Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Медресе – руханият мәйегі

Медресе – руханият мәйегі

Осыдан екі апта бұрын Әйтеке би кентіндегі орталық "Жанқожа батыр" мешітінің жанынан жастарға діни білім беру орталығының іргетасы қаланды. Ізгі рәсімге ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы арнайы келіп, сауапты іске сүбелі үлес қосты. Діни ілімді үйрететін медресе сөзі араб тілінен тәржімалағанда мектеп деген мағынаны білдіреді. Осындай діни ағартушылық ордасының ауданда бой көтеруіне атсалысып жүрген орталық "Жанқожа батыр" мешітінің бас имамы Берік Сүлейменовпен сұқбат жүргізуді жөн көрдік.
– Қазалыда діни орталық салуға кімдер дәнекер болды? Білуімізше, облыс орталығында медресе жоқ. Неліктен біздің аудан таңдалды? Оны салудағы себеп пен мақсат не?
– Қазалыда діни орталық салу ауданға имам болып келгеннен бастап ойымда жүрді. Уақыт өте тәжірибе жинақтап, халық және түрлі қызметтік өкілдермен араласқан соң оңымыз бен солымызды реттедік. Содан кейін барып діттеген ойымызды орындауға бел байладық. Дұрыс айтасыз облысымызда әзірге медресе жоқ. Дей тұрғанмен Белкөл кентінен салыну жоспарда бар.
Медресе Қазалы ауданына салынсын деген таңдау жасалмады. Негізгі себеп осы жердегі имамдар мен жамағаттың белсенділігінің арқасында ауданда осындай бастама көтерілді. Мақсатымыз жастарға ислам жолының дұрыс бағытын үйрету, теріс ағымдардың алдын алып, білікті де білімді әрі сөзі өтімді діни кадр мәселесін шешу. Осындай ілімді алып шыққан өкілдер арқылы бүгінгідей нарық қысқан мобильді уақытта жүйкесі тозып, күйзелісте жүргендерге діни сауатпен жүрек тыныштығын ұялату керек деп ойлаймын. Медреседен түлеп ұшқандар халық арасына еніп, кез келген уақытта өз ілімдерін ұдайы таратса, қылмыс пен өз-өзіне қол жұмсау фактілері азаяр деген үміттеміз.
Қазір діни мамандар аз болуы салдарынан сәулеті келіскен имандылық үйлері де имамсыз бос тұр. Біз осы мәселелердің оңтайлы шешімін табуына себепші болсақ деген мақсатты ұстанудамыз.
– Бүгінде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда діни сауаттылық артты. Қазір имандылық үйі көбеюде. Ондағы имамдардың білім-біліктілігі де халықтың көкірек көзін ашуда. Дегенмен іргетасы қаланған медресе қоғамға не береді?
– Медресенің қоғамға берері көп. Басқалардан айрықша білім орталығында тәлім алған бала Жаратушысын танып, иманды да ибалы болып өседі. Мұнда тәрбиеленген жас өскіндер қоғамдағы түрлі жаман әдеттен бойын аулақ ұстауға бейімделеді. Осындай еселі еңбектің арқасында болашақ қоғам жемқорсыз, нашақорсыз, тағы сол сияқты індеттен ада қоғам құрамыз деген ниеттеміз. Бұл тек медресенің қоғамға берер пайдасының бір парасы.
– Қанша бала оқытылады? Мұнда оқу үшін қандай да бір ережелері бар ма?
– Қолға алып жатқан медресемізде бір уақытта жүзден астам шәкірт білім ала алады. Дін орталығында сауатты ислами ілім аламын деушілерге қойылатын өзіндік талаптары болады. Олар арнайы тестілеуден өтіп барып оқуға қабылданады деп көздеп отырмыз.
– Дәріс берушілер құрамы қай жақтан жинақталады және білім алушылардың қамтылатын пәндері мен оқыту аясы қалай жоспарлануда?
– Дәріс беретін ұстаздар Орта Азияға аты мәлім “Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетін бітірген жоғары білімді мамандар болады. Біз алғашында тек Құран жаттаумен айналысып, кейін ислам негіздерін қосуды жоспарлағанбыз. Оқыту аясы егер аудандық білім бөлімі келісім берсе, мектеп жасындағы балаларды да қабылдап мектеп пен медреседе қатар оқытсақ дейміз. Сосын 9 бен 11 бітірген талапкерлерді бірінші топта. Ал мектеп жасындағыларды екінші топта оқыту ойда бар.
