Қорғансыз балаға қамқор кім?
Бүгінде буыны бекіп, бұғанасы қатаймаған ұл-қыздарымыздың өміріне қауіп төндіріп, зорлық-зомбылық жасау фактілері жиі орын алуда. Қоғамда резонанс тудырып отырған осындай келеңсіз оқиғалардан соң, әрбір ата-ананың көңілінде үрей, жүрегінде қорқыныш ұялайтыны жасырын емес. «Баламды қалай қорғаймын?»,– деген ой үнемі маза бермей, баласы үшін әрбір сәт алаңдаулы болады. Себебі жасөспірімдердің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін түрлі сипаттағы жантүршігерлік оқиғалар күн санап жиілеп барады. Мұндай зорлық-зомбылық фактілерінің қоғамда жиі көрініс табуына, балаларға ата-аналар тарапынан түсіндірме жұмыстарының жеткілікті болмауы, телеарналардың рейтинг үшін жағымсыз ақпараттарды жарыса жариялауы, әлеуметтік желілердегі түрлі пабликтердің ақпаратты шектен тыс бөлісуі де ықпал етіп отыр. Тіпті, отбасында болатын ата-ана мен бала арасындағы кикілжің мен түсініспеушілік те жасөспірімдердің қаскөйлердің құрбанына айналуына әкеліп соқтыруда.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін не істемек керек? Ең алдымен әрбір ата-ана өзі өмірге әкелген баласының қауіпсіздігіне, бүгіні мен ертеңіне жауапты екендігін ұмытпауы қажет. Бүгінде балаларға қатысты орын алып жатқан қылмыстардың кейбірі ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы салдарынан туындап отырғандығын мойындау керек. Ал бұл үшін Қылмыстық кодекстің 119-бабы бойынша қатаң жаза қарастылғандығын бірі білсе, бірі білмейді. Сондықтан бала құқығын қорғағымыз келсе, өз міндеттеріміз бен құқықтарымызды да білгеніміз жөн.
Ең алдымен әрбір ата-ана баласына өмірде кездесетін кейбір жағдайларда ұстану қажет қарапайым ережелерді жастайынан түсіндірсе, баламен ата-ана ретінде ғана емес, дос ретінде сөйлесіп, ашық сырласа білсе, оның кейбір қиындықтан өздігінен шығуына септігін тигізер еді. Дегенмен ата-ана баланы 24/7 уақыт аралығында өз қадағалауында ұстай алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда психологтар: Балаңыздан «Маған ештеңе айтқың келмей ме? Сені ешкім ренжіткен жоқ па?» – деп жиі сұрап, онымен жақын және сенімді қарым-қатынас орнату қажеттігін айтады.
Сақтықты ойлаған кейбір ата-аналар балаларының жүріп-тұрған жерін бақылап отыру мақсатында «Zenly» қосымшасын ұялы телефондарын енгізіп жатады. Бұл баланың орналасқан мекен-жайын ғана көрсетуі мүмкін, бірақ нақты қауіптен сақтайды деп айта алмаймыз. Сондықтан ата-ананың қарауынан тыс уақытта бейтаныс ортада өзін ұстауын, өзіне жат адамдардармен тілдеспеуін ескерту керек. Тіпті, таныс адамдардың тарапынан ыңғайсыздық тудыратын өтініштерін орындамауға, болған жағдайлар туралы ата-анасына айтуды жадында сақтауы тиіс. Жанына тоқтаған бейтаныс көліктен мүмкіндігінше алыстап кетуді, қажет болған жағдайда дауыстап, көмек шақыруды, үйде жалғыз қалғанда бөгде адамды кіргізбеуді есіне салған жөн. Жоғарыда айтылған ескертпелер мен ережелер баланың есінде сақталып қалуы үшін үнемі қайталанып, тәжірибеден өткізіліп тұрса, белгілі бір өмірлік ситуацияда өзін-өзі құтқаруға септігін тигізген болар еді. Бұл айтқандарымызбен қылмыстың алдын түбегейлі алуға болады деп айтудан аулақпыз, дегенмен «сақтық та қорлық жоқ» деген сөзді қаперден шығармаған абзал.
Жас ұрпақты қорғаудың маңызды бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандарды қылмыстық-құқықтық қорғау. Балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылық қатаң түрде тоқтатылуы тиіс, бұған жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар үшін жауаптылық шараларын күшейту дәлел болып отыр. Бұл турасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сондықтан «Балалар жылын» тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту емес, балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деді өз жолдауында.
Өзекті мәселеге айналған зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу және оны түп тамырымен жою бағытында елімізде түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, кешенді жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр. Айта кетер болсақ, Президент тапсырмасымен балалар құқығын бұзғандарға қатысты жазалар да қатаңдатылды. Мысалы, Мемлекет басшысы 2019 жылы 27 желтоқсанда «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Ол жауапкершілікті күшейтеді. Енді бұл санаттағы қылмысты жасағандар 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал, кәмелетке толмаған балаға жыныстық қатысты сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы немесе баламасы ретінде өмір бойында бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Дәл осындай жаза балаларды өлтіру дерегі тіркелген жағдайда да қолданылады. Сондай-ақ педофилия деректерін хабарламау, жасыру және бұрмалау дерегі үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Бала – қоғамның басты құндылығы. Олай болса, бала құқы жиі тапталып жатқан қоғамда олардың балалық шағының ойран болуына ешқашан жол бермеуіміз керек. Керісінше, оларға қолдау көрсетіп, әрқашан қорған болайық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