Еңбегі өнімді, көңілі сенімді
Бір-бірімен бой жарыстыра өскен жеміс ағаштарының арасына еніп кетсеңіз, қоңыр салқын леп есіп, шілденің шіліңгір ыстығында жанға жайлылық сыйлайды. Қағазға сызғандай қатарласа тізілген арықтар бойымен су сылдырлап ағып жатыр. Тас төбеден төнген күн шекені қыздырып барады. Алайда Төребай аға дамыл табар емес. Нағыз еңбек осы кісінікі. Таң азанмен үй іргесіндегі бау-бақшасын баптауға шығатын бағбанның бағында жемістің түр-түрі бар. Көрген көз сүйсінеді. Жасыл алқаптағы көкөністерді жиыстырып жүрген Төребай ағаның көңілі тоқ. Өнімдеріне қарап, еңбегінің еш кетпегендігіне іштей риза.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы Қазалы ауданында 2015 жылдан бері бірнеше тұрғын шағын несие алып, құс өсіруге, мал шаруашылығын дамытуға, бау-бақшалар егуге қаржы жұмсады. Солардың бірі – бекарыстанбилік бағбан Төребай Қожақов. Ол агробизнесті зейнеткерлікке шыққаннан кейін бастаған. Бүгінде ақсақалдың ауласында жеміс ағашы мен көкөністердің сан түрі жайқала өсіп тұр.
Бізге бау-бақшасын аралатып көрсеткен еңбекқор жан кіре берістегі көкке бой соза өсіп тұрған екі түп ағашты ерекше таныстырды. Бұл грек жаңғағы екен. Осыдан он жыл бұрын Түркістан қаласынан көшетін әкеліп отырғызған, жалықпай, күтім жасау арқылы жерсіндіріп, жемісін бірнеше жылдан бері жеп келеді. Биыл да түйнек сала бастаған. Одан кейін бақты жағалай егілген шие, сары, қара өрік, алма, алмұрт ағаштары жайқалып, көз тартады. Көкөністер егілген атыздардың жөні бір бөлек. Онда қызылша, қызанақ, қияр, жуа, аскөк егіліп, жер идірген жанның бақылауына алынған.
Кәсіпкер «ЭкоДаму» бағдарламасымен 1 миллион теңге алып, 2000 көшет сатып әкелді. Осылайша бірнеше жыл бойы төгілген тер мен еткен еңбек кәсіпкерлікке ұласты. Қазір Төребай Қожақұлы ауласындағы жеміс-жидектер мен көкөністердің барлығының көшеті мен жемісін аудан орталығына әкеліп сатады. Кейде ауыл тұрғындарына тегін үлестіріп, күтіп-баптаудың жолдарын айтып, жанашырлық көрсетеді.
«Қазір бау-бақшаның алаңы 11 соттық. Мұнда жеміс ағаштарының сан түрі өседі. Үш- төрт жылдың ішінде жаңа көшеттер алғашқы жемісін береді. Қуаң жерлерден де жақсы өнім алуға болады. Мұндай бақшаны өсіру – үлкен еңбек. Көптеген замандастарым бақша егумен айналысады, дегенмен жақсы өнім ала алмай жатады. Мен арнайы бау-бақша өсірудің әдіс-тәсілдері жазылған кітаптарды іздеп жүріп, көп оқимын және ақпараттарға құлақ түремін. Мәселен, қашан суару керек, қалай артық бұтақтарды кесу керек екендігін кітапқа сүйене отырып істеймін. Бүгінде бұл жөнінде біраз тәжірибе жинадым», – дейді кәсіпкер.
Әр жылдары тепловоз машинисі, таркторшы, күрішші, қойма меңгерушісі болған Төребай Қожақов еңбектен ешқашан қашқан емес. Балалары мен немерелеріне дейін бау-бақшаның күтімін жақсы біледі. «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген бағбанның алда жоспары көп. Бау-бақшасының көлемін бұдан әрі кеңейтіп, жеміс түрлерін көбейте түсуді ниет етіп отыр.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА