Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір кем дүние

Бір кем дүние

Сертификат сатамын. Әлеуметтік желіден осы екі ауыз сөзді көзі шалғанда Әнел алғашында тосылып қалды. «Сатқаны несі. Бұл не өзі? Қазір сатылмайтын дүние қалмады-ау, сірә...» деп күбірледі.Хабарландыру кәдімгідей қызықтырып қойды. Жұмыста жоқ, оқу бітіргелі қашан? Ақыры бос отырған Әнел жай-жапсарын білмекке көрсетілген нөмірге Whatsapp желісі арқылы жазды.
– Сәлеметсіз бе? Сертификат жайын білейін деп едім?
– Иә, сізге қайсысы керек?
– Қайсысы болғанда, қандайын сатып жатсыздар?
– Біздікі, «Бастау-бизнес» ғой. Мемлекеттен кәсіп ашам деп ақша алу үшін.
– Еее, жақсы екен. Оқуды сіз жүргізесіз бе? – деп Әнел қуанып кетті. «Іздегенге – сұраған деген» осы шығар. Бірнеше жыл болды, үйде бос. Жұмыссыз ретінде тізімге тіркеліп қойған. Алайда әзірге бұны шақырып, «сіздің мамандыққа сұраныс түсті» деген қуанышты хабар келген жоқ.
– Оқу жүрмейді, – деді телефон тұтқасындағы әйел адамның дауысы.
– Сонда қалай?
– Ақшасын төлесеңіз болды. Сертификат қолыңызда.
– Қызық екен, – Әнел ойланып қалды. Кәсіпкерлік негіздерін оқымаған соң, қыр-сырына қанықпағаннан кейін қалай бизнес бастауға тәуекел етеді? Бизнеске білім мен іскерлік қажет-ақ. Бұған дейін сағыз да сатып көрмеген адам. Бұл қалай болар екен? Санада сан сұрақ, көкейде күдік басым. Кенет:
– Әпке, не істейсіз? Алатын болдыңыз ба?
– Мен соны білмей тұрмын.
– Әпке, көп ойланбаңыз. Алып алыңыз, жыл аяғы болған соң жеңілдік жасап жатырмын. 5500-ге келісейік қалай сізге? – сертификат сатушы құдды бір базарда бәтеңке саудалап тұрғандай сөйледі.
Іле-шала:
– Әпке, бізде бизнес жоспар да бар. Бәрі дайын, бәрі бұрын соңды қорғалып, қаржы алып жүрген жұмыстар. Оның бағасы сертификаттан жоғарылау. Алам десеңіз, қазір-ақ жіберемін, – деді асығыс.
Әнел бір қолында сертификаты, бір қолында бизнес жоспары бар өзін елестетті. Құдды осы екі қағазы болса, кез келген кәсіпті дөңгелетіп әкететіндей сезімде. Қиялына ерік беріп:
– Аламын, – деді.
Сонымен екі күнде бір парақ сертификат пен кітап секілді қалың бірнеше беттен тұратын бизнес жоспар қолға тиді. Комиссиядан өтетін күнді тағатсыздана күтіп жүр. Бизнес жоспары бойынша мал басын көбейтпек ниетті. Шынтуайтына келгенде бала болып, ешкі айдап көрмепті.
Құдай берейін десе, күн талғамайды-ау. Көптің қолы жетпей жүрген миллион теңге Әнелге бұйырыпты. Ойда-жоқта миллионер атанған жас қыз бес ешкіні әкеліп, қорасына жайғастырды. Енді не істесе болады? Сатып алған сертификатына бір, бизнес жоспарына екі қарады. Алайда ары қарай алып кетуге қабілеті жетпеді. Құлқы да аз еді. Тіпті, мал басын көбейту дегеннің өзіне жайыз емес екендігін шын ұқты.
Оңай олжалы болған Әнел қолда барды ұқсата алмады. Ал күн-түн демей, кәсіп ашсам, оны өркендетсем деп жанталаса білім алған тағы бір жанның тауы шағылды. Бір кем дүние...
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
07 қаңтар 2023 ж. 321 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930