Бау-бақшасы – ризығы
Қазалы қаласында бау-бақшасын жайқалтып, ауласын гүлзарға айналдырып отырған жандар жетерлік. Бұндағы халық еңбекқор. Ерте көктемнен күрегі мен кетпенін қолға алып, жер аударады. Арықтарды аршып, дән себеді. Есік алдын қызылды-жасылды гүлге толтырып, қала көркін одан әрі айшықтай түседі. Күннің көзі жылт етісімен тырмасын асынып, тірлік жасайтын тұрғындардың бірі – Абдухаким Баймұратов.
Бүгінде Абдухаким Исмаилұлының бағында отыздан аса жеміс ағашы бар. Қазіргі кезде шие талы бүршік атып, өрік гүлдеп тұр. Бұдан бөлек рет-ретімен алмұрт, қара өрік, абрикос, жүзім орналасқан. Бәрінің де түбі әктеліп, топырағы қоқыстан тазартылған. Анадайда бойы біршама өсіп қалған гүлдерде көзге түседі. Бұйырса жақын күндері қызанақ, қияр, сәбіз, жуа дәнін себуді жоспарлап отыр.
Қаладағы М.Горький атындағы мектептің орыс сыныбын бітірген Абдухаким Баймұратов ұзақ жылдар бойы РТС мекемесінде еңбек етті. Зайыбы Гулором Жорабаевамен 1985 жылы шаңырақ көтеріп, өмірге ұл-қыз әкелді. Балаларын оқытып, жоғары білім, тәлімді тәрбие алуына жағдай жасаған ата-ана бүгінде оларды мақтан тұтады. Ұлдары Әлімжан Баймұратов бүкіл әлемдік ақпараттар жүйесінің академигі. Қыздары Гүлназ филология ғылымының кандидаты, мұғалім. Екеуі де отбасылы. Ата-анасын ата-әже атандырып отыр.
– Ата-бабамыз қазақ жеріне ілгеріде Қазалы уезі құрылған кездері келген. Тіпті менен алты ата бұрын десем болады. Біз осында туып, кіндігіміз кесілді. Ұлтымыз өзбек болғанымен қазақ елінде туған соң қазақы салт-дәстүр, қазақы ұстаным, бітім-болмыс бізге тіпті де жат емес. Атам Бұхарада медреседе оқыған. Осындағы «Нұралы» мешітін салуға атсалысқан жан. Сол кісіден тараған ұрпақтары үнемі мешітке демеушілік жасап тұрады. Қазіргі кезде мешіт жанынан салынып жатқан асханаға да айтарлықтай үлес қосуда. Ондай діни сауатты, иманды жанның ұрпағы болу біз үшін мақтаныш, – дейді кейіпкеріміз. Бізбен әңгіме барысында Абдухаким аға өз әкесі көзінен ерте қалып, жастайынан еңбекке араласуына тура келгендігін айтты.
– Еңбектен ешқашан қашқан емеспін. Жұмысыммен бірге қаланың сырт жағында бақша да ектім. Ырзық-несібемізді таптық. Балаларымыздың келешегі үшін еңбек еттік. Аллаға шүкір қазір зейнетін көрудеміз, – деген Абдухаким ағадан бау-бақшасын аралатуды өтіндік.
Үйінің алдындағы шап-шағын ауласында жеміс ағашының отыздан аса түрі барын естігенде таң қалғанымыз рас. Бұдан бөлек жүзімнің де бірнеше сорты бар екен.
– Бақша баптау денсаулықты қажет етеді. Сондықтан бұрынғыдай гектарлап екпеймін. Осы шағын бағымды жайқалтып, жемісін жесек болды. Жасыл-желек арасында жұмыс істеу таза ауа әрі демалыс. Таңертеңмен тұрып, жерін қопсытып, тыңайтқышын себемін. Ертең уақыты келгенде суарып, әрі қарай өсуіне қолайлы жағдай жасаймын. Жазда балаларым, немерелерім келгенде табиғи өнім жесін деп көкөністердің де түр-түрін егуге тырысамын, – дейді Абдухаким аға.
Баптай білсең, жер жомарт демей ме?! Осындағы жеміс ағаштарының көшетін Алматыдағы үйлерінің де ауласына отырғызыпты. Ол жақта да жайқала өсіп, жемісін бере бастаған. Жолдасының маңдай терін одан әрі жандандырып отырған Гулором апайдың да еңбегі зор. Ол жемістерді жуып, тазалап, мұздатқышта қатырып, сақтайды. Қақаған қыста өз ауласында өскен сары, қара өрік, шие, тағы басқа жемістерді балғын күйінде жеп отырады. Тіпті бізге сый ретінде де бір қалтасын ұсынды. Дәмі тәтті әрі балғын күйінде тұр.
– Сары өрік піскен сәтте жердің бәрін түгел сап-сары кілем іспеттес жауып қалады. Тезірек жинап алып, тосап, компот басамын. Көкөністерден де түрлі салаттар жасап аламын. Қыстай жейміз, қонаққа қоямыз, сый ретінде береміз,– дейді Гулором Жорабаева.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА