Қажылығын өтеген отбасы
Қазіргі уақытта мешіттерімізде қасиетті Құранның мағынасына терең мән беріп, білімді діни ұстаздардан дәріс алып жүргендері көңіл көншітеді. Әсіресе орталық «Жанқожа батыр мешітіндегі» қыз-келіншектердің көптігі қуантады.
Қазіргі кезде діни медресе мен мешітте жоғары білімді қарилар мен ұстаздар дәріс беруде. Дінге, Құранға деген құштарлығы басым ақ жаулықтылардың ынталары жоғары деңгейде екенін көріп жүрміз. Солардың бірі – Зәмза Бекетқызы. Имандылық үйінде кішігірім қызмет атқарып жүргендіктен, бұл имандылыққа бейім бауырларымыздың дінге, салт дәстүрге деген адалдығымен берілгенін күнделікті көзбен көріп сүйсініп жүрген жайым бар.
Зәмзаның қасиетті дінге бет бұрып, діни дәріс алғанына көп уақыт болмаса да өзінің зеректігімен, алғырлығын, ізденімпаздығын өз қатарластарына аз уақыт ішінде-ақ көрсете білгендер қатарында деп толық айта аламын.
Бір жарым айдың ішінде Құранға түсті, яғни Құран әріптерін еркін, өз мәнерімен оқитын дәрежеге жетті. Білікті де, тәжірибелі ұстазы Зәуре Өтегенқызынан дәріс алды. Ол білмегенін ешқандай сұраудан, үйренуден арланбады. Білген үстіне білу үшін ұстазының біліктілігімен жан-жақтылығына қызықты, ұстазына ұқсап бағуға тырысты. Ұстазы да оған үйретуден жалықпады. Шәкіртінен еңбегінің қайтататына сенді.
Ынталы жан Рамазан айында ата-бабаларына Құран қатымды еркін оқып, Алланың разылығы үшін бағыштайтын дәрежеге де жетіп, ұстазының мерейін тасытты. Өмірлік жолдасы Бақытжан мен екеуі жақында Умра қажылықтарын өтеп, қасиетті мекенде ізгі амалдарын да жасап қайтты. Алланың сүйікті елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мәңгілік мекенін тапқан мекенде болған кездеріндегі әсерлерін айтып, Зәмза бауырымыз сүйікті Пайғамбарына Қатым Құранды толық оқып, бағыштап үлгергеніне риза.
Жолдасы Бақытжан Сартай – тәжірибелі заңгер, отставкадағы мінезі көркем, әдепті де, ақыл-парасаты мол, жоғары шенді офицер. Әрі мешіттің тұрақты намазхандарының бірі, мешіт жанашыры. Бұрынғы милиция мен қазіргі полиция қызметінің ыстығы мен суығын басынан өткеріп, бүгінгі күндері қызығы мен қиыншылығы аралас қызметінен зейнеткерлікке шығып, Жаратушысына шүкіршілік етіп отырғандар қатарында.
Ол Қарағанды қаласындағы ішкі істер министрлігінің жоғары мектебінің бір жылдардағы түлегі. ІІІ, ІІ, І дәрежелі ішкі істер қызметіндегі «Мінсіз қызметі үшін», ішкі қызмет ардагері медальдарымен «Полиция қызметінің үздігі» төсбелгісі мен көптеген марапаттардың иегері. Ал кейіпкеріміз Зәмза Оңтүстік Қазақстан облысындағы М.Әуезов мемлекеттік университетінің бастауыш сыныптарға арналған бөлімін 2001-2006 жылдар аралығында сырттай оқып, тәмамдаған. Онбес жылдан астам кәсіпкерлікпен де айналысқан.
Ерлі-зайыптылар 1990 жылы тіл табысып, отау құрған. Бір ұл, үш қызды дүниеге әкеліп, мәпелеп өсіріп, олардан 9 немере сүйіп отырған ата мен әже. Баласы Бекарыс әке жолын қуып, полицияда қызмет етіп жүрген ортасына үлгілі сақшы. Келіншегі Шаттық – мұғалім. Қыздарынан Мейрамкүл кәсіпкер, Айнұр жедел жәрдем мекемесінде фельдшер, Сұлуым есімді сүйкімді қыздары медициналық университеттің бірінші курс студенті.
Осыдан отыз төрт жыл бұрын өз теңін тауып жұптасқан Бақытжан мен Зәмза екеуі де – иман ләззатына бөленген жандар деуге келетін көркем мінезді жандар. Жақында Құранның бір парасын жатқа оқудан облыстағы жарыста жүлдеге ие болды. Тағы да облыстық Құран жарысында бағын сынамаққа дайындалуда.
Осындай зерек те алғыр, ізденімпаз, тақуалыққа жан дүниелерімен берілген жандарды тауып, саналарына діни білім нұрын сіңіріп, дәріс берудің шебері, мешіт ұстазы Зәуре Өтегенқызының ерекше еңбегінің жемісі екенін атап айтқанды жөн көрдім.
Беганыш Жақсыбай,
аудандық орталық «Жанқожа батыр
мешітінің» баспасөз хатшысы