Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аппақ апа

Аппақ апа

Оның шын есімі Ұлжан болса да ауылдағылардың бәрі оны «Аппақ» дейді. Кейінгі жастар тіпті, оның азан шақырып қойған атын білмейді де, олар үшін Аппақ апа, Аппақ апай. Шынында да ол Жаратқанның мына бұйыртқан ғұмырында Аппақ атына сай тек ақ жолмен келеді. Оның отбасына адалдығын, жұмысына тазалығын, еңбекқорлығын, бауырларына, балаларына деген қамқорлығын, туған ауылына деген сүйіспеншілігін айтқан үстіне айта түссем ғой дейсің.
Ол көп балалы үйдің тұңғышы болды. Әкесі Кәдірмахан Ысқақов кеңшардың егіндік-шабындық өсіру жағын басқарып, ауыл шаруашылығын дамытуға лайықты үлесін қосты. Кейін Сарбұлақ фермасының шаруашылық меңгерушілігін қолға алды. Ауылдың өркендеуіне айтарлықтай атсалыс­ты. Анасы Меруерт те қарапайым еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген жан еді. Аяқ астынан болған жол апаты қырық жасқа енді ғана толған ананың өмірін үзіп кетті, бірер жылдан соң Кәдірмахан әке де бақилық болды. Тұрмыс тауқыметіне шыдар еді, жүрек талмасына қайран жоқ екен. Сонадайдан көргенде алып Алпамыстай алшаң басып келе жататын кең жүректі, аңқылдаған ақ көңілді асыл жан ердің жасы елудің үстіне енді шыққан сәтінде кете барды. Жеті бірдей шиттей бала-шаға жәутіңдеп Аппақ апаларына қарап қалды. Апа деймін-ау, сол кезде ол он жеті жаста ғана екен, орта мектепті енді бітіріп жатқан кезі. Өзінен басқаның бәрі ер балалар еді. Бейімбет, Болат, Марат, Талғат, Қайрат, Нұрғиса, Бақытжан аталатын сары балапандай бірінен-бірі аумайтын інілері үшін Аппақ апалары алда тұрған қандай ауыртпалыққа да тас-түйін болып шыдауға бекінді. Нұрғиса мен Бақытжан егіз әрі тым кішкентай болатын. Сол екеуі есік ашылған сайын «мама, папа» деп сыртқа ұмтылғанда Аппақ апалары жанын қоярға жер таппайтын. Ауылда жалақысы түзу қандай жұмыс болсын? Бірақ бауырларының қасында болуы үшін қалайда ауылда қалу керек деп шешті ол. Жас­тайынан зерек, әдеби кітаптарды көбірек оқитын ол кітапханашы болуды ойлады.
Ескі клуб ішіндегі кітапхананы Ибагүл апасынан қабылдап алған Аппақ кітапханашылықпен қатар, ауылдағы мектеп пен интернаттың отымен кіріп, күлімен шығатын қара жұмысының бәрін істеді. 1991 жылы Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің «Кітапхана ісі» бөліміне түсіп кітапханашылық куәлігін алды. Қиындықты нәзік мойнымен, Аппақ атымен көтерді. Күндер өтіп, айлар жылжып, көкөрімдердің қанаты қатая бастады. Қазіргі таңда бауырларының барлығы бір-бір үй болып, ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Ақ жүректі Аппақ апаларын інілері мен келіндері де ерекше құрмет тұтады. Бауырларын бауырға басып жүріп, ол өзі де тұрмыс құруды ойлады. Бұралаңы көп өмірдің қай жеріне түсерін кім білген, бірер жыл адам басына бермейтін қиындықты да көрді, бірақ алдынан Ерғали атты нағыз ер жолықты. Ерғали Сарбұлақ ауылындағы Көптілеу Қарымсақов деген нағыз еңбекқор, қатардағы қарапайым жұмысымен елге танылған, жаны жайсаң азаматтың тұңғышы еді. Ерғали Ұлжанның – Аппақ жарының да, оның бауырларының да жанынан дер кезінде табыла білді. Ерғали мерзімдік әскери қызметін өтеу кезінде Ауғанстандағы соғысты көрген ауылдағы жалғыз интернационалист-жауынгер. Елдің бәрі Ерғалиды Ерлан деп атап кеткен. «Мен соғысты көрдім, мен ауған соғысының ардагерімін» деп айтқанын естімеген ауылдың қазіргі жастары оның мұндай қияметтен өткенін білмейді де. Бар ғұмырын туған ауылы мен отбасына арнап келе жатқан бұл күндері елдің құрметіне бөленген азаматы, ауылдың қадірменді ағаларының бірі.
Ерғалиға Аппақ та нағыз адал жар болды, өздерінің де ұл-қыздары дүниеге келді. Осындай жарасымды отбасынан өрбіген балаларының барлығы жоғары білімді, тәрбиелі, әдепті. Азамат, Ләззат, Бағым, Ұлмекен, Бақдәулет атты ұл-қыздарының бірі дәрігер болса, бірі экономист, бірі информатика мұғалімі. Сарбұлақ ауылындағы №78 орта мектеп тарихында тұңғыш «Алтын белгі» иегері атанған да осы Ерғали мен Ұлжанның қызы Бағым болатын. Бағым жоғары оқу орнын да жақсы бітіріп, қазір магистратурада оқып жатыр.
Mіне, отбасында осындай ұлағатты ана Ұлжан Қарымсақова қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Көп жылдар бойы №88 сайлау учаскесінің хатшысы қызметін қоса атқарып келе жатқан ол ел игілігі жолындағы ізгі істердің қай-қайсысынан да шет қалған емес. Жыл басы Наурыз мерекесінен бастап, барлық айтулы күндердің ұйымдастырушысы қатарында жүретін Ұлжан Кәдірмаханқызы бұл шаралардың барлығын өзінің кітапханашылық қызметімен тығыз байланыстыра өткізеді.
