Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаң көңілді әке

Алаң көңілді әке

Қаладан алыс орналасқан шағын ауылдың тірлігі таусылған ба? Адамдарына таңның атысынан ымырт үйірілгенше бір тыным болсайшы. Ауылдың үлкендерін айтпағанда жастар жағы да шаруашылық саласынан тыс өз бетінше өмір сүруге үйреніп қалған сыңайлы. Ауыл шетіне орналасқан азғантай үйдің балалары да өзі құралпы балалармен бірге ойнап азамат атанды. Солардың бірі – Сүйкімді еді.
Ауыл мұғалімі Мұнардың екі баласынан кейінгі кенжесі болатын. ЕКі ағасына арқа сүйеген еркелігін де ешкім көрмеді. Бала күннен анасына қолқабыс ете жүріп, әкесіне дегенде көңілі алабөтен еді. Мұнар ағаның да кенже қызына дегенде бауыр еті бұрып тұратыны рас. Өйткені, өзге үйдің балаларынан байқалып қалатын өрескел қылықтар қанша бауырға тартқанымен, Сәт пен Сапарға тете өскен Сүйкімдіден байқалмайтын.
Мектепті жақсы бағаға бітірген Сүйкімді алыс қалада жатып оқитын ағайындары болмағандықтан жоғары білімді де сырттай оқып алғанды жөн көрді. Сөйтіп униветситеттің студенті атанып, үшінші курсты да аяқтағанды. Ол жұрт қарапайым санап жүрген мұғалімдік мамандықты қалады. Оған да себеп әкесі Мұнардың мұғалімдік жұмысына деген сүйіспеншіліктен туындаса керек. Әсіресе, қызы Сүйкімдінің бала күннен қоятын әртүрлі сұрақтарына дұрыс жауабын тапқанша асығатын да әкесі еді. Осылайша отбасының күнделікті шат-шадыман тірліктері жалғасып жатты.
Бірде жұмыс жайымен қалаға кеткен Мұнар ертесіне қайтып оралғанда үй жанындағы жеңіл машинаны көрді. Қаперінде ештеңе жоқ, ол аулаға енгенде алдынан жүгіріп шығып, маңдайын тосатын Сүйкімді де көріне қоймады. Кіріп-шығып жүрген келіндері де көңілдері жұбау, салқын түрде сәлем берді. Күзгі ызғар біртүрлі денесін қарып өткендей болды. Есіктен ене бере байқағаны, осы ауылдың күнделікті аралас-құралас , қалжыңы жарасқан "ауыл ағасы" атанған басқа рудың адамдары екен. Дастарқанда Мұнардың өзінің алдына салып, ақыл сұрар ауылдағы "ақсақалдары" да емен-жарқын әғгіме тиегін ағытыпты. Әйелі Үмітте де үн жоқ.
Аздаған аман-саулықтан соң "ақсақал" ағасы Алпысбай:
– Мұнаржан, өзің де байқап отырған шығарсың, ауылдағы ағаларың балалардың "себебімен" үйге ат басын тіреудің реті кеп қапты. Яғни, жаңа құдаларың болады. Сенің сүйікті қызың
– Сүйкімді өз теңін тауыпты, қатар баласы, ауыл арасы... дегендей, өзіңді азанғы автобуспен келіп қалар деп күтіп отырғанбыз, жақсы келдің, – деді.
Келген құдалар жағының үлкені де қазақтың "кешірім жолы жайлы әдемі де, қонымды әңгімелерін айтып жатты.
– Ақыл айтар ағаларым өздеріне аманаттап жатса қайтеміз, баламның бой жетіп қалғанын байқамаппын да, оған ылғи да бала деп қараппын. "Ұлдың жөні басқа ғой шаңыраққа ие болады, ал ұзатылған қыз – ұядан ұшып кеткен қыз секілді көрінеді екен, ойлап отырсам, – деп мұңайған-ды Мұнар аға...
Көктемнің жаймашуақ күні. Бірде мектептегі жиналысқа бара жатқан Мұнар жол бойындағы бұлақ басынан өз кенжесі – Сүйкімдіні көзі шалды. Әлі "сәлем беру" рәсімін жасай қоймағандарына ыңғайсыздық танытқан "кенжесі де" көрер көзге қатты қиналған, қысылған сыңайлы. Бұлақ басындағы сырт көзден сыналып, арбалып қалғандай еді. Су толы қос шелегін иығына салған күйі ілгері басқан қадамы кейін кетіп, қозғала алсайшы. Көзі көріп тұрған әкесіне қалай қарамасын. Жүзін көлегейлеп қарап қояды. Осы сәт Мұнар ағаның басқан қадамы ширай түсіп, баласының жанына қалай барғанын баймаған да шығар. Құшақтай алған қызының маңдайынан мейірлене сүйіп жатыр. Қос жанарындағы жасты да жасыра алмады. Ұзақты күнге іздеп, алаң боп жүрген қызына деген көңілі енді ғана басылғандай...
Қазыбай САНИЯЗОВ
23 наурыз 2024 ж. 1 218 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031