Жазда дәрі-дәрмек қобдишасында не болуы керек?

Жаз мезгілі демалыс пен саяхат уақыты болғанымен, денсаулыққа қатысты қауіптер де осы маусымда жиілей түседі.
Күнге күю, жәндік шағуы, аллергия, тағамнан улану немесе түрлі жарақаттар – жазда жиі кездесетін жағдайлар. Сондықтан мамандар кез келген сапарға немесе демалысқа шыққанда шағын дәрі қобдишасын бірге алып жүруге кеңес береді.
Күнге күюден қалай қорғанған дұрыс?
Дәрігерлердің айтуынша, күйікті емдегеннен гөрі оның алдын алған әлдеқайда маңызды. Ол үшін күннен қорғайтын SPF кремдерін тұрақты пайдаланып, ашық от пен ыстық сұйықтықтардан сақ болған жөн.
Жазғы дәрі қобдишасында күннен қорғайтын кремдермен қатар пантенол қосылған спрей немесе крем, теріні ылғалдандыратын гельдер мен лосьондар болғаны дұрыс. Ал күйік кезінде май, қаймақ секілді майлы заттарды жағуға болмайды. Себебі олар терінің жылу шығаруын нашарлатып, жағдайды ушықтыруы мүмкін.
Мамандар күйген жерді салқын сумен жуып, қажет болған жағдайда суық компресс қоюға кеңес береді. Егер жараға кір түссе, алдымен таза сумен шайып, кейін хлоргексидинмен өңдеу керек. Ал жағдай нашарласа, міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн.
Жәндік шаққанда не істеу керек?
Жазда маса, ара, сона, кене секілді жәндіктердің шағу қаупі артады. Мұндай жағдайда аллергиялық реакция пайда болуы мүмкін. Сондықтан дәрі қобдишасында қышуды басатын антигистаминді гельдер, аллергияға қарсы дәрілер, гидрокортизон майы және каламин қосылған лосьон болғаны абзал.
Сонымен қатар мамандар кене немесе араның бізін алу үшін пинцет пен бір реттік қолғап алып жүруге кеңес береді. Кенені жалаң қолмен ұстауға болмайды. Ал кез келген шаққан жерді антисептикпен өңдеу қажет.
Дәрігерлер кене шаққан жағдайда міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну керек екенін ескертеді. Себебі кене арқылы боррелиоз, анаплазмоз секілді қауіпті инфекциялар жұғуы мүмкін.
Ал бір мезетте бірнеше ара немесе сона шағып алса, бұл өмірге қауіп төндіруі ықтимал. Мұндай жағдайда дереу аллергияға қарсы дәрі ішіп, жедел жәрдем шақыру қажет.
Аллергия маусымында нені ескерген жөн?
Жазда тозаң, жәндік шағуы немесе жаңа тағам түрлері аллергияны қоздыруы мүмкін. Сондықтан мамандар аллергиясы бар адамдарға антигистаминді дәрілерді, көзге арналған тамшылар мен мұрынға арналған спрейлерді алдын ала дайындап қоюды ұсынады.
Егер адам жыл сайын бір мезгілде түшкіріп, көзі жасаурап, аллергия белгілері байқалса, далада жүргеннен кейін міндетті түрде қол мен бетті жуу қажет. Сондай-ақ шашқа тозаң жиналмас үшін орамал немесе бас киім киген дұрыс.
Жазғы жарақаттарға дайын болу керек
Белсенді демалыс кезінде түрлі жарақат алу қаупі де жоғары. Сондықтан жазғы дәрі қобдишасында бинт, пластырь, мақта, стерильді дәкелер және антисептикалық құралдар болуы тиіс.
Мамандар сонымен қатар арнайы гельді салқындатқыш пакеттерді бірге алып жүруге кеңес береді. Ол дене мүшесін ауыртып алған кезде ауырсынуды басып, ісіктің ұлғаюына жол бермейді.
Ауырсыну мен күн өту кезінде не көмектеседі?
Жазда күн өту немесе ыстықтан бас ауруы жиі кездеседі. Мұндай жағдайда адамды көлеңкеге немесе салқын жерге апарып, суық компресс қою қажет.
Дәрі қобдишасында парацетамол, ибупрофен, напроксен немесе кетопрофен секілді ауырсынуды басатын дәрілер болғаны дұрыс. Ал тамақ ауырғанда соруға арналған пастилкалар мен шаю ерітінділері көмектеседі.
Тағамнан улану кезінде не қажет?
Жаз мезгілінде бұзылған тағам, лас қол немесе сапасыз су салдарынан ішек инфекциялары жиілейді. Сондықтан мамандар сорбенттерді, диареяға қарсы препараттарды және ағзадағы сұйықтықтың орнын толтыратын ұнтақтарды бірге алып жүруге кеңес береді.

Алайда дәрігерлер лоперамидті ішек инфекциясы кезінде қолдануға болмайтынын ескертеді. Өйткені ол токсиндердің ағзадан шығуын баяулатады.
Қандай жағдайда дереу дәрігерге қаралу керек?
Мамандар мынадай белгілер пайда болған жағдайда өздігінен емделмей, бірден дәрігер көмегіне жүгінуге кеңес береді:
- тоқтамайтын құсу;
- өте қатты бас ауруы;
- дене қызуының түспеуі;
- ісіктің ұлғаюы;
- кеуде немесе іштің қатты ауыруы;
- әлсіздік, ұйқышылдық, ес шатасуы;
- зәрдің шықпауы;
- нәжісте қанның пайда болуы.
Дәрігерлердің айтуынша, жазғы дәрі қобдишасы үлкен болмауы керек. Ең бастысы – алғашқы көмек көрсетуге қажет негізгі дәрілер мен құралдардың болуы. Ал ауыр жағдайларда міндетті түрде маман көмегіне жүгінген дұрыс.
Бұған дейін емханаларға тіркелу ережелері өзгергені туралы жазғанбыз. Сонымен қатар күн астында қыздырынамын деп ауру тауып алмау үшін қалай күтіну керектігіне тоқталдық.













