Цифрлық аутизм: Смартфонға байланған сана
Қазіргі таңда адам өмірін гаджеттерсіз елестету мүмкін емес. Бір қарағанда цифрлық технологияның мүмкіндіктері жақсы болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның керағар тұсы да жетіп артылады. Неге десеңіз, бүгінде ақпараттық немесе цифрлық технологиялар әсерінен әлеуметтік дағдыларын жоғалтып, түсініксіз дертке ұшыраған сәбилер саны жиілеген. Мұндай ауруға шалдыққандарға дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «цифрлық аутизм» деп атау беріпті. Цифрлық цивилизацияға қадам бастық деп қуанғанымызбен, қуанышымыз ұзаққа бармайтын секілді. Өйткені қоғамды қамықтырған мына жайт адамдардың мазасын қашырды. Олай болса, адамзатты алаңдатқан заманауи мәселе төңірегіндегі туындаған сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Әуелі аутизм деген не? Соған тоқталайықшы. Жалпы аутизм – мидың даму ерекшелігіне қатысты ұғым. Бір сөзбен айтқанда әлеуметтік дағдылар бұзылған жүйке жүйесінің бұзылуы. Бұл термин қайдан пайда болды дейсіз ғой. Виртуалды аутизм ұғымын Мариус Замфир есімді ғалым енгізген. Ол балалардың екі бақылау тобын, яғни 62 балаға зерттеу жүргізіп, көңіл көншітпейтін қорытындыға келеді. Ол нысаналы топпен жұмыс істеу барысында компьютер, теледидар немесе планшет экранына 4 сағаттан астам қараған балалардың дамуында артта қалушылық болатындығын аңғарған. Мұндай дертке шалдыққандардың белгілерін ғалым кәдуілгі классикалық аутизмге ұқсатады. Өйткені әлгі балалар нашар сөйлеп, бірдей қимылдар мен сөздерді ғана қайталап, көзге қарамаған. Сондай-ақ олардың бойындағы барлық белгілер аутисттерге ұқсаған. Жүргізілген осы зерттеуден соң, ғаламда цифрлық аутизм – ақпараттық технологиялардың әсерінен тірі қарым-қатынас дағдыларын жоғалту деген түсінікті қалыптастырды.
Мамандар бұл аурудан айығу тек гаджеттерден бас тартқанда ғана мүмкін екендігін айтады. Сондай-ақ, балалармен тікелей қарым-қатынас орнатып, олармен ойнағанда ғана алдын алуға болады-мыс. Бірақ бүгінгідей қарбалас заманда ата-ананың балаға 24/7 көңіл бөліп, онымен байланыс орнатуы мүмкін еместей көрінеді. Әрине, балалардың арасында осындай аурудың белең алып жатқанына ата-ананы не қоғамды кінәлау оңай. Бірақ бұл құбылыс үлкендердің арасында көрініс тауып жатқандығын да айту керек. Бұрын адамдар ақпарат алмасуды бір-бірімен тікелей қарым-қатынас орнату арқылы құратын болса, ал қазір виртуалды өмірге еніп кеткен. Содан да болар қазір адамдар керегін интернеттен алып, бір-біріне жат болып бара жатқан керағар заманға тап болды. Бір-бірімен араласпау өз алдына бөлек әңгіме. Ең сорақысы адамдар мылқаудың күйін кешіп жүр. Қалай дейсіз ғой, олар өзара әңгімелесуден қалып барады. Бұған біздің күнделікті өміріміздегі көріністер айқын дәлел. Қай жерде, қай ортада болмасын, ол автобус, дүкен не жұмыс орны болсын бәрі телефонға телмірген. Өзара байланыс жоқ. Бірақ бұл аурудан айығуға болады. Егер гаджеттен бас тартса. Француз ғалымдары осындай тұжырым жасапты. Олар өздері жүргізген сынамада кейбір балаларды гаджеттен 1 айға алыстатып, кейін олардың аутизм белгілерінен айыққандығын анықтаған.
