Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Креативті индустрия – келешек игілігі

Креативті индустрия – келешек игілігі

Бүгінде әлем елдері зияткерлік, инновация және шығармашылыққа негізделген экономиканы дамытуға назар аударуда. Бұған барынша басым­дық та бере бастады. Креативті индустрия барша мемлекеттерде экономиканың қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі саналады.
Креативті индустрия – бұл әртүрлі шығар­машылық және мәдени салаларды: өнер, дизайн, медиа, ойын-сауық, сән, архитектура, музыка, кино, теледидар, жарнама және тағы басқасын қамтитын экономика бөлімі. Ол шығармашылық өнімдерді, қызметтерді және контентті жасаумен, өндірумен және таратумен байланысты көптеген кәсіби қызметті біріктіреді.
Креативті индустрия жұмысы олардың шығармашылық қабілеттері мен машықтарына негізделген және жаңашыл идеяларды жүзеге асыруға ұмтылған адамдарды біріктіреді. Ол мәдениет, идеялар, инновациялар мен экспрес­сиялардың дамуына әсер ете, мәдени экономикада маңызды рөл атқарады. Оған қоса бұл сала – жұмыспен қамту мен экономикалық өсудің айтарлықтай көзі.
Креативті индустрия көп жағдайда заманауи технологиялар мен цифрлік құрал­дардың қолданысымен байланысты. Бұл шығар­машы­лықтың шегін кеңейтіп, өзара әрекет пен коммуникация үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды. Ол инновациялардың дамуына, қоғамның визуалды және эстетикалық дамуы­на ықпал етеді. Негізінде креативті индус­трия – қоғамның мәдени және экономикалық өмірінде маңызды рөл атқаратын, қарқынды және алуан түрлі сектор.
Қазіргі жаһандану дәуірінде көптеген адам креативті индустрияны жаңа экономикалық дамуға бастайтын қадам ретінде көреді. Алайда әзірге шығармашылық салалардың жалпыға бірдей қабылданған анықтамасы жоқ. Әлемде алғаш рет 2000 жылдары креативті индустрия жайлы айтыла бастады. Тиісінше, осы кезеңге дейін экономиканың бұл секторы қилы даму сатысынан өтіп келеді. Яғни адамның тікелей зияткерлік қызметімен байланысты сала.
Тарихи деректерде «креативті индустрия» ұғымы алғаш рет Ұлыбританияда пайда болған. 1998 жылы бұл елдің Мәдениет, БАҚ және спорт департаменті оны «зияткерлік меншікті қалыптастыру және пайдалану есебінен қосымша жұмыс орындарын құруға ықпал ететін шеберлік пен талантқа негізделген қызмет түрі» деп таныды.
2004 жылы БҰҰ-ның сауда және даму жөніндегі конференциясы өнер, мәдениет, бизнес және технологияларды тоғыстырған экономика секторын – «креативті индустрия» деп атады. Ол пайымға сәйкес, мұнда негізгі пайда шығармашылық немесе интеллектуалдық әлеуетті пайдаланып шығарылатын тауарлар мен қызметтер саудасынан түседі.
Жалпы «креативті экономика» деген ұғымды кеңірек 2001 жылы БҰҰ-ның креативті экономика жөніндегі консультациялық кеңе­сінің мүшесі және «Креа­тивті экономика» еңбегінің ав­торы Джон Хокинс енгізген. Оның тұ­жырымы бо­йынша бұл – тек білім мен талантқа негізделген әрі интеллектуалды қызметпен байланысты экономика секторы. Ал оның негізгі валютасы – идея.
Креативті индустрияны дамытуда тәжірибесі озық елдер бар. Осын­дай дамыған елдер ондаған жылдар бо­йы креативті индустрияны қалып­тас­тыруға баса назар аударып келеді. Бүгінде бұл сала жылына шамамен 2,3 триллон доллар табады. Креативті индустрияның жаһандық экспорты 250 миллиард долларға тең. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар қатары үнемі өсіп келеді және олардың саны қазірде 29,5 миллион адамға жетті. Болжам бойынша креативті индустрия алдағы жылдары жаһандық жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын алады.
Жаһандық инновациялық индекске сәйкес, биыл креативті экономика бо­йынша 132 елдің ішінде Швейцария, Швеция, АҚШ, Ұлыбритания және Сингапур көш бастады. Ал Швейцария қатарынан 13-ші рет әлемнің ең инновациялық экономикасы деп танылды. Былтыр Швеция АҚШ-ты артқа тастап, екінші орынға көтерілді. Сингапур үздіктердің бестігіне еніп, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Тынық мұхиты маңайындағы елдердің экономикалары арасында жетекші орынға ие болды.
Қазіргі зерттеушілер креативті индустрияны америкалық, сканди­на­виялық және шығыс-азиялық модельге бөліп қарастырады. 2006 жылдан бастап, АҚШ негізінен креативті индустрияға жататын дизайнерлік, баспа және аудиовизуалды өнімдердің ірі экспорттаушысы саналады. Бұл аталған елдің басты стратегиясы ретінде айқындалған. АҚШ-та креативті және мәдени салаларды дамытудың бірыңғай федералды саясаты жоқ. Оған қарамастан, осы сала аясында 2019 жылы 30 миллионнан астам жұмыс орны құрылды.
