Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Киберспорт: қам мен қауқар

Киберспорт: қам мен қауқар

Компьютер дегеннің біздің ауылға енді келген кезі. Ағаммен жағаласа отырып сол кездегі «хит» болған «Counter Strike 1.6» ойынын жарысып ойнаймыз. Серверге кіріп, жаңа адамдармен араласамыз. Екі топқа бөлініп сайыс ұйымдастырамыз. Күні-түні ұйықтамай, ақыры сабақтан да кешеуілдеу байқалды. Ойынның адамды қызықтырып, өзіне тартатыны психикалық ауытқуға әкеледі екен. Дер кезінде компьютерден бас тартып, жан-жағыма қарай бастадым. Көз жанарым - «минусқа» кеткені болмаса, ойыннан опа таппадым. Ал қазір ше? Бәріне ермек көрінген сол ойындар бүгінде «киберспорт» атауын алып, елдегі спорт қатарына енді.
«Тетрис» ойыны есіңізде ме? Сол бір құрылғы құдды ғажайыптай еді. Пернесін тақылдата ойнап, талай бала сол тетриске таласып өсті. Одан соң «Денди», «Сега» дегендер шықты. Әр ауылда көрші балалар жиналып алып «Мортал Комбаттың» қыр-сырын талқылайтын еді ғой. Бертін келе «СS 1.6», «Дота», «Warface» деген ойындар хит болды. Хит болғанда да әр аймақтан жиналған жасөспірімдер серверге кіріп, түрлі сайыс ұйымдастыратын. Қазір бәрі қалды дейміз. Бірақ олай емес. Кезінде босқа уақыт өткізген ойындар бүгінде ақша көзіне айналған. Киберспорттың бізге келгеніне де көп болған жоқ. Дегенмен түрлі сайыс ұйымдастырылып, қазақ ойыншылары шетелден көрініп жүр. Орын алған әр командаға, жеке ойыншыға қаржылай сыйлық беріледі.
Саусақ ойыны ермек емес
Киберспорт – компьютер ойындары арқылы өткізілетін топтық жарыс түрі. Оның тарихы 1997 жылы CPL-ның (The Cyberathlete Professional League) құрылуынан және Quake атты компьютер ойынынан турнир өткізуінен бастау алды. Жастар арасында кеңінен танылған «Dota 2», «Counter Strike GO», «Star Craft», «FIFA», «Mortal Kombat X», «Warface» секілді ойындар бүгінде киберспортта ойнатылады. Бұл ойын дүниежүзінде қарқынды дамып келе жатқан спорт түріне жатады. Ресей, Корея, Қытай секілді мемлекеттерде киберспортсмендерді оқытып шығаратын кафедралар ашылған. Мұнда студенттерді қабылдап, ойынға машықтандырады. Біздікілер де озық технологиядан қалыс қалмауда. Киберспорт жанашырларының құрған «Qazaq Cybersport Federation» республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан қолдау мен ықыласқа бөленген болатын. Қазақстанда бұл спорт түрі ресмиленіп, талай жас компьютер додасында топ жарып жүр. Мәселен, тарихта алғаш рет қазақ командасы жаһандық киберспорт ойындарында жеңіске жетті. Қазақ еліне жеңіс әкелген ақырғы жекпе-жектің трансляциясын ғаламтор бойынша бүкіл әлемнің әр атырабынан бір мезгілде 1 миллион 864 мың 604 көрермен тамашалаған екен.
Қазақстандық Counter Strike ойыншылары тұңғыш рет әлемдегі беделді әрі «ежелгі» турнир «PGL Major Krakow» чемпионатының жеңімпаздары атанды. Бұл ретте, жаһандық жекпе-жекті дүниежүзіне таратқан HLTV шетелдік порталы мэйджордың ең құнды ойыншысы деп «AdreN» лақап атымен танылған Дәурен Қыстаубаевты таныды. Отандық Gambit Esports командасы финалда бразилиялық жаһанға танымал Immortals («өлмейтіндер») ұжымын 2:1 есебімен ұтып, 500 мың доллар көлеміндегі бас жүлдені қанжығалады. Сондай-ақ, Халықаралық олимпиада комитеті киберспортты олимпиадалық спорт түрі ретінде тану мәселесін қарауға алған. Сарапшылардың мәліметі бойынша, Киберспорт нарығының алғашқы айналымы 655 миллион доллар болған, ал алдағы уақыттағы айналым 1,6 миллиард доллардан асады деген үміт бар.
Киберспорт немесе e-sport – аға буын өкілдерінен гөрі жастар қауымына жете таныс ұғым. Аты айтып тұрғандай, жарысқа негізделген, бірақ дәстүрлі спорттық сайыстар емес, виртуалды бәсеке. Әлем бойынша компьютер пайда болғалы виртуалды ойындармен таныс емес жеткіншек кемде-кем.
Отандық сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда дарынды ойыншылар көп. Тіпті өз елімізден бөлек шетелдік танымал топтардың құрамында ойнап жүрген көрінеді. Мысалы, Counter-Strike: Global Offensive дисциплинасы бойынша қазақстандық Avangar тобы әлемдік рейтингте үздік ондыққа кіреді, қазір 7-орында тұр. Сондай-ақ аталған топ Германияда өткен «StarLadder Berlin Major 2019» жарысының гранд-финалында екінші орын иеленіп, 150 мың АҚШ доллары көлемінде жүлде алды. Осы саланың қазанында қайнап жүргендер бірауыздан елімізде киберспорт бар және болашағынан үміт күттіретін ойыншылар да жетерлік екенін айтады. Esportsearnings сайтының мәліметіне сенсек, қазақстандық ойыншылардың жалпы табысы 2 миллион долларды құраған, бұл көрсеткішпен Қазақстан әлемде 40-орында тұр. Ал АҚШ ойыншылары 131 миллион доллар табыспен көш бастап келеді. Айта кету керек, Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстан ойыншылары киберспорттан үздік нәтиже көрсетіп келеді. Аталған рейтингте Қырғыз елінің ойыншылары 366 мың доллар табыспен 65-орынға тұрақтаған.
Сарапшылар е-sport жаһандық цифрлы экономиканың бір бөлігіне айналғанын айтуда. Дегенмен қаржыландыру жағына келгенде киберспорт федерациясы мемлекет қаражатына қол жаймайтынын айтады. Федерацияның даму жөніндегі директорының айтуынша, бірлестік демеушілердің есебінен турнирлер өткізіп, шаралар ұйымдастырады екен. Жалпы Қазақстандағы финалдық ойын ұйымдастыруға атсалысқандар қатарында «Самұрық-Қазына», «Қазақтелеком» секілді ірі компаниялар бар екен. Дегенмен дәл осы саланың жаһандық үлгіге сай нарықтық жүйеге әкелсек болмай ма? Демеу қажет, қолдау керек. Бірақ ойыннан опық жемейміз бе дейтіндер көбеймесе, азаймақ емес.

Виртуалды спорт қайда апарады?
Телміре компьютерге жабысқан балаға қараңызшы. Мойны күжірейіп, белі бүкірейген. Бір орыннан азаннан кешке дейін тапжылмайды. Құлақта құлаққап. Қабақ қатулы, өзі ашулы. Кедергі келтіргенді «жеп» қоярдай отыр. Оның әлемі басқа. Құдда сол соғыс алаңына кіріп кеткендей. Өзіне шаң жуытпайды. Уақыт өтуде. Миы ойыннан өзгені қабылдамайды. Ойы да тек сол ойында. Күндікке қозғалып жатқаны сол, екі қолындағы саусақтары ғана. Осындайда бір оқиға еске түседі. Бірнеше жыл бұрын мектеп оқушысының видеосы тарады ғой. Анасы компьютерді тоқтан ағытса болды, баласы қырғын-төбелес шығарады. Психикалық ауытқуы бар адамдай жер-көкке сыймайды. Одан кейін компьютерлік клубта 2-3 күн қатарынан тапжылмастай ойын ішіне кіріп кеткен жігіт қаза тапты. Айта берсең көп-ақ. Осындай шырғалаңы бар дүниенің шешімін көбі спорт түріне ауыстыруды жөн санапты. Әрине, өзге елдегідей жаһандану бізге керек. Тек кері пайдаланып, өзімізге жат дүниені енгізіп алмадық па деген ой мазалайды. Үлкендердің тілімен «еріккеннің ермегі». Алайда сол ермекті көрмекке келетіндердің саны күн санап артып жатқаны, сұраныстың бар екенін білдіреді. Бізде бұл спорт түрі әлі шыңына жетпеді. Дамымай жатыр. Әйтпегенде атжарысқа ақша тігетін секілді бұл ойынға да «фанат» болатын деңгей келмеді.
Бір қызығы, киберспорт жарыстарының демеушілері әдетте жас аудиторияға өз өнімін жарнамалағысы келетін әлемдік брендтер. Олардың ішінде бәріміз білетін BMW, Honda, Nissan, Kia Motors, Nike, Puma, Adidas, Coca Cola, Pepsi, Intel, Microsoft, Adidas, Disney Marvel секілді алпауыттар бар. Виртуалды спорт түріне қызығушылық демеушілер, көрермендер мен ойыншылар тарапынан артпаса, азаймайтын секілді. Елордада өткен жарысты көруге өз еркімен ұзын-сонар кезекте тұрып, бір күнін осы мерекеге арнап келген мектеп жасындағы балалардың көптігін көріп таңғалғандар аз болмады.
Болашақ бар ма?
Виртуалды ойын индустриясы өзге қызығушылықтар сияқты емес. Едәуір үлкен сала дейді сарапшылар. Әрине, телефон былай тұрсын, компьютерге телмірген баласын көру қай ата-анаға болмасын оңай емес. Оның орнына баласының спорт мектебіне, ән, күй, би үйірмесіне барғанын қалайды. Пәндік үйірмелер болса тіпті қуанады. Бұл мәселе елде киберспорт спорт болып бекітілмес бұрын зерттелген. Өйткені мұндай атыс-шабыс баланың психикасына әсер етеді деген мәселе көтерілді. Десе де бұл ойды теріске шығарып, ойында төбелесу балаларды шын өмірде қатыгез болуға итермелейтіні туралы теорияның шындыққа жанаспайтынын даулағандар көп болды. Осылайша бұл тартыс нақты айғақтың жоқтығынан біржақты шешімге келе алмады.
Қоғамда жаңа технологияға күмәнмен қарайтын тағы бір топ компьютерлік ойындардың бала денсаулығына зиян екенін айтып, жас ұрпақты одан алшақ ұстау керегін ескертеді. Мониторға тапжылмай қарап отырудың көру қабілеті үшін пайдалы емес екенін барлық киберспортшылар да мойындайды. Алматылық мектеп оқушысы, StarCraftII дисциплинасы бойынша еліміздің үздік ойыншыларының бірі Антон Рудь көру қабілетінің нашар болуынан бұл спорт түрімен ұзақ айналыспауы мүмкін екенін айтқан. Оның үстіне «Qazaq Cybersport Federation» бірлестігінің даму жөніндегі директоры Бауыржан Садиевтің айтуынша, кез келген спорт түрі адам денсаулығы үшін зиян. Дәстүрлі спортта жарақат алу мүмкіндігі электронды спорт түрімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін алға ­тартады.
Қазір қоғамда электронды спорт әлі де салмақты мамандық ретінде қабылданбайды. Өйткені осы саланы таңдаған баланың болашағы не болады? Ата-ананың пікіріне салсақ, киберспорттың ертеңі бұлыңғыр. Ал баланың ойы тек ойында. Артық физикалық күш алмайды. Сабақ деп миына салмақ салмайды. Егер кәсіби ойыншының мансабы 25-30 жаста аяқталатынын ескерсек, орда бұзар жаста әрі қарай немен айналысатыны белгісіз болуы әбден мүмкін. Барлық кәсіби спортшы киберспортты болашақ мамандығы деп қарастырмайтынын айта кеткен жөн. Әр адамда хобби болса, бұл да сол кей спортшылардың қызығушылығы.
Қазақ интернет кеңістігінің қауіпсіздігін бұрынғы киберспортшылар қамтамасыз етуде. Елде киберспорт және ақпараттық қауіпсіздіктің дамуы мен қалыптасуы қатар жүріп жатыр. Қазақстандағы алғашқы кәсіби ойыншылар бүгінде «Мемлекеттік техникалық қызметтің» сапында жұмыс істейді екен. Олардың бозбала кездегі қызығушылығы өмірлік миссияларына айналды, қазір еліміздің цифрлы шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жас киберспортшылардың арасында да осы жолды таңдайтындар бар екені әбден мүмкін.

Түйін тарқатып көрейік
Киберспорт – жас буынды өз алаңына топтастырған, жыл санап дамып келе жатқан, коммерциялық әлеуеті жоғары индустрия. Елдің дарынды ойыншылары осы спорт түрінен жетістіктерге жетіп, әлемдік аренада биіктерді бағындырып келеді. Бұл елде ұйымдастырылып жүрген Орталық Азия елдерінің арасындағы WESG бәсекелі тартысында тағы бір дәлелдеді. Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Қырғызстаннан келген топтар халықаралық жарыстың Малайзияда өтетін Азиялық іріктеу кезеңіне жолдамаға таласқаны бар. Нәтижесінде бірқатар дисциплина бойынша қазақстандық қатысушылар жеңіске жетті. Жастардың бос уақытын тиімді жұмсайтын бұл қызығушылығы әрине қуантады. Жат ағымға ілікпей, қос білекпен төбелес қумай, жаман әдеттен ада болса құба құп.
Киберспорттың елде сала ретінде өз биігіне шығар күні алыс емес. Дегенмен коммерциялық жоба үшін бастысы Қазақстанда демеушілер саны көбейіп, елдің цифрлы экономикасына қосатын үлесі артса деген ой біздікі.
Қазір не көп? Қалада болсын, ауылда болсын компьютерлік клубтар, яғни PS4 орталығы, новигаторлар көп. Ал оған келген жастардың саны шексіз. Демалыста уақытын ойынмен өткізгісі келетіндерге мұнда 24 сағат бойы есік ашық. Иә, қалауын тапса, киберспортты кәсіпке, бизнес көзіне айналдыруға да болады. Енді компьютерлік ойындарға еліккен балалардың «кумирі» де табылды. Тек әлгіндегідей өз өміріне зиянын тигізіп алмаса болғаны.
Айнұр ӘЛИ

03 ақпан 2024 ж. 235 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031