатам деп ортаға он шақты қыз-жігітті шақырған асаба «пәленшемен селфилет, түгеншеден түген әкел» деп топырлатып жүгіртті де қойды. Мейрамхана ішін «ат шапқандай» ала шаң қылып, елпілдеп жүгірген ұл-қызда да ес жоқ. Жастар қол соғып, жанұшыра айқайлап, жанкүйер болуда. Ал, онсызда қайтып кетуге той иесінен қысылып әрең отырған үлкендерге обал-ақ.
Ең қызығы, қай асабаны алсаңыз да, жұрттан шапалақ сұраудан жалықпайды. Той басталар, басталмастан той тарқағанша «қол соғып, қошеметтеп отырайық» деп ығырыңды шығарады. Сондағы қошемет кімге? Айналайын асаба, егер сенің сөз саптауың, той жүргізу тәртібің тойшыл қауымға ұнап, көңілінен шықса, «қақсатпай-ақ» қол соғып, қошемет көрсетері хақ.
Адамның сөзі – ақылының таразысы
Тойды қыздырмақ болып, «Ағайын, айқай-шу қайда?» деп атойлайтын асабалар да бар. Бұл сөз төркінін түсінбейтін «тамаданың» тірлігі. Әйтпесе қазақта, «Айқай шықты, шу шықты» деген жақсы сөз емес. Мән-мағынасы «үлкен дау туды, ұрыс-керіс орын алды» дегенге саяды. Бұл бір ғана мысал. Астарын аңғармай, мағынасына мән бермей, сүйкей салды сөйлей салатын айтары жоқ асаба тойдың сәнін келтірмек түгілі сүйкімін қашырады.
Менің түсінігімдегі асаба – өнер адамы. Ол халық алдында сөйлеуге шебер, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп айтатын, жиналған жұрттың басын бір арнаға тоғыстыра білетін, әзілі өтімді, сөзі сүбелі мәдениетті тұлға. Адамның сөзі – оның ақылының таразысы. Сондықтан ойлап сөйлеп, астарлы әзіл айтқанға не жетсін?!
«Тойға барсаң, тек қана тойып қайтпа, тобықтай болсын ой түйіп қайт» деген. Бұл менің асабалар туралы пікір-пайымым.
Сіз бұған не дейсіз?
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА