Ұйымшылдықпен көтерген ғимарат

– Биыл есік-терезелері салынып, ішкі сылақ жұмыстары жүргізілуде. Былтыр төбесін жабуға ғана мүмкіндігіміз жетті. Себебі қаржылай қолдау ауыл халқы мен кәсіпкерлердің есебінен жасалуда.
Қазір жиналғандар қыста тоңбасын деген мақсатпен еденге жылу жүргізудеміз. Асханаға 150 адам сияды деген ниеттеміз. Ауыл жастары екі көшеден жиналып, көмек беруде. Сегіз бөлмеден құралған шағын нысанды қай уақытта бітіретінімізді нақты айта алмаймын. Бірақ сапалы тұрғызуға барынша атсалысудамыз, – дейді “Әзілхан ишан” мешітінің имамы Бауыржан Жайлыбай.
Мешіт имамының айтуынша, ауыл ақсақалдары жастарды ұйымдастырып, мал сойып жұмысшыларды жайлауға көмектесуде. Бұл жолы Бердібек Айтжанов түскі ас мәзірін ұйымдастырды.
– Бүгінде Аллаға шүкір ел тыныш, халық мамыражай күй кешуде. Тұрғындардың дінге деген бетбұрысы жақсарды. Бұл күні 30-40 жылдықтарын атап өтетін мектеп бітірушілер ең әуелі имандылық үйіне бас сұғады. Жылда тұрғындар ауызашар мен тасаттық шараларын осында атқарады. Сондықтан барлық жағдайы келіскен асхана бізге де қажет-ақ. Міне ауыл қариялары: Шынберген Байкөбеков, Дауылбай Ізбасханов, Қази Алданиязов жастарға батасын беріп, жұмыстарына жеңілдік тіледі. Бізде барлығы 14 көше бар. Ғ.Мұратбаев пен Жеңістің 40 жылдығы көшелерінің тұрғындары ас-суын дайындап, шәй беруде. Осылай барлық көше өзара бөлісіп, ұйымшылдықпен ғимараттың тез салынуына атсалысуда, – деді Бердібек ақсақал.
Редакция атынан біз де игі шаруаның сапалы әрі уақытылы бітуіне тілектестік білдірдік.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА