Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдың адамдары-ай...

Ауылдың адамдары-ай...

Күні кеше әкем бір жерге баратын болып, үйдің кілтін амалсыз көршіміздікіне тастап кетіпті. Жұмыстан келген мен шынымды айтсам сол үйдің есігін қағып біраз тұрып қалдым. Кешқұрым уақытта біреудің есігін тарсылдатып қаға бергенде ынғайсыз екен. Тас қылып іліп алған. Әрең дегенде есігін аштырып, кілтімді алып үйіме кіргенмін. Күннің суығынан тоңып қалған екем, пештің түбінде біраз жылынып отырып ойға кеттім.
Қала дегенің осындай бола ма сонда? Аманттап кеткен затыңды алуға да есігін аша қоймайды.
Шіркін ауылда қандай рахат. Есіме еріксіз мына көріністер оралды. Менің ауылымда ұзын көшенің екі жақ бойын жағалай орналасқан үйлер қаз-қатар тізілген, бір-біріне тып-тығыз. Тіпті жақындығы сонша бір үйдің шарбағынан келесі үйге кіріп кететін кіп-кішкентай есіктер бар. Бұл әсіресе біздің үйге қарама-қарсы бетте орналақан үйлерде жиі кездеседі. «Өзіне ғана тиесілі шарбақтың жан-жағынан есік шығарып, адамдардың арлы-берлі өтуіне неменеге жағдай жасап қойған?» деп жақтырмайтынмын. Шіркін ол адамның көңілінің кеңдігі екен ғой. Үйдегілер Сәдуақас ағаның не болмаса, Серік ағаның үйіне жұмсай қалса, не әдет екенін білмеймін Жайық ағаның үйіне баратынмын. Шаруам оларға қатысты болмаса да сол үй арқылы аталған екі үйге кіремін. Ол үйдегілерге еркелегенім соншалық «Мына үйге кіргізіп жіберіңізші» деймін. Өзім барсам біреу жеп қоярдай. Сонда Ұлдай апа ерінбей өзі ертіп апарады. Болмаса «Әй, Жайық апарсаңшы» деп құдды бір екеуіне бекітілген жауапты жұмыстарындай айтатын. Келесі көшеге өту үшін мен ешқашан көшенің басынан жүрген емеспін. (Ол жақта не бар Жайық ағаның үйінің ортасымен өтіп кетемін ғой). Мен ауылды қатты сағындым. Сағынуыма түрткі болған қаланың қатал адамдары ма, әлде баладай елпілдеп, ешкімге қабақ шытып қарамайтын Ұлдай анамның мейірімді жүзі ме екен?
Басқаларды қайдам, біздің ауыл үшін наурыз мейрамы ерекше тойланады. Ұлыстың ұлы күні ауылдың қақ ортасында орналасқан екі қабатты еңселі мәдениет үйінің алдына киіз үй қаз-қатар тігіліп, алтыбақан қойылады. Ауыл тұрғындары көше-көшеге бөлініп, түрлі сайыстарда өнерлерін ортаға салады. Білекті жігіттер арқан тартып, гір көтеріп, аударыспақта бақ сынаса, бойжеткендер бимен кештің көркін қыздыратын. Мәре-сәре жүгірген жас балалар асық атып әлек. Қайнаған қазандар, кең дастархан ауыл халқының көңіліндей дархан еді. Бұл күні ауыл аспанын күмбірлген күй, әсем ән тербейтін. Талай талантты түлеткен Қызылжардың киелі топырағында әу демейтіндер аз еді. Таң атысымен бастау алған мерекелік салтанат кешқұрым әзер тарқайды.
Ауылда ұзын көшенің бойын жағалай орын тепкен үйлер бірігіп, наурыз тойын жасаушы еді. Наурыз көже пісіріліп, сүр ет қазанға салынады. Көрші-көлем әдемі әзіл, қазақы қалжыңмен қауқылдасып, дәм-тұздан ауыз тиіп, келер жылдың құт-береке ала келеріне мол сенім артады. Бата қайырылып, ақжарма тілектер айтылады. Біздер, балалар өз өнерімізді ортаға салып, «сыйымызды» аламыз. Бұл концертке ерекше дайындалатынымыз сонша, бір емес, бірнеше тақпақ айтамын деп таласушы едік.
Кейде ауыл адамдарынікі секілді ауызбіршілік пен кеңпейіл көңілді қалалықтардан кезіктіре алмай қынжылып қаламын. Әй, бірақ адамды қаланікі, даланікі деп бөлетін заман әлдеееее қайда келмеске кетті-ау. Қайда жүрсең де, қандай адамдарға кезіксең де есіңнен ешқашан кетпейтін ерекше жандардың есімі жүрек төрінде мәңгі сақталады екен.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА



13 ақпан 2024 ж. 195 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031