Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ сатирасына қамқорлық қажет!

Қазақ сатирасына қамқорлық қажет!

Қазақ әдебиетін сатирасыз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені әдебиетті сынмен түйреу арқылы, оны алға сүйрейтінімізді әсте естен шығармағанымыз абзал.
Сол секілді сатирасыз қоғам да дамымайды. Себебі қоғам мен адамды сын-сықақ пен әзіл-әжуа арқылы келеке етіп, келемеждеп, түркілеп отырмасаң, еркінсіп, есінеп, қалғып кетеді немесе ауруы асқынып, ажалы ерте жетеді. Кезінде хакім Абай да өлеңге қатысты өзінің сын-пікірлерін айтқан. Сондықтан сатира қоғам мен әдебиеттің дамуына қалтқысыз қызмет етеді деуге толық негіз бар.
– Сатирамен суреттелер құбылыс – керексіз, кесір құбылыс. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, қағып-сілкілейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді, – дейді академик Зейнолла Қабдолов. Бұл пікір біздің жоғарыда айтқан сөзімізді қолдап, қуаттай түседі.
«Күнің барда – күліп жүр» дейді атам қазақ. Біз күлкіден кенде қалған халық емеспіз. Әзіл-қалжың айтуға келгенде, біздің алдымызға түсетін ел жоқ. Әсіресе астарлап айтуға, мысқылдауға ұстамыз. Қамшы салдырмаймыз. Мәселен, нағашы мен жиен, жеңге мен қайны, құда бала мен құдаша, құрдастар мен құрбылар, әріптестер арасындағы әзілдерді алып қараңызшы, тұнып тұрған қалжың-қылжақ емес пе?! Сондықтан да «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деп кез келген адаммен еркін әзілдесеміз. Ойнап болса да ойымыздағыны айтамыз.
Қазақ – оттан да, шоқтан да, соттан да қорықпайтын халық. Бірақ елге күлкі болудан қатты қорқады. Оны өлімге теңейді. Қазақ сатирасының көрнекті өкілі Сейіт Кенжеахметовтың «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкі болу – өлім» дейтіні – содан.
2019 жылы «Егемен Қазақстан» газеті «Қалың қалай, қазақ сатирасы!» атты дөңгелек үстел өткізіпті. Оған қазақтың бір топ сатира сардарлары мен сарбаздарын шақырыпты. Сол жиында сықақшыларымыз «Қазір памфлет, эпиграмма, фельетон сынды жауынгер жанрлар жоқ» деп құрғақ шөппен ауыз сүртіпті. Қазақ баспасөзінде памфлет жанрының қара көрсетпей жүргені рас. Бірақ фельетон мен эпиграмма жоқ дегенге келісе алмаймын. 1999 жылы «Жас Алаш» газетінің «Біртүрлі бет», 2004 жылдан бастап, Астанаға көшіп кеткенге дейін «Айқын» газетінің «Жатыпатар» сатиралық қосымшасының редакторы болдым. Ара-арасында «Дала мен қала» газетінің «Қисық қоржын», «Айқап» газетінің «Қисық ине» атты беттерін жүргіздім. Сол басылымдардың бәрінде там-тұмдап болса да фельетон мен эпиграммалар жарық көріп тұрды. Алтайдан Атырауға дейін созылған ұлан-байтақ даламыздың барлық аймағынан тұрақты авторлар бар еді. Олардың еңбегін қалай жоққа шығаруға болады?!
2003 жылы «Ара» журналы жарыққа шықты. Кейін ол «Айқын» газетінің қосымшасы болды. Сонда журналдың да, қосымшаның да әрбір нөмірінде Көпен Әмірбектің, Мұхтар Шерімнің, Кемелбек Шаматаевтың, Үміт Зұлхарова және менің фельетондарым жиі жарияланатын. Мұны неге ұмытамыз?! Ал эпиграмма бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланып келеді. Менің бірнеше кітабыма эпиграмма және пародия жанрында жазылған шығармалар енгізілді. Дәл осы фельетон, эпиграмма, пародия жанрында қалам тербеп жүрген Александр Алхан, Күләш Керімбекқызы, Төреғали Тәшен, Кәдірбек Құныпияұлы, Асхат Қылышбек, Үміт Зұлхарова, Олжас Қасым тағы басқа авторларды неге ескермейміз?! Олар не, тоқалдан туып па? Осы жиында тағы бір сықақшы ағамыз: «Қазір газеттердегі беттер мен бұрыштар да жоғалып кетті. Бардың өзі лайықсыз» депті. Бұл да ұшқары пікір!
«Еге­мен Қазақстан» газетінде «Сөз сойыл», «Қазақ әдебиеті» га­­­­зетінде «Бұзаутіс», «Ай­қын­» газетінде «Ара.кz», «Ана тілі» газетінде «Оспанхана» атты сатиралық беттер, ал басқа аймақтық және аудандық басылым­дарда сатиралық мүйістер мен бұ­рыштар бар. Қазақ телеарналары мен ра­дио­ларын­да сатиралық бағдарламалар мен ойын-сауықтық отаулар баршылық. Бұған «Фейсбук», «Тик ток», «Ютуб» «Инстаграм», «Телеграм» секілді әлеуметтік же­лілердегі портал, сайт, канал, парақшаларды қо­сыңыз. Олардың тұрақты автор­ла­ры, озық ойлы оқырмандары, көзі қарақты көрермендері бар. Сондай-ақ жыл сайын мем­ле­кеттік тапсырыс және демеушілер арқылы һәм ав­тор­лардың жеке қаржысымен қанша­ма сатиралық жинақтар тасқа басылып жатыр. Олардың бірін көрсек, енді бірінен хабарсызбыз. Сонымен бірге елімізде жиырмаға жуық сатиралық театрлар мен әзіл-оспақ отау­лары бар. Олардың бірі ашылып, бірі жабылып жатады. Соның өзі қазақ сатирасының өсіп-өркендеуіне игі ықпалын тигізеді деп сенімді түрде айта аламыз. Айтпақшы, былтырдан бері Жамбыл облыстық телеарнасында «Қаламгер» атты әзіл-қалжыңға арналған бағдарлама ашылды. Бұл хабарды белгілі журналист Оралхан Дәуіт жүргізеді. Көрерменнің көзайымына айналған осы бағдарлама айына екі рет эфирге шығып тұрады.
Осы орайда 2019 жылы Арқалық қаласында сатира сардары Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» атты республикалық әзіл-сықақ театрларының фестивалі ашылғанын айта кеткеніміз абзал. Осы өнер мерекесі 2021 жылы Тобыл қаласында жалғасын тапты. Оған Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстарының әзіл-сықақ театрлары қатысты. Дәл осы сияқты «Айтқыштар – Ақтөбеде» атты әзіл-сықақ байқауы Нұрлыбек Жұбатқанның ұйымдастыруымен 2002 жылдан бері екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Бұл – жоғарыда айтылған ұшқары пікірге берілген нақты жауап.
Биылғы әдеби жыл қорытындысының өтетін жері мен уақыты және шыққан кітабын тапсыру керектігі туралы қазақ қаламгерлері толық құлақтанды. Соған қарамастан біздің қо­лымызға екі-ақ кітап тиді. Оның бірі – Үміт Зұлхарованың «Келеке керек пе?» деп аталатын кітабы. Ал екінші кітап «Анау-мынау» деп аталады. Авторы – Самат Слямғазин. Үміттің жинағына сатиралық әңгімелер мен сықақ өлеңдер, фельетон мен тұрмыстық пародиялар, мағынасы майысқан мақалдар мен жағымсыз жаңылтпаштар топтастырылған. Негізі, Үміт Зұлхарова – қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер. Ол кез келген жанрда кең де көсіле жазады. Тілі мен ойы – ұшқыр, қаламы – үшкір. Көтерген тақырыптары – өзекті. Тіпті туынды та­қырыбының өзі оқырманды оқу­ға шақырып тұрады. Қане, нақты мысалға жүгінейікші. Мысалы, «Жын» ұсынған жұмыс», «Өй, бетімен кеткендер!», «Мұрындар мұңы», «Тесік тамақ», «Министрдің мәселе есебі», «Сот қанша пайда тапты?», «Кадр алмасу ойыны», «Депутат отыр партада», «Жемқорлар жыры» тағы басқа. Міне, енді осы тақырыптағы туындыларды оқымай көріңіз?! Оған сабырыңыз жетпейді. Қалай оқып қойғаныңызды сезбей қаласыз.
Күндіз-түні бір тынбай,
Мәселе шешкен нақтылап.
Құмар едім өзіңе,
Келдім, міне, шапқылып.
Сынап тастап билікті,
Кейде ерлеп қаласың.
Ештеңеге килікпей,
Кейде «терлеп» қаласың.
Сенің келіп алдыңа,
Халық талай сын айтқан.
Билік келіп алдыңа
Сені талай мұңайтқан.
Айналайын, Парламент,
Бәзбіреуге арман ең.
«Үндемеген жөн-ау» деп,
Дау-жанжалға бармаң ең.
Жер сатылып жатқанда,
Жақ ашпаған Парламент.
Тілі үшін қайғырып,
Таласпаған Парламент.
Сен болмасаң маңдайым
Ашылмайды, Парламент.
Саған деген құмарым
Басылмайды, Парламент.

14 сәуір 2023 ж. 233 0

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 12

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 77

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 88

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 59

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 93

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 101

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031