Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бау-бақшасы жайқалған ауылдар

Бау-бақшасы жайқалған ауылдар

Өткен аптада аудан орталығынан шалғай жатқан Қызылдың қиясындағы ауылдарға жолға шықтық. “Журналист пен қасқырды аяғы асырайды” деген тәмсілді естен шығармаған біз алдымен Кәукей ауылына соғып, одан кейін Тасарық, Лақалы елді мекендерінің тыныс-тіршілігімен таныстық. Сонда бір байқағанымыз ысылдаған құмның ортасында отырған тұрғындар ауласына бау-бақша егіп, көкөніс өнімдерін сатып алмайды екен.

Құм ішіндегі қазына

Табиғаты қатал, құрғақшылық өңірді жайқалтып бау-бақшаға айналдыру кез келген жанның қолынан келмесі анық. Ал Кәукей ауылының тұрғыны Бөрібай Ізімқұлдың үйінің жанындағы бау-бақша жайқалып тұр дегенді естіп шаңырағына бас сұққанымызда құрал-сайманын қолына алған ол бізді бақша ішінен күтіп алды.
Көп жылдар мемлекеттік қызметте жүріп, жақында ғана зейнеткерлікке шыққан ағамызға таңырқай қарап бірден ойымдағы сауалды жеткіздім.
– Бөке, күндіз-түні бітпейтін жұмыста жүріп, аулаңызды жасыл желекке қалай малындырып қойғансыз? – деген сұрақ қойдым.
Ағамыз әдемі бір жымиып алып, әңгімесін бастап кетті: “Рас айтасың. Қарбаласқа қауырт жұмыстан қолымыз тимейтіні шындық. Сол үшін де әдейілеп көктем шыға салысымен өзімнің еңбек демалысымды алатын едім. Осы уақытта мына жерге бақша дақылдарын егіп, жаңа жеміс түрлерінің көшеттерін де отырғызамын. Жыл сайын бақшаға қызанақ, қияр, қызылша, сәбіз, жуа тұқымдарын сеуіп, күз болғанда бала-шаға рахатын көреді. Бұл біріншіден отбасымды табиғи өніммен қамтамасыз етсе, екіншіден немерелерім еңбектің наны тәтті екенін көзбен көріп жүр”, – дейді Бөкең ағынан жарылып.
Еңбек десе жанып түсетін азаматтың ауласында бүгінгі күні 400 түп тал, 100-ге жуық жеміс ағаштары жайқалып өсіп тұр. Олардың қатарында сары өрік, шие, алма, алмұрт, жүзім, грек жаңғағы, киви, інжір, айба, шабдалы, қарақат бар. Барлығы да көктеп, жеміс беріп тұр.
Әр саналы азаматтың өмірде алдына қояр мақсаты – үй салып, ағаш отырғызып, ұрпақ өсіріп, оларды дұрыс тәрбиелеу болса, Бөкең де осы үш міндетін толық орындаған. Ол 5 бала тәрбиелеп, қазір 5 немересінің қызығын көріп отыр. Әманда игі бастаманың басы-қасында жүретін оның шаңырағы жыл сайын бау-бақша егуді игі дәстүрге айналдырып, жалықпастан еңбектенудің арқасында ауласын бау-бақшамен жайнатып отырған үлгілі отбасылардың бірі.

Алтын қолды ақсақал

Лақалы ауылындағы көркейту-көгалдандыру жұмыстарына аяқ су тапшылығына қарамастан Алтынбек Жұбаниязовтың да отбасы өзінің елеулі үлесін қосып келеді. Ұзақ жыл денсаулық саласында қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ақсақал ауласында немерелерімен бірге жайқалған жасыл желектің саясын қызықтап отырады.
Өз үйінің маңын көгалдандыруды зейнетке шыққаннан кейін қолға алған азамат бау-бақша, жасыл желектің денсаулыққа тигізер пайдасы мол екенін тілге тиек етті. Үлкендіктен кей кезде басы ауырып, балтыры сыздағанда өз маңдай терімен отырғызған бау-бақшасының арам шөбін жұлып, суарып, көңілі бөлінеді екен. Содан кейін ауырғанын ұмытып кететінін де айтып қалды.
– Аулаға ағаш отырғызуды алғаш рет 1995 жылы, ал бақша дақылдарын егуді бертін келе 2009 жылы қолға алдым. Соның нәтижесінде шарбақта көгеріп-көктеп тұрған 200-ге тарта талдар бар. Оған тағы өрік, жүзім, алма, шие, шабдалы, қара өрік сияқты жеміс ағаштарын қосыңыз. Негізі мұндай жұмыстарды зейнеткерлікке шықпай тұрып бастауға болатын. Алайда аяқсудың жоқтығы қол байлау болған соң кейінірек бастадық. Бүгінгі күні суды 400 метр жерге жуық жерден электр насос арқылы тартамыз, – дейді бақшаны аралап жүріп.
Алтынбек ақсақал да жаздыгүні бау-бақша дақылдарын сатып алмайтындардың қатарынан екен. Себебі, көктем басталғаннан ауладағы аядай ғана жерді аударып, қарықтайды. Содан соң арнайылап тегістелген жерге қызанақ, қияр, болгар бұрышы, жуа сияқты бақша дақылдарының тұқымын себеді. Күтімі жақсы болғандықтан көкөністер жыл сайын мол өнім береді. Одан кейін немерелер ертерек қауыннан ауыз тисін деп бес-алты ұяға оның да тұқымдарын тастайды екен.
Жасы сексенге таяп қалған Алтынбек ақсақалдың қимылы ширақ. Әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын ол Тасарық ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы.

