Аудан әкімі тұрғындар ұсынысымен жүзеге асып жатқан жұмыстарды бақылады
Бүгінде Әйтеке би кентінде тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен көтерген мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып, ел игілігіне бағытталған бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда. Осыған орай аудан әкімі Алмасбек Есмаханов кент аумағындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын көрді.Алдымен аудан басшысы Желтоқсан және Счастнов көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы мен автотұрақтарын жөндеу жұмыстарын көрді. Мұндағы негізгі мақсат – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, аулалардың инфрақұрылымын жақсарту.
Одан кейін Т.Сереев тұйығы мен Желтоқсан көшесіндегі №42 және №48 көпқабатты тұрғын үйлер ауласында салынып жатқан қоғамдық әжетхана құрылысының барысын бақылады. Аталған жұмыстар да тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстар негізінде жүзеге асуда.
Сондай-ақ кент көшелерінде жаңадан салынып жатқан автобус аялдамаларының құрылысымен танысты. Қазіргі таңда Әйтеке би кенті бойынша жалпы саны 12 жаңа аялдама салынуда. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Аудан әкімі бұдан соң Мелиоратор мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер ауласында орналасқан спорт алаңындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрді. Қазіргі таңда кент бойынша 2 жаңа спорт алаңы салынып, 2 спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде жастардың бұқаралық спортпен айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Аудан басшысы құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекемелерге ең алдымен жұмыстың сапасына ерекше мән беруді тапсырды. Әрбір атқарылған жұмыс тұрғындар игілігіне ұзақ уақыт қызмет етуі қажет екенін айтып, сапасыздыққа жол бермеу керектігін ескертті.
Аудан әкімі кентті аралау барысында кент әкіміне аудан орталығындағы тазалық, көркейту-көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, жүйелі түрде жүргізу бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.