Ауылдағы әйелдер кеңесімен бірлесе қыз-келіншектерге арналған түрлі мәдени шаралары қашан да қазақы дәстүрге, имандылыққа, ибалыққа тәрбиелеуге шақырады. Бұған «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!», «Абысын тату болса» атты келіндер мен абысындар сыны, «Қыз еркем, жеңгесімен көркем» атты жеңгелер мен қайынсіңлілер арасындағы жарыс, сондай-ақ «Анам менің – мейірімнің Меккесі», «Ақ жаулығың қасиетің, құдіретім бас иетін» атты аналар ұлағатына арналған сыйластық пен жарысымдылықты насихаттайтын игі шаралар куә.
Ұлжан Қарымсақованың бастамасымен қолға алынған тағы бір игілікті іс – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін ұлықтау жолындағы ауыл саябағы ішінен ашылған естелік тақтаның орнатылуы. Ұлы Жеңіс жауынгерлері Әбдіқадыр Адаев, Бердәлі Алдажаров, Махамбетқайыр Дәріқожаев, Ысти Елдезеров, Әбдіраш Оспанов, Бердеш Дос­болов, Жетпіс Төлегенов, Мұса Сайынов, Серікбай Мыңжасаров, Тәтенбай Орманов, Қасым Қаражанов, Мырзалы Рахметов, Пішән Ысқақовтың есімдері жазылған ерлік ескерткіші енді рухани жігер беретін қасиетті орын болмақ. Жылдар жылжып өткен сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп барады. Қазір ауылда көзі тірі зұлмат соғысқа қатысушы болмаса да, олардың ұрпақтарының, туған-туысқандарының естеліктерінен жиналған құнды деректерді ауылдағы жалғыз кітапханадан табасыз. Әрине, ауылдан көшіп кеткендері бар, жаңадан қосылғандары бар дегендей, соғыс ардагері туралы мәліметтерді табу оңай емес. Оның үстіне, соғысқа алынып, іс-түссіз хабарсыз кеткендерді дерек іздеудің де жалғаса беретіні анық. Осындай жауапты жұмыстар дегенде тыным таппайтын Ұлжан Кәдірмаханқызы қолға алған қандай шаруа болса да аяғына дейін жеткізуге тырысады.
Ұлжан Қарымсақова жақында тағы бір игі шараны қолға алды. Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында ауыл әкімшілігінің қолдауымен «Туған жерге тағзым» атты шараға байланысты жұмыстарды ауыл тұрғындары қызу қолдады. Туған жер перзенттерінің елге сіңірген еңбектерін дәріптеу мақсатында, ауыл саябағы ішінен еңбек ардагерлеріне арналған тақталар орнатыла бастады.
Өткен жылы да ауыл тұрғындары үшін есте қаларлық жыл болды. Ұлжан Кәдірмаханқызының бастамасымен ауыл әкімшілігі мен тұрғындар ауылдың құрылғанына 70 жыл толуына орай «Құт қонып, бақ дарыған Сарбұлағым» атты мерейтойлық шара өткізді. «Қарты бар елдің қазынасы бар» дегендей, мерейтой үстінде үлкендердің ауыл жайлы естеліктері тыңдалып, ғибраты мол игі шаралар ұйымдастырылды. Өткендерге арналып ас берілді, тай жарысы өтті, ауылдың өнерпаздары күшімен мерекелік концерт қойылды.
Сарбұлақ ауылы кішкентай ауыл болғанымен жүзден астам әулет тұратын, тірлігі мен бірлігі жарасқан ауыл. Туған жерден түлеп ұшқан, абыройлы еңбектерімен елге танылған перзенттері – қашан да ауыл мақтаныштары. Солардың бірі де бірегейі – жазушы Сейітқұл Оспанов. Үнемі ізденісте жүретін Ұлжан Қарымсақова танымал жазушы С.Оспановтың 60 жасқа толуына орай «Туған жер ұмытпайды дарынын» атты еске алу кешін өткізді. Енді жазушының есімін өзі оқыған Сарбұлақ ауылындағы №78 орта мектепке беру мәселесі ауыл әкімшілігі мен тұрғындары тарапынан да қолдау тапты.
Қазалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры И.Назарова Сарбұлақ ауылының кітапханашысы Ұлжан Қарымсақова туралы былай дейді: «Ұлжан Кәдірмаханқызын әріптес ретінде жақсы білемін. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілікті жете сезінетін, адамгершілігі мол, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибелі маманымыз. Ауылдың, жастардың болашағы үшін жасап жатқан игі істері көңіл қуантады».
Ел үшін еткен еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Ұлжан Қарымсақова – ауылдағы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған санаулы жанның бірі. Сондай-ақ аудан әкімінің, мәдениет бөлімінің алғыс хаттары, Орталық кітапханалар жүйесінің басшылығы тарапынан берілген 1-дәрежелі «Ауылдың үздік кітапханашысы» дип­ломы да Ұлжан Кәдірмаханқызының жемісті еңбегін дәлелдей түседі.
Иә, отбасында үлгілі ана, қоғамдық істе іскер ұйымдастырушы, өз қызметінде білгір маман, жастар үшін, ауыл үшін Аппақ апа – Ұлжан Қарымсақова осындай жан.
Көрген сайын жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын апамды мен де жақсы көремін. Бір сөзбен айтқанда, Аппақ десе, аппақ-ау, Аппақ апам!

Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
Астана.

04 қыркүйек 2018 ж. 2 507 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930