Шыны керек, бұл мәселе тек шетелдіктерге ғана емес, еліміз үшін де ең өзекті. Бүгінде отандық психиатрлар «Баланың жанын ауыртпай, телефоннан қалай ажыратуға болады?» деген әдістемелік құрал әзірлеуге кірісіп кеткен. Оған бірден бір себеп – компьютерлік ойындарға үйір балалардың көбеюі болып отыр. Өйткені мұндай балалардың көпшілігінің ортадан шектеліп, ойлау қабілеттерінің дамуы тежеле бастағаны байқалған. Егер әдістемелік құрал қолданысқа енсе, соның көмегімен аурудың алдын алу әбден мүмкін. Мамандар солай сендіреді. Бірақ бұған түбегейлі сену қиын. Өйткені цифрлық технология өміріміздің бір бөлігіне айналды. Кейбір ата-аналар да бұл дерттен толық айығу мүмкін емес дегенді алға тартады.
– Қазір технология күн санап, көз ілестірместен дамып жатыр. Күнде цифрлық технологияның бір жемісімен танысып жатырмыз. Әйтсе де оның барлығын жақсы деп айта алмаймын. Өйткені, осы шығып жатқан гаджеттер, түрлі цифрлық құрылғылар – балалар арасындағы аутизмнің артуына негіз болып отыр. Бұл қоғамның, қала берді ата-ананың қателігі. Әрине, бәрін ата-анаға жаба салу оңай шығар. Бірақ заман сондай болып тұрса, оған ештеңе істей алмайсың. Қым-қуыт тірлік баламен үнемі байланыста болуға мүмкіндік бере бермейді. Бұл ақталу емес, әрине. Өзімнің де басымнан өткен жайт. Балам жылағанда жұбансын деп қолына телефон бере салатын сәттерім аз болмады. Барлық ата-ана да солай жасайды. Адам қай кезде де жағдайдың салдарын ойлап жатпайды ғой. Бәрі болған соң барып, «аһ» ұратын қанда бар әдет емес пе?! Бірақ бүгін мұндай әдеттерден арылмасақ болмайды. Өйткені смартфон балалардың санасына кәдімгідей соққы беруде. Қазірден олармен қарым-қатынасты қолға алып, оларға барынша көңіл бөлмесек, өкініш өзегімізді өртемесіне кепілдік жоқ, – дейді кент тұрғыны Асыл Бақытқызы.
Біз аутизм бала гаджетпен оңаша қалғанда ғана дамиды деген түсінікке алданып жүрміз. Шындығында бұл ауру анасы баласының дамуының алғашқы кезеңдерінде «байланыста болмаған» кезеңінде де дамитын көрінеді. Психолог мамандар солай дейді.
– Көп ата-аналар цифрлық аутизм тек баланың телефонға тәуелділігінен туындайды деп түсінеді. Бірақ бұл олай емес. Смартфонның үлесі көп болғанымен, белгілі бір дәрежеде ата-ананың көңіл бөлмеуінің әсері де болатынын білуіміз керек. Білесіз бе, бала қай кезде оқшауланады. Өзі өмір сүретін ортада өзіне көңіл бөлінбегенде, назар аударылмағанда. Олар соны сезгенде ғана жалғыздыққа ұмтылады. Соның салдарынан оның бойында ашушаңдық, мазасыздық, шектен тыс белсенділік байқала бастайды. Ал бұл белгілер арнасынан асқанда ата-аналар түсініксіз жағдайға тап болдық деп, не істерін білмей дал болады. Мұндай жағдайда әуелі баланы мейірімге бөлеу маңызды екенін ұмытпау керек. Сондай-ақ оған мамандардың арнайы ем-шараларын жүргізуіне мүмкіндік беру қажет. Көбіне ата-аналар «Бала өзімен өзі ойнап жүр, қайтер дейсің? Бұл уақытша құбылыс немесе мұныкі еркелік қой» деп, көп нәрсеге көз жұма қарайды. Бұл үлкен қателік. Мұндай немқұрайлылық баланың телефонға тәуелділігін арттырып, аутизмнен айықпауына жол ашуы мүмкін. Сондықтан балаға смартфон берерде абай болғанымыз жөн, – дейді психолог маман Зарина Сағындық.
Цифрлық аутизм – бұл ерте жастағы цифрлық шамадан тыс жүктемемен байланысты балалардың дамуындағы мүлдем жаңа мәселе. Бірақ бүгінде Қазақстанда бұл жағдай ауру ретінде тіркелмейді. Бірақ солай екен деп, бұл мәселеге ат үсті қарауға болмайды. Өйткені балалардың денсаулығы бәрінен маңызды. Сондықтан сәбилерімізді смартфонға тәуелді етпей, назарын барынша жақсы жаққа бұруға бағыт алайық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