Серікболдың саялы ағаштары

Лақалы ауылында алғаш ат басын бұрған жеріміз өткен жылы ғана жаңа заманауи ғимаратқа көшкен №93 мектеп болды. Күз болса да білім ордасының төңірегіндегі жайқала өскен қызылды-жасылды гүлдер мен көгеріп тұрған көшеттер біздің көзімізге ерекше көрінді.
Мектеп директоры Серікбол Сансызбаев алдымен “Зетулла” бағындағы берекелі жұмыстармен таныстырды. Бақтың Зетулла атымен аталу тарихын қысқаша айта кетсек, Ұлы Отан соғысына қатысқан Зетулла Қалиев өмірінің соңына дейін мектепте химия, биология пәнінен шәкірттерге сабақ берген. Ардагер ұстаз осы жерге 1961 жылы 19 түп қаратал отырғызады. Кейіннен мектеп ұжымы Зетулла ағамыздың бастамасын одан әрі жалғастырып, нәтижесінде бұл маңай жайқалған жасыл желекке оранған.
Бүгінгі таңда бақта 400 түп қаратал мен 11 түп бұқар жейдесі, 15 түп шие, 11 түп өрік ағашы өсіп тұр. Жасыл желекті төрт түлік таптап, отап кетпесін деп мектеп ұжымы өз күштерімен шеңгелмен айналдыра қоршап қойған. Ағаштар аяқсу мәселесі шешілмегендіктен ауыл маңындағы көл табанынан электр насосы арқылы суарылады. Оған мектептің төрт техникалық қызметкері арнайы бөлінген. Түске дейін Әділбек Рысмаханов пен Темірбек Махатов, ал түстен кейін Өмірбек Махашов пен Құлпыбай Байділдаев талдарды суарып, арам шөптерден арылтады.
Сондай-ақ, осы сапарда көне мектеп жанындағы жайқалған жасыл желекті де көрдік. Мұның бәрі қажырлы еңбектің арқасында шығып тұрғаны анық. Себебі, шіліңгір шілденің аптап ыстығында су болмаса талдардың өспейтіні белгілі. Аяқсудың жайын сұрағанымызда Серікбол Сансызбаев мұның мән-жайын былайша түсіндірді.
– Расында біздің ауыл үшін ең басты проблеманың бірі аяқсу мәселесі. Алайда, оған қарап отырған біз жоқ. Өзіміз қолдан мектеп ауласынан құдық қазып алып, бұл мәселені ойдағыдай шешіп отырмыз. Құдық бір толғанда 2 тоннадай су жиналады. Бір-екі сағаттың ішінде таусылған су аз ғана уақыттың ішінде қайта толады. Осындай әрекетіміз арқылы жаз бойы ағаштарға нәр беріп, өсіп-жетілуіне жағдай жасаймыз, – дейді ырза кейіппен.
“Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 2000 түп ағаш” акциясы аясында егілген саялы ағаштарды аралап жүріп, ел ағаларының отырғызған көшеттерін көзіміз шалды. Бұл күндері кісі бойынан асып, әжептәуір өсіп қалған. Жақындап барып қарағанымызда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, сол шақтағы аудан әкімі Бахыт Жаханов, Социалистік Еңбек Ері Кәрібоз Әлимаев және тағы басқа бірқатар азаматтардың есімдері жазылған тақтайшаларды көрдік.
Білім ордасының басшысы Серікбол Сансызбаевтың сырттай өте еңбекқор жан екенін еститінбіз. Оны мектеп ауласындағы өскен ағаштардан бір байқасақ, дәм-тұз бұйырып үйіне жол түскенде тағы да көз жеткіздік.
Ауладағы сарайлардың жинақы орналасуы, олардың әдемі өрнектеліп қоршалғаны, шарбақтың біркелкі бол­уы Сәкеңнің еңбекқорлығымен қатар, тиянақтылығын да көрсетсе керек. Бақшадағы шығыстық үлгіде самалжайды (беседка) салудағы шеберлігін де сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ал, Сәкеңнің бақшаға ауданымыздағы алғашқылардың бірі болып тамшылатып суару әдісін қолданғанын біреу білсе, біреу білмес. Ол үйіргесіне айналдыра егілген талдардың түбіне су жүретін түтікшені айналдыра көміп, қажетті жерін ғана тескен. Нәтижесінде таптырмайтын аяқсу бірнеше есе үнемделеді.
Серікбол Сансызбаевтың ауласында жүзге тарта қараталдан бөлек, бұқар жейдесі, жүзім, шие, қара өрік, сары өрік, глидичия өсіп тұр. Бақша дақылдарынан қияр мен қызанақ егіп, жаз бойы пайдаланады.

P.S. Табиғатты аялаумен бірге дастарқан молшы­лығын жасаған еңбекқор жандардың осындай үлгілі істері көңілімізден шықты.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ

23 қазан 2018 ж. 2 457 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930