Скандинавия елдеріндегі (Швеция, Дания, Финляндия) креативті индустрия саясаты швед моделі негізіндегі әлеуметтік мемлекет тұжырымдамасы шеңберінде қалыптасты. Бұл тәсіл кәсіпкерлікте креативті дағдыларды практикада қолдануға үйрететін кәсіптік білім беру жүйесіне, мәде­ниет пен өнер саласына гранттық қолдауды арттыруға, инновация мен шығармашылыққа бағытталатын ин­вестицияны ұлғайтуға ынталанды­рады. Қалалық даму саясаты ретінде бас­талған Оңтүстік Корея, Жапония және Қытайдың креативті индус­триясы шығармашылыққа ар­налған инфрақұрылымды жасақ­тауға емес, жаңа постиндустриалды техно­логиялық шешімдердің инновациялық ілгерілеуіне көп көңіл бөледі.
Сарапшылардың айтуынша, креативті экономиканы дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау болу қажет. Креативті индустрияның даму қарқыны дәстүрлі өнеркәсіпке немесе өзге салаларға қарағанда едәуір жоғары. Мәселен, экономикалық құлдырау кезінің өзінде әлемдік креативті сектордың кө­лемі 14%-ға өсті. Оған аталған саладағы табиғи кедергілердің жоқтығы ықпал етіп отыр. Өнімді жасау көп материалдық шығынды қажет ет­пейді және оны барлық жерде және ешқандай шектеусіз тұтынуға болады.
Креативті эко­номикада өркен­де­ген елдердің тә­жі­рибесінде бастапқы ке­зеңде идеяны шындыққа айналдыру жолында мемлекеттің қол­дауы ма­ңызды. Мұны Оңтүстік Корея креа­тивті индустрияның пайдасы мен әсерін толық түсіне бас­тады. Бұл елде 2009-2017 жылдар аралығында арнайы құрылған KOCCA креативті контент үкіметтік агенттігі жұмыс істеді. Оның қызметі аталған салаға серпіліс жасап, халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік ашты. Мұның бәрі «K-pop» немесе «корей толқынынан» басталды. Оңтүстік Кореяның сән үлгісіне, сериалдарына, компьютерлік ойындарына және басқа да мультимедиялық өнімдеріне деген қызығушылық жаһандық субмәдениетке айналды. Енді осы мемлекеттің имиджін жақсартып қана қоймай, корей бюджетіне орасан зор қаражат әкеліп отыр. Корей креативті индустриясы тауарларының жыл сайынғы экспорты шамамен 6 млрд долларға бағаланады.
Аталған елдерде заңнамалық тұрғыдан салық­тық преференция, жоғары технологиялық техникаға кедендік бажды төмендету, зияткерлік меншікті қорғау және шетелде тауар белгілерін тіркеуге жәрдемдесу, елге ірі халықаралық көрмелерді тарту сияқты мемлекет тарапынан көмек көрсетілді.
Қазақстанда «Креативті индус­трияға»» жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі жасалмақ. Осы санаттағы кәсіпкерлерге арнал­ған критерийлер анықталып, «Креативті экономиканы» дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында креативті индустрия – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық технологиялар саласын қамтитын және жұмыспен қамтуға ықпал ететін экономика секторы ретінде айқындалған.
Қазіргі уақытта креативті индустрия мәселелері «Мәдениет туралы» ҚР Заңымен және 2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасымен реттеледі. Сала өкілдерімен бірлесіп, инфрақұрылымды, қолдауға бағыт­талған арнайы қор құру және креативті индустриямен жұмыста мемлекеттік мүлікті пайдалану жөніндегі тетіктер талқылануда. Заңнамалық көмек шеңберінде «Мәдениет туралы», «Білім туралы», «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңдарға толықтырулар енгізу жоспарланған.
Дегенмен көршіміз өз ағайындар креативті индустрияға білек сыбана кірісуде. Өйткені кейінгі жылдары стартаптар мен бизнес жоба­ларды қолдау Өзбекстандағы ре­фор­­малардың өзегіне айналды. Ел көш­басшысы Шавкат Мирзиёев өз жолдауында қазіргі заман жаңа шығар­машылық көзқарас пен жаңа идеялар негізінде салаларды дамытуды талап ететінін ескерді.
Креативті индустрия 16-29 жас аралығын­дағылар үшін көптеген жұмыс орынын құруға сеп болып отыр. Бұл – 60% халқы 30 жасқа дейінгі Өзбекстан үшін экономиканың ең перспективалы саласы саналады.
Ал Қазақстанда «Креативті экономика» ұғымы жақында пайда болды. Өзге елдер мұны пандемиядан кейінгі экономиканы түлетудің тетігі деп отыр. Тіпті 2020-2021 жылдары әлемдік экономиканың осы секторындағы өсім 15 пайызға жеткен. Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі 2021 жылды «Халықаралық креативті экономика жылы» деп жариялады. Әлемде 30 миллионға жуық адам экономиканың осы секторында табыс тауып жүр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
17 ақпан 2024 ж. 234 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031