Айта кеткен жөн, Қазақстандағы тағы бір түйткілді мәселенің бірі – Құранды толық жаттаған қарилардың аз болуы. Бұл бізді жыл сайын Рамазан айында тарауық намазын өткізу үшін сырттан қари алдыруға мәжбүр етеді. Көршілес мұсылман елдерде бізге қарағанда қарилар саны өте көп. Сол себепті кей өңірлер айыр қалпақты ағайындар мен өзбек, тәжік елінен де қари алдыртып жатады. Медресеміз бітіп, ауданымыздан Құран жаттаған қарилар шығып, өзіміздің алдымызда намазда тұрса одан асқан бақыт жоқ шығар. Алла сол күнге жеткізсін!
– Жалпы діни білім ошағының ішкі сызбасы жайлы айтсаңыз.
– Медресеміз 2 қабатттан тұрады, бірінші қабатында қабылдау бөлімі, директор бөлмесі, ұстаздар кеңсесі, компьютер сыныбы, кітапхана және акт залы мен асхана орналасады. Ал екінші қабатында 100 бала білім алатын сыныптар мен жатақхана орналасқан.
– Медресені тұрғызу үшін қаражат жағы қалай шешілуде? Қазір баға күннен-күнге қарыштап барады. Қиындықтар жоқ па?
– Орайы келіп тұрғанда бір әсерлі ел аузындағы хикаяны келтіре кетейін. Түркияда «Сүлеймания» деген мешіт бар. Сол мешіт салынарда халықтың жадында сақталған ұмытылмас қызықты оқиға болады. Ел патшасы Сүлеймен үлкен сауапқа өзі ғана кенелгісі келіп, қияметке дейін шыдайтын мешіт салуды қолға алады. Әлемнің атақты ұсталарын шақыртып: «Мешітті сендерге тапсырамын. Қаржысының бәрін өзім төлеймін. Ешбір тірі пендеден бір тиын да алушы болмаңдар!» деп қатаң ескертеді. Көп ұзамай алыстан зәулім мешіт бой көтере бастайды. Құрылысқа жақын жерде ешкімі жоқ кемпір өмір сүретін. Ол қорасындағы жалғыз ешкісінің сүтінен айран ұйытып, базарға сатып күнелтетін. Кейуана үйінің жанындағы құрылысты көріп, мешітке көрші болатынына қуанатын. Бірде ешкісін сауып жатып:
– Іргемде салынып жатқан мешітке менің де қосарым болуы керек қой, – деп ойлайды. «Сорлы-ау, неңді берейін деп едің?! Оны осы елдің патшасы салуда. Сен ешкіңді сатсаң да, оның бір кірпішін сатып алуға шамаң жетпес. Ал жалғыз ешкіңді сатсаң ертең қайтіп күн көрмексің?» – дейді іштен бір дауыс. «Ешкімді сатпасам да онда бір күндік тапқан табысымды қосармын», – дейді өз-өзіне жауап қатқандай. Осылайша сауған сүтін бір құты айран етіп, түсте құрылысшыларға апарып береді. Бір топ құрылысшы айранды сол сәтте ішіп алады.
Сол түні Сүлеймен патша түс көреді. Түсінде қиямет болып, барша адамзат қайта тіріліп, амалдар таразыға тартыла бастайды. Бір кезде таразының бір басына Сүлеймания мешіті, екінші жағына айран қойылады. Сонда мешіт жеңіл тартып, айран ауыр басады. Патша ояна сала шеберлерден мешітке кім жәрдем еткенін сұрайды. Барлығы ешкімнен көмек алмағанын, тек жалғызбасты кемпірдің бір құты айранын ішкенін еске алады. Бұл оқиға мұсылманның ниеті жасаған амалынан да қайырлы екенін көрсетсе керек.
Сондықтан осындай мысалдармен барымызда сауапты істен құр қалмауды жан-жақты насихаттап жүрміз. Бүгінде жамағат айтқан уағызды ұйып тыңдайды. Соның арқасында медресе құрылысына деген қаражат мәселесі жалпы халықтың демеушілігімен болып жатыр. Әуелі Аллаға мың да бір шүкірлік етіп, сосын осындай игі бастаманы қолдап барынша атсалысып жатқандарға алғаусыз алғыс айтамын. Әрине індеттің салдарынан орын алған шектеулер мен зат құнының өсуі біршама әсер етеді. Дегенмен тауарлардың шарықтауына қарамастан бұл бізге жарқын болашақ үшін жасалып жатқан дүние болғандықтан тосқауыл болмайды деп ойлаймын.
– Сұқбатыңызға рахмет.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
03 шілде 2021 ж. 1 685 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930