Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейірім керек балаға

Мейірім керек балаға

Балабақша – ұрпақ тәрбиесінің кепілі. Бірақ соңғы кезде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына деген ата-аналардың айтар сыны көп. Оған кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде кеңінен таралып жатқан тәрбиешілердің балаларға көрсетіп жатқан өктемдігі себеп. Әлеужеліде жарияланған ашық кадрлардың кімді де болмасын алаңдатпай қоймайтыны анық. Ата-аналардың наразылығын түсінуге әбден болады. Дегенмен қоғамда көрініс тауып жатқан мұндай жайттардың жиілеуіне не себеп? Салдары кімге қалай әсер етуде? Олай болса, осы сауалдар төңірегінде ой қаузап көрелік.
Расымен, балабақшадағы зорлық-зомбылық фактілері орын алған оқиғалар ақпарат алаңында желдей есіп жүр. Әлеужеліні парақтай қалсаңыз, мұндай жантүршігерлік бейнежазбаны жағаңды ұстамай қарау мүмкін емес. Қоғамды қоздыратын мұндай жағдайлардың орын алуына не себеп? Алдымен соған тоқталсақ. Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, балабақшадағы зорлық-зомбылық фактілерінің артуына біздегі заңның осалдығы себеп болуы мүмкін. Себебі күні бүгінге дейін балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық мәселесі әлі де өз шешімін таппай келеді. Соның салдары да осындай жағдайлардың жиілеуіне тікелей әсер етуде.
Иә, заңның әлсіздігі себеп болуы мүмкін дедік. Дегенмен жіптің екі ұшы бар емес пе? Жәбірленуші тараптың да кейде әлсіздік танытып, бәріне көз жұма қарай салуы да осындай дүниелердің одан әрі жалғасуына түрткі болып жатқандай. Кешірім сұрағанның қателігін оңай кешіре салып, арыздарын қайтару арқылы балаға күш көрсеткен адамның тағы да сол істі қайталауына өздері жол ашып жатқандығын көбісі түсіне де бермейді. Бірақ бәріне бірдей күйе жағуға тағы болмайды. Себебі кейде тәрбиешілер мұндай әрекетке еріксіз барады дейді психолог мамандар. Олардың айтуынша, кейде бір топтағы балалардың саны белгіленген мөлшерден тым көп болса, олардың бәріне бірдей қарауға мүмкіншілік болмайды. Оның үстіне қазіргі балалардың белсенділігіне де төтеп беру мүмкін емес. Бұл тәрбиешінің психологиясына ауыр. Сондықтан олар кейде балаға өз дегенін түсіндіру мүмкін болмағанда қол жұмсауға мәжбүр, – дейді мамандар.
Солай-ақ болсын, бірақ ештеңенің мәнін ұғынып болмайтын балақайларды таяқтап, бұғанасын сындыру қаншалықты орынды? Егер осындай қиыншылықтарға қарсы тұра алмайтын болса, онда бұл салада неге қызмет етеді және мұндай мамандарды білім беру мекемелері неге қабылдайды деген заңды сауал туындайды. Бірақ бұл да біржақты қарауға болмайтын дүние секілді. Себебі мамандарды қабылдау кезінде оның бар болмысы көрінбейді ғой. Олардың мұндай жағымсыз әрекеттерге түрлі факторлар әсер етуі де мүмкін. Сондықтан білім беру ордаларын да кінәлауға негіз жоқ. Осы орайда Қазалы ауданы бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жауапты маманға хабарласып, өңірдегі балабақшаның жайын сұрауды да ұмыт қалдырмадық. Айтуынша, аудандағы бөбекжайларда баланы ұрып-соғуға қатысты деректер тіркелмеген. Бұл жаңалыққа іштей қуанып та қалдық. Бұл аудандық білім беру мекемелерінің жүйелі жұмысының нәтижесі болса керек.
– Жалпы ауданда 19 мемлекеттік, 12 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемелері жұмыс жасайды. Онда жас аралығына қарай 1-2 жасқа дейінгі топта 10-ға дейін, 2-3 жас аралығында 20-ға дейін, ал 3-5 жас аралығында 25-ке дейін бала тәрбиеленіп жатыр. Білім беру ордаларына қабылданатын мамандар «Enbek.kz» сайтына жарияланған бос жұмыс орны арқылы жұмысқа шақырылады. Арнайы байқаудан өтіп, біліктілігі мен білімділігі сыналған соң барып, жұмысқа қабылданады. Бүгінге дейін аудандағы балабақшаларда жоғарыда аталған жағдай бойынша мәселелер орын алған емес. Басқа өңірлерде болып жатқан жайттардан үнемі сабақ алуға, мұндай жағдайлардың біздің мекемелерде болмауын жиі назарда ұстаймыз. Арнайы зерделеу жұмыстарын да ұйымдастырып тұрамыз. Ал ата-аналар тарапынан қандай да бір шағым түсе қалса, дереу мәселенің мән-жайын анықтап, дұрыс шара қолдануға баса мән береміз, – дейді Қазалы ауданы бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының әдіскері Лаура Махамашова.
Аудандағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына ата-аналардың анау айтқандай шағымы жоққа ұқсайды. Дегенмен олардың қорқынышы да жоқ емес. Себебі өзге өңірлерде болып жатқан оқиғалардың бізде де көрініс таппасына ешкім кепіл бола алмайды. Себебі адам эмоциясын үнемі қалыпты ұстап тұруы мүмкін емес. Ал адам өз-өзін үнемі басқара алатындай, барлық ситуацияда өзін қалыпты ұстайтын жағдайда болуы үшін педаогог мамандар психологиялық тест тапсыруды, ситуациялық жағдайларда өзін қалай алып шыға алатындығын үнемі назарға алу қажет секілді. Мұны психолог маман да құптайды.
– Баламен жұмыс өте күрделі процесс. Олармен қарым-қатынаста түрлі эмоциялардың болатындығы заңдылылық. Десе де балабақшадағы педагог мамандардың жиі психологиялық тест тапсырып тұруын орынды деп есептеймін. Себебі адамның көңіл-күйі барлық уақытта бірдей болуы мүмкін емес. Сондай-ақ мұндай орындарда жұмыс жасайтын мамандардың темпарамент типіне де назар аудару керек секілді. Бұл да баламен қатынас кезінде үлкен рөл атқарады, – дейді психолог Әсемгүл Жанаева.
Иә, балалармен жұмыс анау айтқандай оңай шаруа емес. Бірақ бұл баланың бір шалалығы үшін қол жұмсауға себеп болмауы керек. Ел ертеңіне айналар еркелерге тәлім беруде зәбір мен зұлымдыққа бой алдырсақ, ұрпақ тәрбиесінде үлкен қателікке жол береріміз анық. Олай болмасын десек, бала болашағына бей-жай қарамай, оларды қанатымыздың астына алып, мейірімге бөлейік.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
04 маусым 2023 ж. 574 0

Сыр спортының серпіні

28 қараша 2024 ж. 36

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930