Тәтті түтіннің кесапаты
Бүгінде электронды темекі жастардың ермегіне айналды. Олар тәтті түтіннің дәміне елітіп, өздерінің денсаулығына зиян келтіріп жатқандығын еш сезбейді де. Ертеңінен үміт күттіретін еркелеріміздің үлкендерге еліктеп, есіріп жүргені кімді де болмасын алаңдатпай қоймайды. Олай болса, әлеуметті әбігерге салып, жас ұрпақты ақылынан адастырып жүрген электронды шылым турасында әңгіме өрбітіп көрелік.
Иә, соңғы жылдары кәдімгі темекінің орнына вейп, яғни электронды темекіні тұтынатындар көбейген. Олардың дені жастар. Бұл өнімді көпшілігі кәдуілгі шылымға қарағанда зиянсыз деп таниды. Ал шындығында олай емес. Мамандардың айтуынша, электронды темекі біз білетін әдеттегі темекіге қарағанда денсаулыққа өте қауіпті саналады. Тіпті адам ағзасында түрлі ауыр ауруларды тудыратын көрінеді. Оның құрамында кездесетін никотин, хош иісті дәмі бар басқа да химиялық заттар адам ағзасына айтарлықтай әсер етеді. Сондай-ақ өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларын иммунитеті әлсіретеді. Тіпті бұл өнім орталық жүйке жүйесіне теріс әсер етіп, темекі шегушілердің тәуелділігін тудырады.
Алғашында жай әуесқойлыққа балап, кейін түбегейлі тәуелді болып кетіп жатқан жастарымыз темекіден келетін қауіптің қандай екенін жақсы біледі. Соған қарамастан олар бұған неге сонша құмар деген ойдың санада қылаң беретіні жасырын емес. Бұл сұрақтың жауабын іздеп психолог маманның пікіріне құлақ түріп көрдік.
–Иә, бүгінде ересектерге еліктеп шылым шегетін жастар жиілеп барады. Жалпы мұндай жат қылықтарға әуестік жасөспірімдік кезеңде жиі орын алады. Ал бұл кезеңде жастардың үлкендер секілді болуға асығатындығы бар. Сондықтан ересектер жасаған әдетті қайталауға дайын тұрады. Мұндай шақта балаларға шектен тыс қысым көрсетіп, қарсылық танытуға болмайды. Оларға барынша түсінікті тілде жеткізген дұрыс. Себебі балаға неғұрлым «шылым шекпе, жаманға жолама» деген сайын, олардың қызуғушылығын арттырып алуыңыз мүмкін. Сондықтан мұндай тақырыптарда саналы әңгіме өрбітіп, жағымсыз әдеттерден алдын алуға көбірек жұмыстанғаныңыз абзал, – дейді психолог маман Айнұр Бержанқызы.
Расымен замана жастары еліктеуге бейім. Өздерін өзгелердің алдында дәлелдегісі келіп, ерекшеленуге әзір тұрады. Бұл да қоғамның қазіргі көрінісі. Желідегі желөкпе жарнамалар, сәт сайын сәнге айналып жатқан түсініксіз трендтер кез келген жастың санасын уламай қоймайды. Осындай жамыраған жарнамалар әлбетте келешегімізге кесірін тигізіп жатыр. Оған ағаттыққа бой алдырғандар жастарымыздың денсаулығында кездесіп жатқан ақаулықтар дәлел. Олар аурулары асқынған кезде ғана үлкен ақымақтыққа жол бергендігін кеш аңғарып жатады. Салдарымен күресу керектігін кеш ұғынады.
Жалпы бұл әдет біздің қанымызға сіңіп кеткен. Не нәрсенің де «Болары болып, бояуы сіңген» кезде қозғаламыз. Ол оған дейін аяқ тартпаймыз. Қанша айтылып жатса да темекі тарту қоғамда қалыпты құбылысқа айналып барады. Оған жақында ғана қаржы министрлігі келтірген статистикалық мәліметтер дәлел. Онда көрсетілген ақпаратқа сенсек, елімізде вейп нарығы 300 есеге артқан. Соңғы екі жылда шетелден 10 миллион доллардың тауары ішкі нарыққа енгізілген. Соның салдарынан бүгінде электронлды темекіге әуес балалардың саны 1 миллионға жетіп отыр. Қорқынышты көрсеткіш десек те қоғамға қауіп төндіретін электронды темекі саудасына тосқауыл қоятын уақыт таяған сыңайлы. Бұл турасында жақында үкімет отырысында сөз болған-ды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау электронды шылымға түбегейлі тыйым салу керектігін сұрап, мәселе көтерді.
– Бұған дейінгі жылдардың деректерімен салыстырғанда вейп ұлдарда 3 есе, қыздарда екі есе вейпті қолдануда өсім болғандығы байқалған. 2022 жылғы жүргізілген деректердің нәтижесінде 2018 жылғы деректермен салыстырғанда одан да көп ұлдар мен қыздардың вейп тұтына бастаған. Оның ішінде өмір бойы қолдану – 3,6 процентке, соңғы 30 күнде тұтыну – 2,7 процентке өскен. Өсімнің екі есеге артуы 13-15 жас балаларда байқалған, – дейді мәжіліс депутаты өз сөзінде. Келтірілген деректердегі көрсеткіш жағаңды ұстатпай қоймайды. Дегенмен көтерілген мәселе төңірегінде тиісті шаралар ұзаққа созылмай қолға алынып, темекіге түбегейлі тыйым салынарына сенгіміз келеді.
Халқымызда «Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы» деген тәмсіл бар. Жастарымыздың болашағы бұлыңғыр болмасын десек, еліміздің ертеңін тәтті түтіннің кесапатынан сақтап, санасын сейілтуге бейіл болайық.
А. ЖҮСІПОВА